06 жел, 2019 сағат 16:03

Мәслихаттар қазақтың ұлттық салтына негізделіп құрылған – Шалатай Мырзахметов

Мәслихаттар қазақтың ұлттық салтына негізделіп құрылған. Бұл туралы Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығына арналған республикалық конференцияда Түркістан облыстық мәслихатының ардагері Шалатай Мырзахметов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мәслихат деген сөзде терең ұғым жатыр. Қазақ бір ауыз сөзбен ел тағдырын, ер тағдырын шеше білген. Қандай бір кезең болғанда да, балалар уәжді сөзге тоқтаған. Ел тағдыры талқылануы керек болса, ер тағдыры таразыға түссе, бабалар міндетті түрде мәслихат құрған. Осыдан ширек ғасыр бұрын аса құрметті Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз жергілікті кеңестер орнынан жергілікті мәслихаттарды өмірге енгізгенде қазақтың ұлттық салтын ескерген болуы керек. Ұлттық рухтың көтерілуінің алғышарты ретінде ойластырған болса керек. Жергілікті мәслихаттың біздің мемлекетіміздің зайырлы, демократиялық негізде қалыптасуына қосатын үлесі орасан. Өйткені, ол - халық өкілдері. Ол жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін жақсы біледі. Не керек екенін дұрыс пайымдай алады және оны атқарушы билікке жеткізіп, бірлесе отырып, дұрыс шешім қабылдануына үлес қосады», - деді ол.

Ал Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Владимир Бубенко аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамды демократияландырудағы мәслихаттардың депутаттық корпусының рөлі жайында сөз қозғады.

«Бүгінде мәслихаттар биліктің бір тармағы болып қана қалыптасқан жоқ. Ол мемлекеттік негізгі органдардың біріне, демократиялы және құқықтық мемлекет құрудың басты институттарының біріне айналды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді дербес әрі зор жауапкершілікпен шешуге септігін тигізіп келеді», - деді ол.