18 қаз, 2018 сағат 15:29

Мәскеуде Ислам Каримовке ескерткіш орнатты

Мәскеуде қазанның 18-і күні Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовке орнатылған ескерткіш ашылды. Ескерткіш 15 қазанға қараған түні Мәскеудің орталық Якиманка муниципалдық округіндегі Каримов саябағында орнатылған.

Азаттықтың Орыс редакциясының хабарлауынша, ескерткіштің ашылу салтанатында күзет күшейтілді. Полицейлер қоршауға алған саябаққа журналистерді тізіммен ғана кіргізді.

Шараға Ресей мен Өзбекстан билігінің өкілдері қатысты. Жиынға қатысқандар Ислам Каримовті "көрнекті тұлға" деп атап, оның Өзбекстанда "түрлі-түсті төңкерістің болуына жол бермегенін" айтты.

Биыл қаңтарда Якиманка округінің депутаттары Ислам Каримовтің ескерткішін орнатуға қарсы шыққан. Ресей либерал-демократиялық партиясының өкілдері Каримовті Өзбекстандағы орыстілді тұрғындарға қатысты жаулық танытты және елде совет мұраларынан арылу саясатын жүргізді деп айыптап, ескерткіш орнатуға қарсы петицияға қол қоюға шақырған.

Мәскеу билігі Каримовке ескерткіш орнату жөніндегі референдум өткізу жобасын қабылдамай тастаған.

Ислам Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан бері басқарған. Ол 2016 жылы 2 қыркүйекте 78 жасында инсульттен қайтыс болды. Құқық қорғаушылар Ислам Каримовті осы замандағы ең қатыгез диктаторлардың бірі деп санайды. Олар Каримовті Өзбекстанда адам құқығын жиі бұзды, елдегі кез-келген оппозициялық көңіл-күйді тұншықтырып отырды және 2005 жылы мамырда Әндіжанда болған тәртіпсіздік кезінде жүздеген адамның өліміне кінәлі деп айыптайды.