13 мау, 2018 сағат 13:43

М.Әшімбаев Ақтөбе облысындағы партиялық жобалардың жүзеге асырылуын жоғары бағалады


Ақтөбе облысында қазақстандықтардың ғылыми-шығармашылық және зерттеу дағдыларын қалыптастыруға, цифрлық сауаттылықты арттыруға, инженерлік-техникалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған бірқатар партиялық жобалар табысты жүзеге асырылуда. Облыс орталығы мен ауылдық елді мекендерде балаларды бағдарламалау және робот техникасы негіздеріне үйрететін ІТ-класстар ашылып, спорт алаңдары қалпына келтірілуде, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға барлық қажетті инфрақұрылымдар жасалып жатыр.

Мұндай бағаны өңірге жұмыс сапары кезінде партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев берді.

Атап айтқанда, Мәулен Әшімбаев Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектептің бағдарламалау негіздеріне оқытатын цифрлық кабинеттерін қарап шықты, жазғы уақытта бағдарламалау мен робот техникасының тілін тереңдете үйренетін оқушылармен әңгімелесті. Балалар білікті ұстаздардың басшылығымен 3D-үлгілеу, архитектура, дизайн, анимация, веб-сайттарды жасау бағдарламаларын игеретін болады. Жалпы, жобамен 8-16 жас аралығындағы ақтөбелік мың бала қамтылмақ. Осында мектеп асханаларын модернизациялау жобасы көрсетілді. Ақтөбеде партиялық жоба аясында 5 IT-класс ашылды, жыл соңына дейін облыстағы тағы 15 мектепте осыған ұқсас кабинеттер ашылады.

- Біз білім экономикасы үшін мамандар даярлауымыз қажет. ХХІ ғасыр мүлдем жаңа талаптарды талап етеді. Қазіргі таңда өзекті болып отырған мамандықтардың дені жуырда жоғалып кетуі мүмкін. Керісінше, бағдарламашыларға үлкен сұраныс болады. Сондықтан, партия цифрлық экономика үшін мамандар даярлайтын орталықтарды жер-жерде ашады. Ондағы оқулардың барлығы тегін болады,-деді Мәулен Әшімбаев.

Алға ауданының Бестамақ ауылында партия төрағасының бірінші орынбасарына спорт алаңы мен ауылдық кітапхананың жанынан ұйымдастырылған co-working форматындағы «Білімді өрістету орталығы» таныстырылды. Мұнда жастар мен келушілердің оқуға және бос уақыттарын өткізуге қолайлы жағдайлар жасалған, бірлесіп және жеке жұмыс істейтін орындар, Wi-Fi, органикалық техника, touchscreen теледидар,  онлайн оқуға QR-кодтар бар. Кітапханалық қорға 18 мыңнан аса кітап кіреді, келушілер өңірдің киелі жерлерімен танысып, тарихи-мәдени орындардың картасын көре алады. Тағы сондай үш орталық жыл соңына дейін ашылатын болады.

Сондай-ақ, М.Әшімбаев Қазақстан мен ТМД елдеріндегі жалғыз жыл бойғы «Күншуақ» инклюзивті сауықтыру лагерін аралады. Нысан «Бақытты бала» өңірлік жобасы аясында «Ақбөбек» жазғы лагерінің базасында жүзеге асырылады. Мұнда жаз мезгілінде мүгедектігі бар 650-ге жуық бала демала алады.

Ерекше балалардың ата-аналары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ерекше лагерь ашылғаны үшін алғыс айтты.

- Бізде бұл бағытта көптеген жоспарлар бар. Біз балаларға ерекше назар аударып, оларға барлық жағдай жасау үшін «Бақытты бала» акциясын бастадық. Мүгедектігі бар балаларға арналған алғашқы балабақша ашылды, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы салынады. Біздің міндетіміз - ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмектесу. Біздің облыста олардың бірнеше мыңы бар, - деді Бердібек Сапарбаев.
         Мәулен Әшімбаев өңір басшылығының Елбасы тапсырмаларын орындауда атқарған жұмыстарына жоғары баға берді.

- Ақтөбе облысы партияның соңғы Саяси кеңесінде мақұлданған партия жобаларын өте жақсы іске асыруда. Біз өңірдің көптеген бағыттар бойынша тәжірибесін жинақтап, оны басқа аймақтарға ұсынамыз. Тұтастай алғанда, біз халықпен, жастармен, аға буынмен қарым-қатынас жасай отырып, партиялық жобаларымыздың сұранысқа ие екендігін көріп отырмыз. Оларды адамдар қолдайды. Олар біздің халқымыздың игілігі үшін жұмыс істейді. Барлық жобалар үшін біз өңірде жақсы жұмыс басталғанын көреміз, - деп атап өтті М.Әшімбаев.