17 қаң, 2020 сағат 19:23

Мәскеудегі «Шереметьево» әуежайында хабарландыру қазақ тілінде айтылады

Жұма күні «Шереметьево» Мәскеу халықаралық әуежайында «С-1» терминалының ресми ашылуы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«С-1» тек халықаралық рейстерге қызмет көрсететін болады. Алғашқыда мұнда «Аэрофлоттың» барлық рейстері ауыстырылады. Терминал жылына 20 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Оның ашылуымен әуежайдың өткізу мүмкіндігі жылына 80 миллион адамға дейін артады. 2024 жылдан кейін Шереметьевода терминалдың екінші кезеңі - «С-2»-нің құрылысын (жылына 10 млн жолаушы) бастау көзделген.

«С-1» терминалында жолаушыларды тіркейтін 84 орын бар. Биометриялық төлқұжаттардың иелерін азаматтың қатысуынсыз өткізетін автоматты паспорттық бақылау бекеті қарастырылған.

Сондай-ақ 2,5 мың машинаға арналған алты қабатты паркинг жұмыс істейді.

Ашылу салтанатында «Шереметьево» Халықаралық әуежайының» Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Пономаренко терминалдың құрылысына 32 млрд рубль (196 млрд 160 млн теңге) жұмсалғанын атап өтті.

Әуежайда Ақпараттық хабарландырудың автоматты жүйесі енгізілген. Мәселен, нысанның төрт терминалында (C, D, E және F) рейстің ұшу бағытына байланысты ақпарат орыс, ағылшын және қазақ тілдерінде айтылады. Онымен қоса, барлық дыбыстық хабарландырулар әуежайда орнатылған мониторингте жүгіртпе жолда көрсетіліп отырады.