20 қыр, 2019 сағат 13:27

Мәскеу мен Киев Украина арқылы газ тасымалдауды талқылады

Ресейдің энергетика министрі Александр Новак. Брюссель, 19 қыркүйек 2019 жыл.

19 қыркүйекте Ресей және Украина өкілдері Брюссельде Украина арқылы газ тасымалдау мәселесін талқылады. Ресей жағынан келіссөзге энергетика министрі Александр Новак және "Газпром" компаниясының басқарма төрағасы Алексей Миллер қатысты. Ал украиналық делегация тобын энергетика министрі Алексей Оржель және "Нафтогаз" компаниясының басшысы Андрей Коболов басқарды.

Кездесу 40 минутқа созылды. Екі тарап та келіссөз "конструктивті" өтті деп бағалады. Алайда келіссөзде Украина арқылы тасымалданатын газ көлемі айтылмады. Тараптар мәселенің заңнамалық жағына көбірек назар аударып, бір айдан соң келіссөзді жалғастырмақ болып келісті.

Қазіргі келісім-шарттың мерзімі 2019 жылы 31 желтоқсанда аяқталады. Еурокомиссия бұған дейін Мәскеу мен Киевке 10 жылға созылатын келісім-шартқа қол қоюды ұсынған.

Новак Мәскеудің келесі жылдан бастап жаңа еуропалық заңнама бойынша жұмыс істеуге дайын екенін жеткізген. Бұл заңға сәйкес, "Нафтогаз" келісім-шарт болмаса да газ тасымалдауға тиіс. Новактың айтуынша, Ресей егер Украина 2020 жылдың басына дейін еуропалық норманы енгізіп үлгермесе, газ тасымалдау бойынша қысқа мерзімді келісім-шартқа қол қоюды ұсынған.

Ал Оржель екі тараптың жыл соңына дейін келісім-шарт жасасып үлгермеуі мүмкін екенін айтып, алайда Украина жағы құжатқа қол қойылады деп үміттенетінін жеткізген. Ресей жағы Украина арқылы Еуропаға 2020 жылы газ тасымалдауды жалғастыра беретініне сенімді екенін атап өткен.

Украина бірнеше жыл бұрын Ресейден тікелей газ сатып алудан бас тартқан. Алайда оның аумағынан орталық және оңтүстік Еуропаға қарай магистральды газ құбыры өтеді. Транзитті тоқтату бұл елдердің газсыз қалу қаупін ұлғайта түседі. Бұған дейін Германия билігі 2019 жылдан кейін де газ тасымалдау жалғасуы тиіс деп бірнеше рет ескерткен.