07 қаз, 2016 сағат 11:05

Мархабат Байғұт. Іштарлық пен құштарлық (хикаят-эссе)

– Көреалмаушылықты алғаш мәрте көріп тұрғандай кіртигенің нең? – деп келемеждей күлді Ежелгі Дос. – Іштарлық пен құштарлық хақында жиірек жаза­тын­дардың бірі өзің емеспісің. Сөйте тұра…     
– Іштарлық жайлаған жерлерде жүрміз. Күншілдіктің көкелерін көре­міз. Білеміз. Бірақ, кластастардың бүгінгі кездесуінде бетпе-бет келмекті күтпегеніміз рас. Қайта сәл де болса таза тыныстап, тыңайып қайтсақ деп едік, – дедік біз.    
– Күншілдік күшіктері класымыздың ішінде де шәуілдеп үруші еді ғой. Баяғыда. Бала кезде, – деді Сыралғы Жолдас. – Алайда, олар кішкентай ғана болатын. Тез ұмытып кететінбіз.

 

***

Түркібасы төбесіне тесіле қараған Тас Мекем көкеміз бүй деді: 
– Күншілдік, іштарлық туралы мен кезінде Баукеңнен, Бауыржан Мо­мыш­­ұлынан сұрайтынмын. Ол кісі: «Күншілдік, көреалмаушылық, іш­тарлық барлық пенделерде болады. Олар, яғни, іштарлық, күншілдік, көре­алмаушылық улы жылан секілді. Бас көтертпей, мыжып тастау керек. Іштарлыққа бой алдырып, ой жеңгізсең, ұлтыңа құштарлықпен қызмет ете ал­майсың», дейтін.

КІШІ КҮНШІЛДІК

Қайбір жылы Абай атындағы онбір­жылдық мектепті бітіргенімізге елу жыл толды. Кездесу өткіздік.

Абай мектебінің алпыс төртінші жыл­ғы (жиырмасыншы ғасыр) түлек­тері жиырма, отыз, қырық жылдық жүздесулерімізді де жұрт қайран қалар­лықтай етіп ұйымдастырғанбыз. Жиырма жылдықта мұғалімдеріміздің қатары қатты сирей қоймаған еді. Мамыр айының соңына таман мектеп маңындағы интернат асханасының жанында жиналғанбыз. Жылағанбыз. Апайларымыз көбірек елжіреген. Са­ғыныш мөлдіреген. Класқа кіргенбіз. Парталарға отырғанбыз. Абай мектебін бітіргенде еліктей елеңдеген елу едік. «А» класында жиырма бес, «Б» класында жиырма бес.

Жиырма жыл. Өтіпті де кетіпті. Екі оқушымыз – қос кластасымыз қайтыс болған. Алыстағы ауылдарына барғанбыз. Бейіттеріне басымызды иіп, Құран ба­ғыш­тағанбыз. Бидайық бас тартып, қо­ңыраугүлдер қоңырайған шақтұғын. Отыз жылдық одан бетер озық үлгіде, тап-таза сезіммен, сағынышқа толы сырлы тостағандарға саумал қосылғандай күйде өткен.

Қырық жылдығымызда да қы­зықтар қуаныштардың қанатында қалықтап, кереметтер кемерлерінен асып-тө­гілген. Қалыптасқан дәстүр бойынша бұрынғы интернат бау-бақшасының бір шетінен, баяғы асхананың артындағы алаңқайдан басталатын аудандық Мәдениет са­рай­ының саябағында жи­нал­ған­быз. Абай мектебінде сабақ берген саңлақтарымыздың бірен-сараны ғана қалған. Бақилық болған барша ұстаз­дарымызға және о дүниедегі он бір досымызға Құран бағыштау үшін аудандық мешіт үйіне барғанбыз. Ме­шіт имамы Алла разы болсын айтып, тілегімізді құмбыл қабылдап, Құ­ранды ұзағырақ оқыған. Қырағаты қатты толқытқан. Кластастарды. Имам тағы да Тәңір жарылқасынды жаудырып, өздерінің ата-бабаларына, әке-ше­шелеріне, өзге де өрен-жарандарына Құ­ран оқытатын жамағат жетіп-ар­тылып жатқанымен, марқұм боп кеткен мұғалімдері мен сыныптастарын дәл осылайша ойға түсірушілерді алғаш мәрте көріп отырғанын мағлұмдаған. Бар ықыласымен бата берген.

Енді елу жылдыққа келе жатыппыз-ай.
Жолда мәшинеміз бұзылды. Кісінікі еді. Кілті аспанға шықты. Амалдап жеткенше, Абай мектебінің алдында күткен кластастар қауымы мазасыздана бастаған екен. Қырық бес минөт күту оңай емес, әрине. Бізді күтпеске шаралары тағы жоқ. Ұйымдастырудың басы-қасындағылардың біріміз. Сценарийлер, тұжырымдамалар, түрлі-түрлі тізімдер бізде. Оның үстіне облыстың ақын-жазушылары мен біраз-біраз ғалымдарының қолтаңбалары қойы­лып, жыл бойы жинақталған жүз жет­піс бес кітап та біздің қоржын-қос­қалаңымызда еді.

Күтіп тұрғандардың бәрі дерлік құшақтап жатыр-ей. Сүйісу. Қауышу. Жанарлар жасаурайды. Қуаныштар тасиды. Сағыныштардың шынайылығы жүрек атқақтатар. Алайда, кейбір де кейбір кежегелер кейін тартқандай. Кежір де кебір кегжеңдер сәлемінің өзін саудалай, сатып тұрғандай. Сезілгенін қарасаңызшы. «Соншалықты күтетін­дей, қауым боп қаумалайтындай сен кім едің…» деген пиғылдағылар мына біз пақырыңыздың мектебіңізге, қайран да қайран кластастарыңызға деген аңсарымызды аласарта алмағандай, сағынышымызды салқындата қойма­ғандай. Сонда дағы, көңіл шіркінге кірбің түскенін мойындамасқа әддің кем. 

Кей-кей кластастардың кішкентай күншілдігін көңілге алсаң, шынында да сенің кім болғаның? Дейсің. Өзіңе-өзің. 

Сәлден соң сейілгендей. Күрсін кернеген кеудеміз.
Мына қызықты қараңыз. Елу жыл­дық жүздесуге тұп-тура елу адам келіпті. Он жеті түлек қайтыс болғандар тізі­мінде. Қырық жылдық қауышудан бері де бірталайы бақиға аттанған. Біраз клас­тастарымыздың отасқан отағасылары мен отанасылары дүние салған. Ұстаз­дарымыздан ешқайсысы қалмаған. Әттең-ай, әттең.

Елу жылдыққа екі «оқушымыз» естісе де келмеді. Бір түлек табылмады. Бір досымыз жүрек талмасы ұстап, ауруханада жатты.

Қырық жылдықта да кластас қызы­мызды жүздесуге жібермей қойған «күйеу жігітке» арнайы елшілер тобын алдын-ала жөнелткенбіз. Бір ай бұрын. Әлгі  бүгінгі  буржуазияның белгілі өкі­ліне айналған «күйеу баламыз» бүй деп мәлімдепті: «Жиырма, отыз, қырық жылдықтарыңа да жібермегем. Елулеріңе де бармайды-ы-ы… Сендер секілді еріккендер емеспіз. Біліп қойыңдар, біз балалық шақтың қиял-ғажайып ертегілерінен әлдеқашан арыл­ған адамдармы-ы-ыз…». Сол кезде ше, сыныптас сұлуымыз, баяғыда Абай атын­дағы онбіржылдық мектептің жоғары кластарында оқушылардың бәрі геометрия мен химияның, әсіресе алге­браның аса қиын қисаптарын көшіріп алатын кластас көркеміміз керемет коттедждің есігіне сүйеніп, мұң-мұнарға оранып, мөлтеңдей мөлдіреп қарап тұрып-ты-ай. Қала беріпті-ай…

Басқалардың бәрі дерлік қатысқан. Ерлі-зайыптылар боп егіз-қатар келгендері бар. Сыңарларынан айырылып, қасқа жолдан қайырылып қалғандары бар. Бірқаншалары – бауыр еті балаларын бақи­ға беймезгіл жөнелтіп, ботамдағандар. Ей, жалған дүние. Десеңізші. Ондай-ондай оғландарыңыз бен қайбір замандардағы қырмызы-қызғалдақ қыздарыңыздың жады­раңқы жүздерінен жабырқаудың да сызы сезілер. «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қияғы бүтін сұңқар жоқ» деген ғой, қайран қазағыңыз.  «Жарасы үлкен жас өлім; Күншіл дүние қас өлім; Бауыры қатты тас өлім; Жыламайын десе де; Шыдарлық па осы өлім?!» деп Абай зарлап кеткен. Абай мектебінің  мұңдас түлектері былайырақ шығыңқырап, бауыр еттерін еске алысып, егіліп-төгіліп алады. Басқашаларға білдірмеуге тырысып, тез жадырап, қатарға қосы­лысады.

Есептеп кеп-кеп жіберсек, елу екен. Елу адам. Елу жылдыққа келіпті. Елуінші боп баяғыда, сегізіншіге дейін бірге оқыған қараторылау қызымыз жетіпті. «Газеттен хабарландыруды оқып, асығып, аңсап жүрдім. Армандап жеттім. Мектепті бірге бітірмесем де, бәріңді бір мәрте көргелі келдім. Қабылдайсыңдар ма? Қатарларыңа?» – дейді танауының ұшы тершіген сегізінші сыныптағы тәмпіш «қызымыз».

Сезімталдықтарын жоғалта қоймаған­дықтан, балалық шақтың ерекшелеу ертегілерінен біржолата алыстап кетпегендіктен, сағыныштан  шын жылап жүргендер де жетерлік.

«Сен әлі баяғыдайсың. Айнымап­сың». «Жас шағыңдағы­дайсың». «Абай мектебінің интернатындағыдайсың». «Қыз кезіңдегідейсің». «Студент сияқты­сың». «Көздерің өзгермепті». «Күлкің сол күйінде». «Жасарып кетіпсің». «Сырлы қасықтайсың…». Деседі. Кластастар. Бір-біріне. Әлбетте, біздің сыныптастар сы­пайы. Салмақты. Сезімтал. Мәдениетті. Бізді Әмірханов әлемі әдіптеген. Сираж Әмірханов деген директорымыз – алаш ардақтыларының қатарынантұғын. Батыс Қазақстаныңызда және осы Оң­түстігіңізде оқу саласына басшылық жасаған текті тұлға еді. Отыз жетінші жылы он жылға сотталған. Магаданда азап шеккен. Әзер құтылып, ақталған. Абай мектебіне директор болған. «Әмір­ханов әлемін» бұрынырақта бір байыптап жазғанбыз. Сол әлемге Абай мектебінің талай-талай жылдардағы түлек­тері қарыздар. Парасатқа парыз­дар. Сираждайын сайыпқыран ағайы­мыз Батыстағы Нарын құмында, Жи­делі-Бесшоқы жерінде туған. Үш жасында анасынан айырылған. Өлер­мендікпен оқыған. Тозақтан бетер азаптың бәрін бастан кешкен. Тұлғаға айналған шағында, алаш асылдарының мұраттарын ойына да, бойына да өшпестей етіп сіңірген кезінде «халық жауы» атанып, айдалған… Магадан жаққа. Абай мектебінің маңдайына бұйыр­ған Әмірханов әлемін Түркібасының түй­сікшіл жұрты,  ұғар құлағы бар ұрпақтар өкілдері, білмекке құштар өрен өскіндер толайым-тұтас болмаса-дағы, біршама түсінетін, бағалайтын. Сегізінші сыныпта жүріп-ақ бірталайымыз байқайтын ек. Аупарткомы бар, ауаткомы бар, тағысын-тағылары бар, аудан басындағылардың бәрі ағартушы Әмірхановтан, Абай мектебінің директорынан аяқ тартатын. Әмірхановтың білімділігі мен біліктілігі, адалдық нұры мен әділдік сәулесі, тәртіп пен тәрбиеге негізделген талапшылдығы аяқ тартқызатынын, құрмет тұтқызатынын бірте-бірте бағамдаған болармыз. Бірден болмаса-дағы. Сол Сираж Әмірханов бастаған, Елеусіз, Мүсілім, Әбдіреш, Дәуренбек, Нұрғали, Қамытбек, Пернебай, Ізтілеу, Әміртай, кітапханашы Қазым сынды ағайларымыз, Қазима, Жібек, Клавдия, Антонина, Зинат, Әсия, Анна, Валентина сияқты апайларымыз мәдениетке баулығандықтан шығар, елу жылдықтың барысында біздің кластастардың ешқайсысы «Қартайып кетіпсің», «Еңкіш тартыпсың», «Кемпір боп қапсың», «Шал-шауқандар сияқтысың», «Бетіңде әжімнен сау жер жоқ», «Таяқ ұстап қапсың ғой», «Шашың аппақ боп кетіпті» дегендейін әңгімелерді айтпады. Іштерінде шығар-ау, сірә. Пікір-пайымдары. Әсерлері. Көбісі күрсініңкіреп қойып, қайта күлімсірейді. «Немере көбейді ме?», «Келіндерің ше?», «Шөберелер бар ма?» деседі. Бір-біріне.

Иә, сол Сираждайын ел үшін, ұрпақ үшін, ұлт үшін кемел ойлап, кең пішетін, жанкештілікпен жар кешетін ағайларымыздың, ұстаздарымыздың ұсы­­ны­сымен салынған Түркібасы аудан­дық Мәдениет сарайы түнгі сағат үш­терде, тап сол Сарайыңыздан қырық-елу метр­дей тұстан бау-шарбағы басталатын интернаттың балалары шырт ұйқыда жатқанда, өртенді емес пе?! Жап-жаңа Мәдениет сарайының іші ою-өр­нектермен бәдізделе безендірілген еді. Мектебіміз ескі, класс бөлмелері қо­раш­тау, қарабайырлау болғандықтан, ағайларымыз бен апайларымыз Абай мектебіне тиіп-ақ тұрған аппақ Сарайға апарып, мәдени һәм әдеби шараларға шабыттандыра тағылымдай бастаған болатын. Сол Сарайымыз кенет өртке оранып, сумаңдаған жалын аспандағы жұлдыздарды жұлып түсіргендей, жұтып жатқандай көрінген. Түн ішінде шуылдаса шыңғырып, еңірегеніміз есімізде. Тіземізден қар кешіп, қақаған аязға қарылып, қаттырақ қайғырып жылағандар қатарында  Ежелгі Достар мен  Сыралғы  Жолдастар болды-ау, сірә. Мына біз де солқылдағанбыз. Иә, біздің кластастарымыз жарты ғасырлық жүздесу күнінде күншілдікті ұмытар, іштарлықты жуытпас, құштарлыққа бөленер. Пәле пиғылдарды жолатпас. Бой-бастарына. Сағыныш дейтұғын ұлы сезім ұры ойларға орын қалдырмас. Дейді. Ішкі жан сарайымыз.

Солай, сыныптастар. Айналайындар. Үлкендерің біз едік қой. Жас жағынан. Әзіл-шынын араластыра «аға» дейсіңдер. Біраздарыңнан бір жас, бәзбіреулеріңнен тіпті екі жас үлкен екеніміз рас. Неге? Дейді. Кейбіреулер. Әкеден айырылған соң әр ауылда, әр уәлаятта тентіреп оқы­дық қой. Алтыншыда ауру жабысты. Келешегімізді кес-кестеген кесел тұп-тура төбемізді ойран, аз ғана ақылымызды  айран етті емес пе?! Шымкент шаһарына апарар адам табылмаған. Жаман жарамен жұлысып жарты жыл, қалқоздың қойын бағып жарты жыл жүріппіз. Тағдыр шіркіннің тарылғаны-ай сол жылдары.    Ақырында, Абай мектебіне, сен­дер­дің қатарларыңа кешігіп қосылдық. Ин­тернатқа Сираж Әмірханов қабылдаған. Кешіккенімізді кешірген. Осыларды ой­ланып, сыныптастарды айналып келе жат­қанымызда: «Қатты толғанып кетіпсің ғой, жүдә. Табалдырыққа сүрініп қалма», – деген Ежелгі Дос қолтықтап. «Келгелі керемет тебіреністе», – деп күлген Сыралғы Жолдас.

Мектебіміздің музейіне кіре бастаған екенбіз.            
Әуелгі көргеніміз, Әмірханов еді. Му­зейдің бір қабырғасы түгелдей Сираж ағайымызға арналған. Маңдайы жарқырап, тұнжырлау көздерімен сынай қарап тұр. Музейде басқа да тұлғалар баршылық. Мүсілім Әбиіров ағайымыз. Ол кісі Әмірхановтан кейін келген. Директорлыққа. Әмірхановыңыз Абай мектебін жиырма жыл басқарған ғой. Соның бір ғана жылы бізге бұйырған. Сегізіншіде. Ол – 1960-1961 оқу жылы­тұғын. 1962 жылы Сираждайын сар­дар-саңлағыңызды Алматыға биіктетіп әкеткен. Тоғызыншыда болсақ та, қатты-қатты қапаланғанымыз есте. Мүсілім ағайымыз алыстағы Абай ауылында, Алтынсарин атындағы жетіжылдықта оқығанымызда, директор еді. Сол кісі аудан орталығындағы Абай мектебіне басшылыққа келгенде ше, шынымен-ақ бір жағынан қуансақ, екінші жағынан уайымдағанымыз да жадымызда. «Әмір­хановтан кейін Әбиіровке қиын тимес пе екен-ей?» деп.    

Бала болсақ та, бәлеміз ғой, сонда. Алпысыншы жылдардың басындағы «жылымық» атанған аз ғана айтулы кезеңнің ерекшеліктері ертерек есейтті ме, кім білсін-ай, кім білсін. Ересектерше білгішсінетін едік. Обалы нешік, алыстағы ауылда, жетіжылдық мектепте жүргенде бір бала ақынымыз: «Директор ағай Мүсілім; Керемет қандай мүсінің. Қараған сайын тоймастан; Көргісі келер кісінің», деп өлең өрген Әбиіров ағатайымыз Әмір­ханов әлемін өз өрнектерімен жарасымды жалғастырмаққа құлшынды. Құштарланды. Өршеленді. Өжеңдемей-ақ, өңмеңдемей-ақ өресін танытқаны өскін өрендерге ұнай түскен. Міне, мынау мүйісте, мектебіміздің музейінде мінез мінәйілігімен, шығармашылық шынайылығымен аян болған аяулы ақын, жауһар жазушы, мұңшыл сазгер Тұтқаш көкеміздің, Тұтқабай Иманбекұлының да жансыз бейнесі тұр. «Тұт ағашының көлеңкесіндей» хикаяттар мен «Үлкен үй»  романын жазған есіл көке көркем мінездің кәусар үлгісіндейтұғын. Сөзгер сезгірдің сар­ғайған суретіндегі жаутаң жанарды жансыз деу қиын. Кере қарыс кең маңдайы терезеден құйылған қуат сәулесімен нақыштана нұрланады.

Төрге таман жылжыдық. Елу жылдық жүздеспекке жиналғандарға тұлғаларды таныстырып, саяхат жасатып келе жатқан сымбатты қызыңыз Мекемтас Мырзахмет-ұлына көбірек тоқталыңқырады. Филология ғылымдарының докторы. Профессор. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Абайтанушы. Мұхтартанушы. Бауыржантанушы. Деді. Қызғалдақ қызыңыз. Ордендерін, медальдарын айтыңқырады. Түркі дүниесі бойынша да біраз атақтарын атады.

«Бұл ағамыз академик емес пе?» – деді бір кластас. «Академик атағын қимай жүр ғой. Әйтпесе, академиктердің нағызы осы ағамыз», – деді екінші сыныптас. «Ай, айналайындар-ай, біледі екенсіңдер ғой, хабарларың бар екен ғой», – деп іштей сүйсіндік. Біз. Сыныптастарға.

Қызғалдақ қыз әңгімесін жалғады. «Өз орталарыңызда тұрған кластастарыңыз (біздің аты-жөнімізді атады, бірқатар атақтарымызды, орден-медальдарымызды тізбеледі) «Қайырымды қала іздеп жүрсіз-ау, қайран аға» деген мақала жазған. Мекемтас атамыз туралы. Ол мақала «Қазақ әдебиеті» газетінде, кітапта жарияланған. Оқыған шығарсыздар», – деді мұнтаздай қыз. Музейде. «Міне, мынау сол Мекемтас Мырзахметұлының 1947-1948 оқу жылын бітіргендегі сыныптастарымен бірге түскен суреті. Мынау – Мекемтас атадай мақтанышымыздың қазіргі кездегі бейнесі. Ол кісі келесі жылы сексен бес жасқа толады».

Мекемтас ағамыз – біздің Тас Мекем көкеміз 1947-1948 оқу жылында қандай болған екен? Дедік. Іштей. Үңіле қарап, өкшемізді көтердік. Жап-жас. Мекемтас. Жып-жылы. Секілді. Бет-жүзі. Жалынсыз емес. Қысыңқылау көздері. Одан бетер зерттей зер саламыз-ай. Бір салқындық бар сияқты. Пішінінде. Суықтау қарайтындай. Кейінгі бейне­лері де сондай әсер қалдырар. Екіұдай күй. Әйтеуір. Неге?

Біз Абай мектебін бітіргенбіз. Дейтінбіз. Біз. Бәріміз. Мақтанатынбыз. Абай мек­тебін Мекемтас Мырзахметұлы мен Тұтқабай Иманбекұлы бітірген. Дейтінбіз. Мына біз. Сәл-пәл ерекшелеңкіреу керек болатындай кездерде. Әдебиет дейтұғын әлемді әулие тұтар сәттерде.

«Қатты қадалып қарадың ғой, жүдә. Қайырымды қала іздеп, Қазақстаныңды  кезіп жүрген қайран ағаңа», – деді Ежелгі Дос.

«Осы ағамыз академик емес пе? Шынымен? Қазір бұл кісінің тырнағына татымайтындарды да академик деп жүр емеспіз бе?» – деді Сыралғы Жолдас.

«Құрметті Абай мектебінің алпыс төртінші жылғы түлектері, – деді қызғалдақ қыз музейді одан әрі аралата жүріп. – Сіздерге алғысымыз шексіз! Араларыңыздағы ағамыздың (біздің аты-жөнімізді атады, біраз марапаттарымызды тізбектеді тағы да) бастамасымен облыстағы қаламгерлердің қолтаңбалары қойылған жүз жетпіс бес кітапты сыйлап отырсыздар. Ішінде ішінара Мекемтас Мырзахметұлының да кітаптары бар. Міне, мына мүйіске әдейілеп сөре жасап қойдық». 

«Осы орталарыңызда тұрған аға­мыз (тағы да біздің аты-жөнімізді айрық­шалады) өзінің елу жылдығы анау тұрған аудандық Мәдениет сарайында аталып өткенде, тойына түскен барлық кілемдерді мектептерге таратқан екен. Мынау кілемге тоқылған Абай хакім бейнесін және анау айшықты кілем-төсенішті осы ағамыз (қызғалдақ қызыңыз аты-жөнімізді және қайталады) Абай мектебіне тарту еткен…» 

Осы тұста бір кластасымыз сыр алдырды. Аласы басымырақ көкшіл көздері алғаш жыпылық қағып, артынша айранданып шыға келді. Шикілсарыға жатыңқырайтын жүзі теңбілдене қызамықтанды. Сондағы айтқаны: «Немене сонша! Осыдан (біз пақырыңыздың аты-жөнімізді тістене қосты) басқа айтатын адам жоқ па сонша-а-а?! – деді. – Қайта-қайта айтасыңдар…» 

Елу жылдыққа жиналғандардың жетеу-сегізі естіді, әрине. Анық аңғарды, әлбетте. Не болғанын. Не қойғанын. Ышқынудың себебін. 

Естіген кластастарымыз ыңғай­сызданды. Бірқатары бізге қарағандай. Кейбіреулері көздерін төмен салған. Қиналысқа буылып. Табалаңқырап тұрғандар табылған. Музейді таныстырушы қызыңыз қызарған. Шұбайқызылдың шымқай қызыл қызғалдағындай алаулаған. Беті-жүзі.

«Қапа болмағын оған бола, бала, оның іштарлығы бұрыннан белгілі емес пе?», – деді білдірмей ғана сыбырлаған Ежелгі Дос. 

«Кішкентай ғана күншілдік көрініс қой. Ірі-ірі іштарлықтардың қасында бұл көрініс түк те емес». Дейсің. Ішіңнен. Күлімсіреп бағасың. Сыртыңнан. Сыр білдірмеген кейіпте. 

Музейден шыға бастады. Елу жыл­дыққа жиналғандар. Әлі де кеткісі келмегендер әр жаққа, әр түрлі суреттерге, мағлұматтарға қарайды. Қимайды. 

Біз, неге екенін кім білсін, Тас Мекем көкеміздің бейнелеріне қайта-қайта бұрылып, әлсін-әлсін үңіле бергенбіз.

«Тас Мекем көке! Қайырымды қала іздеп жүрген қайран аға! Ірі-ірі тірліктеріңіз үшін ірі-ірі іштарлықтың иелеріне қалай ғана төтеп бердіңіз екен?! Біз болсақ, кішкентай ғана күшік күншілдікті көтере алмай, кібіртіктеп келеміз». Дедік. Ішімізден. Күліңкіреп. Сыртымыздан. Күмілжіңкіреп.   

Класымызға кірдік. Әрине, баяғы бөлмеміз емес. Емес-емес-емес. Мектеп үйі де басқа. Бірақ, өз класымыз секілді сезіндік. Мұғалімдеріміздің бәрі марқұм болып кеткен. Класс журналдарын алдымызда ашып, түлектерді түгендеуді өз мойнымызға алдық. Кластастардың ең үлкені ретінде. Жас жағынан, әрине. 11 «А» және 11 «Б» сыныптарының 1963-1964 оқу жылындағы тізімі түгел оқылуы тиістұғын. Сценарий бойынша. Оқып отырыппыз. Көзі тірілері, кездесуге келгендері «мен» деп орындарынан көтеріледі. Балалық шақтағы, кластас дәуірдегі небір қызық қылықтарды, қилы оқиғаларды, тентек те әнтек әрекеттерді еске түсіреміз. Күлеміз. Рахаттанып. Жоқтары жөнінде мағлұмат беріледі. «Қайтыс болған. Жаратқан о дүниесін берсін». «Жоқ. Табылмады». «Жүздесу болатынын біле тұра келмеді». «Күйеуінің  кесірінен келе алмады». «Ауруханада жатыр».

Мойындамаққа мәжбүрміз. Күле жүріп, күлдіре отырып, бәрібір, көңілдегі  кішкентай  кірбіңнен арыла алмадық. Біз. Журналдағы  тізімді оқып отырып та; түрлі-түрлі хикаяларды шертіп отырып та; баяғыда өзіміз еккен, өткен ғасырдың алпысыншы  жылдары көшет күйінде күтіп-баптаған, бүгінде  қалың орманға айналған бауларды, мөлдіреген арық-атыздардың бойларын, хауыз жағасын қызықтағанда да; дастарқан басында  дәстүр бойынша «Қайдасыңдар, достарым!» әнінен бастап, небір әуендер әуелегенде де; көңіл көгінен сол бір сұрқай бұлт кетпей тұрды да қойды. Әттең-ай, әттең. Қаншама тырысып қуанғанымызбен, өзімізге-өзіміз өлердей ұрсып, жүрегімізге жекіп, зердемізге зекіп баққанымызбен; бәрібір таза жазылмақ қиынға түскенін қарасаңызшы. Жиырма, отыз, қырық жылдық кездесулерде де бастамашылдар, асабашылдар, қыздырушылар қатарында, тебірентушілер тобында болып, ашылып-шашылып, рахаттанған едік-ау. Енді ше? Елу жылдықта да еңсе түсірмейік деп елбірей елжіремекке тырыстық. Тырбандық. Білдірмеген болдық, Алайда…

Қалайда сездірмей өткерсек дедік. Бәрібір, байқағандар болды.
Кластас «қыздарға», кластас «балдар­дың» «келіншектеріне» номинация­лық ныспылар, яки, аталымдық атақтар тапсыру әсерлі, көңілді, көп адамдар күтпеген жағдай еді. 

Қараңызшы: «Өзгермеген өзгеше өрен». «Астана аруы». «Шымкент шырайы». «Клас­­тастар класының кәсіп­кері». «Клас­тастар келіншектерінің көр­кемі». «Сынаптас сұлу». «Кластастар келіншектерінің кереметі». т.т. және т.б. Осындай аталым­дардағы атақтар беріліп, алтын жала­тылған жарғақ қағаздар тапсырылған «келіншек-кемпірлердің» көңіл-күйлерін көріп, се­зінудің, әрқай­сысына ән арнаудың әсерін елестете аласыз ба?! Әй, қайдам.

Айтып та айтпай не керек-ай, Абай мектебін алпыс төртінші жылы бітірген түлектердің елу жылдық жүз­десуі де жырлап-ақ жүретіндей жо­ғары сапада өтті.

 Қоштасудың қиыны-ай! Жанарларда бәрі тұр. Тұнып-ақ тұрыпты.  
 Ежелгі Дос екеуміз еменнің ең үлкені зорайған тұста тоқайластық. 
«Бәрібір, жазылмай, түйіліңкіреп тұрсың. Дегенмен, еңбегіңе рақмет. Түсінетіндер табылады»,  – деді ол.  

«Іштарлықтың, күншілдіктің неше түрлерін, қаншама көріністерін көріп те келеміз.  Сезіп те жүреміз. Бірақ, кластас­тар тараптан күтпеген едік», – дедік біз. 

«Көңілде кірбің қалмасын. Өзің бағам­дағандай, күншілдіктің кішкентай ғана көрінісінсіз титімдей де тірлік жоқ қой», –  деді қоштасарда. Ежелгі Дос. Күрсініп. 

Біздің көз алдымызға қайта-қайта Тас Мекем көкеміз келе берген. 
Тас Мекем көкеміз. Мекемтас Мыр­зах­­метұлы. Абай  мектебін бітірген. Тас­түлек. Бір адамдай білеміз. Дейміз-ау. Кітаптарының бәрін дерлік. Оқыдық-ау. Газеттер мен журналдарда жарияланатын ой-пікірлерін, мақалаларын, сұхбаттарын жібермейтін сыңайлымыз.

Сырласпаппыз. Сонда да. Бір мектепті бітіргенімізді білмейтін де болуы бек бәлкім. Абай мектебіне келіп-кетіп жү­ріп, музейдегі сирек суреттеріне сол күнгідей үңілмеген екенбіз. Елу жылдық жүздесуіміз тауыс-тәмамға айналып, аудан орталығында аздап аял жасаған сәт-сағатымызда көз алдымызға айналайын Абайтанушының әлсін-әлсін келе бергені неліктен екен?

Әнекиіңіз, суреттерінен сазарың­қырай сынап көз тастайтындай. Қат­қылдау қарайтындай. Біресе елжі­рей төгілетіндей. Тағы қарасаң, тым-тым тымырайып, тәкаппарлана түсетіндей.

 «Иә-ә-ә. Қайдан жүрсіңдер?» – деген құмығыңқы, аса баяу, өте-мөте жуас­тау, етене таныс, ерекше жақын дауыс естілді. Бұрылдық.
Тас Мекем көкеміз кәдімгі.
Қалайынша қайран қалмайсың?!
Өзі келіп тұрыпты. Қасымызға. Абай мектебінің тастүлегі. 

«Абай мектебін бітіргенімізге елу жыл толып… Бүгін, екі мың он төртінші жылыңыздың  жиырма  төртінші  мамырында  керемет  кездесу  өткіздік,  көке! – дейміз көңіліміздің көтеріңкі екенін көрсетпеске тырысып. – Абай мектебін бітіргеніңізге қанша жыл болды? Сіздің?»

«Оны отыра қалып есептеу керек қой, – деді жылуарлана жымиып.  – Сен де біздің Абай мектебінің түлегі екенсің, ә? Білмеппін». 

Әнекиіңіз. Мейірбан сезілген түрі табан астында тастан бетер суығандай. «Білмеппін» деп шынын білдіргенінен бе, әлде.

«Сіздің қырық сегізінші жылғы, он сегіз жасыңыздағы, мектепті тәмәм еткендегі мейірімді бейнеңізді асық­пай, анықтап көрдік, көке», – дедік әдеттегідей сәл-пәл әзілдейтін әдетімізбен.
Реакция шамалы. Сазарыңқырай сынап қарауынан танбайды. Жылы жымиысы да жүдеңкі тартқан секілді. Сираж ағайға келіңкірейді. Сынаңқырап сығыраятыны. Әмірханов әлемінің сәулесін бізге қарағанда қаншама жылдар бойына да, ойы­на да сіңірген ғой. Жұқтырған дә. Әбден.

«Жақсы-ы-ы онда. Біз Тараз жаққа тарттық», – деді Мекемтас Мырзахметұлы. Құмығыңқы, алайда жайлы-жуас үнімен әуендетіп. Әуенін сөзге сараңдығы бәсеңдетіп.

Ол кісі аудан орталығындағы дәріха­надан шыққан еді. Біз кірмекке беттедік. Дәріханаға. Соңынан қарап қоямыз. Еріксіздеу бұрылып. Баяу, бірақ нық адымдайды. Иықтары тепе-тең, тіп-тік. Артық-ауыс еті жоқ. Жіптіктей жігіт секілді. Келесі жылы сексен беске келетінін музейдегі қызғалдақтай  қызыңыз мағлұмдаған.

Ірі-ірі тірліктер тындырған.
Ғұламалардың ғұламасы.
Ірі-ірі тірліктердің жолында жүріп, ірі-ірі іштарлықтардан зардап шеккен. Бақастықтың барша түрін бастан өткерген.

Күншілдіктің кішкентай ғана кірбіңінен кіртиіп  тұрып, айналайын Абай мектебінің тұлға-түлегіне ұзағырақ үңілдік-ау, сонда.

Аудан орталығындағы дәріханадан шығып, тағы да Тас Мекем көкеміздің тура сол елу жылдық мерекемізде, Абай мектебінің түлектері тойлаған мейрам күні кездескеніне таңырқай ризаланып тұрғанымызда, Ежелгі Дос пен Сыралғы Жолдас көрінді-ай. Алдымыздан.

 «Қимай жүрміз, – деді екеуі  жарыса сөйлеп. – Дәріханаға неге кірдің, кінәмшіл көке?!»
«Кіргеніміз дұрыс болды. Мекемтас Мырзахметұлы дейтұғын данышпан ағамызды жолықтырдық. Осы жерде. Жаңа ғана», – дедік біз.

«Шынымен бе?!  Тура бүгін, ә!» – деді Ежелгі Дос. 
«Қызық екен. Кейбір кездейсоқ жағдай­ларға қайран қаласың», – деді Сыралғы Жолдас.

Сонсоң, зайыптарымыздың әдемі әңгімесіне әуестене қарадық. Олар да бірін-бірі қимайтындай. Үшеуін бірге қалдырып, үш сыныптас сегізіншіден он бірінші класқа дейін мектеп жанындағы жүз орындық интернатта жатқанда талай-талай таптаған тротуармен, мына заманда жаңарған жиекжолмен біраз қыдырыстадық. 

«Бүгін байқалмаса екен, кластастардан көрінбесе екен дегендейін күшік күншілдік баяғыда да бар еді ғой, оның несіне кіржигеніңді түсінбедік, – деді Сыралғы Жолдас.  – Ірі іштарлықтардың ішінде жүрген жоқпысың?»

«Сол себептен сені қайтадан іздедік. Қапа болмай қайтқайсың деп айтқалы келдік», – деді Ежелгі Дос. 

«Есіңде ме, Дәуренбек ағай осы екеуіңді бір партаға отырғызғанда да қызғанғандар табылып еді ғой? – деді Сыралғы Жолдас.  – Сен екеуің бір партаға отырып алып, геометрияның қиын-қызық есебін бірінші боп шығаратын сәттеріңде Тырбық дейтін досымыз тырсылдап, терісіне сыймай кететін-ай»!

«Айтпақшы, екеуміз қатарынан бес сабақтан да «бес» алғанда ше, «А» мен «Б» кластарын қосып оқытқан күні ше, жыл сайын Мақтааралға мақта шабыққа да, «ақ алтын» теруге де әкесінің арқасында бармай қап қоятын Қызғаншақ қызымыз қызылша шыққандай қылғына қызарған…»  – деді Ежелгі Дос. 

«Сенің өлеңдерің «Социалистік егінші» дейтұғын аудандық газетке шыққан сайын төбелес ұйым­дастыратын кім еді? Өзіңмен әскер­де бірге болған, кейіннен екі вагон пиязды Сібір жаққа әкетіп, жоғалып тынған «атаманымыз» емес пе еді? – деді Сыралғы Жолдас. – Соның бәрін ұмыттың ба?»

 «Осымыз да жетер енді, ағатай! – деді Ежелгі Дос қарқылдай күліп. – Сәл де болса басылыңқыраған сияқтысың». 

 «Жарайды. Жай ғана еркелік қой, ерендерім! Аман болайық, есен жолығайық»,– дедік біз.
 «Айтпақшы, қайырымды қала іздеген қайран ағаңмен сөйлесіңкіредің бе? Мекем көкеңмен?» – деді Ежелгі Дос. 

«Там-тұмдап… Келешекте сол кісімен сырласыңқырасақ болар еді…» Дегенбіз. Біз. Сонда. Сондай ойдың тұп-тура сол күні түскені рас еді. Қимай да қимай қоштасқанбыз. Ежелгі Доспен. Сыралғы Жолдаспен. Деп-демде кластастарды сағынып қалғандай сезінгенбіз. 

ІРІ ІШТАРЛЫҚ

Абай мектебінің алпыс төртінші жылғы түлектері ретінде елу жылдық кездесуімізді өткізгеннен кейін кейде Мекемтас Мырзахметұлы сынды саңлағыңызбен сырласатынға айналдық. Іштей ғана. Қиялилау күйде. Тас Мекем көке. Дейміз. Біз. Күбірлеп. Біздің Тасболат деген туған ағамыз болған. Көке дейтінбіз. Ертерек кетіп қалды. Бақиға. Мекемтас деген ағамыз да болған екен. Ол, тіпті, сәби күйінде көз жұмыпты. Көз өтіпті. Тіл тиіпті. 

«Өлер бала өзгеше» деген. Әй, өзі де бір әдемі еді-ау! Көркем жігіт болар еді-ау! Өзім туғаннан кейін айтып отқам жоқ. Маңдайы кереқарыс, жанарлары жанып тұратын, денелітұғын. Іштарлықтан ішегін тарта беретін, таңдайын қайта-қайта қағатын, қараулығы қалың перме бастық ақыры алып тынды. Бір күні перменің жиналысына әкең екеуміз де бармай қалдық. Әкіреңдеп келді. Әлгі перме бәле. Мекемтас баламыз жүрер жолында отырып қалған екен. Аяғы шықпаған. Перме бастық, жұлқи көтеріп жылжытты да: «Ойпырмай, мына бәленің зілдейін-ай!» – деді ежірейе қарап, бізге ұрыспаққа ұмтылып. Содан, ертеңіне Мекемтасым орнынан тұра алмады ғой. Арқасын ашып қарасақ, көгеріп, теңбіл-теңбіл бірдеңе боп кеткен екен», – дейтін еді есіл де асыл анамыз. Әсем апа. Сөйтетін де, ебіл-дебілі шыға еңірейтін-ай. «Мекем-тас-е-е-ем… Мекем-тай-е-ем! Мекем болмадың ба-а-а… Тас Мекем болма-дың ба-а-а…  Балапан-е-е-ем. Сен тірі болғанда-а-а-а…» Дейтін. 

Алғаш Абай мектебінде естідік-ау. Есіміңізді. Онда мектебіміз басқа тұста. Музей де жоқ. Сіздің суретіңіз де жоқ. Атыңыз да, атағыңыз да әлдеқайда кейініректе шыға бастады ғой, Тас Мекем көке.

Баяғыда, Алматыда бір кездесіп қалғанымызда ше, сәлемімізге жай ғана жауап қатып, қолыңызды баяу бердіңіз. Кісікиікпіз ғой, біз. Біз. Жанаса алмадық. Жұғыспақ, тіпті, ойда жоқ. Таныспақтан да тартынып кете бардық. Тек қана: «Мекемтас. Мекемтас аға. Мекем көке. Мына біздің Мекемтас көкешіміз тірі болғанда-а-а-а… Біз бүйтіп жүрмес пе еді-і-і-ік… Мына Мырзахметов Мекемтастай болмағы да бек бәлкім еді-ау-у-у-у!» Деп, уілдей ой кешетінбіз. Уілдеген мейлі ғой.

Ұлитындай уақыттарды да бастан көп-көп кешірдік емес пе?… Ұлыған сайын сәби кезінде көз өтіп, тіл тиіп, арқасы көктеңбілденген көкеміздің кейпі көз алдымызға түрлі-түрлі күйінде елестейтін. Әліге дейін солай.

Бертініректе, тіпті, мұнда, Абай мектебін алпыс төртінші жылы бітір­генімізге жарты ғасыр толғаннан соң, кәдімгі кездесуімізден кейінгі мезгілдерде, зәуіде сәл-пәл сырласыңқырай қалған сәттерде Тас Мекем сынды көкеміз кейде: «Сен де мен сияқты кісікиік екенсің ғой. Өзің сөйтіп жазыпсың. Мойындапсың. Оқыды-ы-ы-ым», – дейтін. Үні құмығыңқы. Жайлы-жуас. Мейірімді. Тағы бірде: «Бізден әлдеқайда кіші, бала бола тұра сенің де көрмеген құқайың, тартпаған азабың қалмаған сияқты ғой», – деген. Дауысының түсі өзгермеген күйінде.

Ондай-ондайда: «Ой, қойыңызшы, көке. Сіз тартқан теперіштердің қасын­да біздікілер жіп есе алмайды емес пе?!» – дейміз аздап-аздап әзілдейтін әдетімізбен.

«Тас Мекем көкеміз күлімсірейді. Корейлердікінен аумайтын көздерінен анық ештеңе аңғарыла қоймайды. Үңіліңкіреп қарауға ұяласың. Толық ақтарылып күлмейтін секілді. Қатты күлейін деп-ақ ақпейілденетін бой-болмысын тез тежеп ала қоятындай ма, қалай. Әлде бізге солай сезіле ме, қайдам. Осы кісіңізбен, Мекемтас Мырзахметұлымен сырласың­қырамайтын, аз ғана амандық-саулық сұрасумен ғана шектелетін, алайда, сырттай сыйласатын, кітаптарын ғана емес, газеттер мен журналдарға шығатын мақалалары мен сұхбаттарын да іздеп жүріп оқитын, сусын қандыра рахаттанатын жылдар жылжып-ақ жататын. Шамамен екі мыңыншы жыл шығар. Ғасырлардың тоғысы. Өзімізше сырттай ғана тілеулес, бірақ, ішей пір тұтатын Тас Мекем көкеміз туралы жазбаша толғанған сыңайландық. «Қайырымды қала іздеп жүрсіз-ау, қайран аға…» деген тақырып қойдық. Алғаш «Іштарлық пен құштарлық» деп атағымыз келген. Кейін өзгерттік. Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қаласы» ойымызға орала берген. Ал, Мекемтас ағамыз қаладан қалаға қайта-қайта көшуін қоймады. Бұнысының басты себептері аз емес еді, әрине. Алайда, ең негізгілері – күншілдік, іштарлық, көреалмаушылық болатын. Бақастық атаулының бір шеті басшыларға да байланыстытұғын. Сондықтан, «Қайырымды қала іздеп, жүрсіз-ау, қайран аға…» деген дүниемізге Әбу Насыр Әл-Фарабидің атақты туын-дысынан: «Басшы адам… Алғыр һәм аңғарымпаз ақыл иесі, өткір сөзге шешен, өнер-білімге, ғылымға құштар, сауыққұмарлықтан аулақ болмаққа керек, ақиқат пен ақиқатшыл адамдарды сүйе білмегі, жалғандық пен жағымпаздарды жек көрмегі ләзім», – деген пікірді эпиграф етіп алдық. 

Ол дүниені жазар ма едік, жазбас па едік, әлдебір кісілеріңіз әдейілеп сұрайтынға айналған.
«Әй, осы Мекемтас Мырзахметов тағы да басқа қалаға ауысқан дей ме?» «Қызық. Сенің сол ағаң-ақ сөйтеді де жүреді. Қоныс аудармаса ауырады-ау, әсте». «Түркістаннан кетіп, Алматыға барған дей ме, әлде Таразға тоқтаған ба? Шымкенттен неге аттап өте береді өзі?» «Түркістанға қайта оралады деп жүр ғой. Сен білетін шығарсың бәрін? Білесің сен».

Ал, біз, шынымызды айтамыз. «Біл­мейміз», дейміз. Күмілжіп. Әлгі суы­рыла сөйлейтіндер сенбейді. Біздің білмейтініміз, тек анда-санда, жиналыс­тарда ғана жол-жөнекей жолығысып, салқындау күйде сәлемдесетініміз растұғын. Кісікиіктер емеспіз бе?

Өзгелер иланбас. «Қойшы, жерлес­сіңдер ғой». «Ағаңның айыптарын айтқың келмес». «Көкең емес пе сенің?» десетін.

Ақырында тамағымызға тас тығыл­ғандай боп отырған бір күні «Іштарлық пен құштарлық» деген тақырыпты қағаз бетіне түсірдік. Сәл-пәл ойланып, оны сызып тастадық. Сөйтіп, «Қайырымды қала іздеп жүрсіз-ау, қайран аға…» деген атпен ауыстырдық. Сол толғамымыз үлкен газеттердің бірінде жарияланған. Өзімізше жоғарыдағыдай кекетіңкіреп сұрақ қоятындарға жауап ретінде жазған болдық.

Шамамен былай толғандық. Мекемтас Мырзахметұлын біреу білер, екеу білмес. Дедік. Зиялымын дейтіндердің білмейтіндері жоқ шығар, сірә. «Зия» дегеніміздің өзі «нұр» ғой. Нұрсыздарға дауа жоқ, әрине. 

Мекемтас Мырзахметұлы, біздің ойымызша, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машани, Әуелбек Қоңыратбаев сынды саңлақтарға көптеген қасиеттері жақтарынан ұқсайды десек, артық айтқандық болмас. Кейбір жақтарынан бірқатарынан озықтау шығар, кім білсін, әйтеуір, «әпенделігі» басым, пенделілігі кем сол асылдарға етене жақындығына күмән жоқ. Ал, енді, айтулы Абайтанушы ретінде профессор Мекемтас Мырзахметұлы мырзаның есімі Мұхтар Әуезов, Тәкен Әлімқұлов, Қайым Мұқаметқанұлы бастаған текті тізімде тұрыпты. Анау, ахау Семейден шығатын айналайын «Абай» журналы Мекем ағамыз жайында: «Абайтанушылардың көшбасшыларының бірі ғана емес, бірегейі», – деп жазды. Осы орайда, Абайдың 150 жылдығына байланысты бір қауым ғалымға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді емес пе? Мінекиіңіз, сол кезде атақ атаулыға ұмтылмайтын, марапатталып, мақталуға жұлқынбайтын Мекемтас Мырзахметұлына сол сыйлықты бермеске болмағанын да біле­тіндер көп. Бергілері келмегендердің һәм болғаны белгілі. Тіпті, сәл ертеректе филология ғылымдарының докторлығын қорғауының өзі күтілген және күтілмеген кесепатты кедергілерге тап болып, күншілдік пен көреалмаушылық, іштарлық кес-кестегені, билік басындағылары бар, қатарлас жүрген дұшпан-достары бар, жаппай жабылып, таражға салып, таланға түсіріп, талағанына куә болғандар да жетіп-артылар.

Бірінші, ерен ерлігі ретінде ай­рықша Абайтанушылығын айттық.Екін­­­шіден, профессор Мекемтас Мыр­захметұлы ғұлама Мұхтартанушы және Мұхтартанушылардың мерейлі мектебінің табанды тәлімгері ретінде де жұлдызы жоғары тұрған тұлға. Бұл – әлдеқашан дәлелденген ақиқат. 

Үшіншіден, Мекем ағамыз миссио­нерлікке, оның ішінде отаршыл Ресей патшалығының миссионерлігіне көз­қарасты түбірімен талқандап, қасаңданып қатып қалған, ағартушылық ретінде ақталып, мақталып, санада сақталып келе жатқан қағидасымақтардың быт-шытын шығарып, тағы бір ерен ерлік көрсетті.

Төртіншіден, топонимика, ономастика мәселелеріндегі міз бақпай  жатқан сауыс-сауыс сеңдерді қозғап, бұзуға септескен де осы бір даусы қарлығыңқы, үні құмығыңқы, алайда қайтпас-қайсар рухты Тас Мекем көкеміз еді. Басқыншылық, отаршылдық, қарашекпендік қарау пиғылды, тоң-торыстанып, орыстанып кеткен ономастикалық-топонимикалық атаулар бертініректе тарихи түп-түбірі мен тек-тамырын таба бастаса, бұл-дағы осы кісінің бастауымен болған.

Бесіншіден, қазекемдердің тегін (фамилиясын) өзгерту жайын, «-ов» пен «-евтерден» құтылу жолын ашық айтуға және ашып жазуға ең әуелгіде батылы барған да – Мырзахметұлы мырза. 

Алтыншыдан …
Айта берейік пе?

Бүгінде сонау сексен алтыншы жылғы желтоқсанның жай-жапсарын айқындай түспектің ауыртпалықтарын тұтас көтерген болып көрінетіндер көбейді. Сондай-сондайларға қарап отырып, ләм-мимсіз, жылы жымиып, кейде күрсініп қоятын Тас Мекем көкеміз өзін ондай «қайраткерлер» қатарына қоса бермес. Бірақ, ұлтының қамы үшін үлкен істерді үндемей ғана тындыруға үйренген ағамыз – Желтоқсан ақиқатын анықтар жол-жобалардың жүйе-жүлгелерін сапалы арнаға салып бергендердің де бірі ғана емес, бірегейі. Сол кездерде құрылған кәмәсияның тең төрағасы болған. Бұл кісінің аштан өлсе де, ақиқаттың хас жолынан таймайтын Тас Мекемдігін сезгендер тең төрағалықтан һәм табанын тездете тайдырмаққа тырысқан.

Жә, жетер-дүр.

Тәптіштеп, тықақтай бермелікші. Десек те. Мекемтас ағамыз өзінің қиялилау ғалымдық жолын Алматыдайын ару қала­да бастаған екен. Аспирант шағынан-ақ қайырымсыздық қайта-қайта қадамын тұсап, қылбұрау сала берген секілді. Бәрі де, жаңа ғана жоғарыда анықтап айтқа­нымыздай ғой. Жалпыдан жырылған жал­қыдайын жауһар жанды жас ғалым жағымпаздыққа да, жылпостыққа да, жал­ғандыққа да жоқтұғын. Аярлық атаулыдан аулақ-тын.

Бақастық деген бәле ғой, бірақ, бұныңыз һәм қажет деседі. Кей­біреу­леріңіз. Қазақтың қара шалы, адам­заттың данышпаны мөлшер мен өлшем мәнісін өзінің қара сөздерінде қадап-қадап, қайталай қайып тіккен. Барлық нәрсенің, барша мәселенің мөлшері мен өлшемі болмаққа керек. Өйтпеген күнде, Абай айтқандай «боғы шығады». Бұ заманыңызда бақастық деген бәленің боғы борап, оғы орап тұрыпты.

Алматының апшуынан, іштар­лықтың шапшуынан шошынып, күн­шіл­дікпен кектеспей-ақ, түптің-түбінде жетіліп қайта, бекініп тағы, бәрібір кері оралармын-ау деп, Шымкентке тартқан. Жап-жас Мекемтас. Қазығұрттың баурайындағы қала қайырымсыздық танытты. Қабылдамай қасарысты. Сонсоң, Сырдария шаһарынан бір-ақ шықты. Одан зиян шекпеді. Қиянда жүріп те ізденуден танбады. Ташкентіңіздің тас ғимараттарындағы шаң басқан, тозаң шашқан архивтерді ақтарды. Сарылып, сарғайған қағаздарды кемірді.

Арманын арқалап Алматыға қайтып оралды. Көз майын тауысып, Абайтану мен Мұхтартану тарихын тың арналарға салушылардың көш басында жүрді, ондаған томдап кітаптар шағарды, ізбасарлардың санын ғана көбейтіп қоймай, сана сапасын жаңа биіктерге көтеруге көмектесті.
Жасы ұлғайып, алпыстан асқан шағында: «Түркістан түркі тектес халықтардың рухани астанасына айналады, қазақ ұлтының рухын аспанға көтереді», деген тілекті ауыр жүктер арқалауға үйренген иманигүлді жүрегіне теңдеп артқан Мекемтас Мырзахметұлы көреген бабасы Ахмет Ясауи жатқан қасиетті топыраққа тұрақтанды. 

Бір өзі – бір институт, бәлкім, бір университет, мүмкін академия дейтіндей ғұламалар қазақта, Құдайға шүкір, баршылық. Қазақтың маңдайы қу маңдай емес, қушиып қалмаған, небір ірі тұлғаларға орын да, атақ та, абырой да жетеді. Тайқымаң-дайландырып,  түкті де сыйдырғымыз  келмей,  тарылтатын – өзіміз. Ірі-ірі тұлғалардың айнала-төңірегінде ірі-ірі іштарлықтар күн­шілдіктен, көреалмаушылықтан күшік­теп, күжбанданады.

«Бір өзі – бір академия, бір университет» деп, Мекем ағаны әспеттеп, асыра сілтемей-ақ қоялықшы. Бұл кісі мұндайға мінәждар емес. Алайда, академияның, бір институттың бақандай бөлімшесі мәнзелдес тірлік тындырып жүргеніне талас жоқ. Түркістанда жүріп-ақ Абай арналарына, Мұхтар мұраларына байланысты, олардың Ясауимен, әл-Фарабимен, Баласағұнмен, тағысын-тағылармен үндестігі, үйлестігі хақындағы тереңге тартқан тақырыптарды, биікке беттеген бағдарларды зерделеген он жеті ғылым кандидатын даярлап өсірді. Түркістанда жүріп-ақ қай-қайсысы да талай-талайларды таңырқатқан он алты кітап шығарып үлгерді.

Мекем аға, кім не десе о десін, Түркістанның мыңжарым жылдық мерейтойы қарсаңындағы жеті жылда әлі де ұйқыдан толық оянбаған өңірдегі руханият қайнарларының көзін ашқан, бастау-бұлақтарын тұндырған тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі болғаныңызды ешкім жоққа шығара алмас. Әрине, өкінішке қарай, Арыстанбаб пен Әзірет Сұлтанды ғылыми-рухани жағынан кешенді де кемел, жауһар әлемге айналдырмақ мақсаттағы ұсыныстарыңыз, Ясауитануды да Абайтану мен Мұхтартану мәнзелдес өнегелі-өркениетті дамытпақ ниетіңіз, өзге де көптеген көркем ниетті көкей аңсарларыңыз кес-кестеген кедергілерге кездесіп, жүзеленбекке жазбады. «Түркістанды шын мәніндегі рухани орталыққа, ХҚТУ-ды түркі дүниесінің текті, өзгеше озық үлгідегі оқу-білім-ғылым ордасына айналдыру үшін мыналарды-мыналарды істемек керек-дүр», – деген идеяларыңыз қайырымсыздау құлақтарға кірмеді. Керісінше, кесіп айтар ұлы шайыр Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармасындағыдай: «Біздерде мына­дай бар, мынадай бар», деген пысы­қайлар парасаттың басынан аттап, аттандап оза шапты да кетті. 

«Нахақ көзден жас бар ма» демей-ақ қоялықшы, Тас Мекем аға, сіз Түркістан-ның тойына тоғыз ай қалғанда Таразға тартып кете бардыңыз-ау…
«Тағы да қайырымды қала іздеп кеткен шығар», – десіп, мырс-мырс күлетіндер көбейді.
Күрсінетіндер азырақтұғын.
Бағзы заманда бабаңыз әл-Фараби де сөйткен екен. Қайырымды қала іздеп, жаһан жүзін көп кезіпті ғой. «Қайырымды қала тұрғындары…» деп басталатын тақырыптағы туындысын сөйтіп жүріп жазғандағы.

Сіз-дағы жаза беріңіз. Жазар көбейсін.
Бәлкім,  бәрі де, Тәкен Әлімқұлов айтатындай «Ерке болмыстың тәуел­сіздігін» аңсай берер «ауруы­ңыздан» ба, кім білсін-ай, кім білсін…

Тегісі, Мекем аға мекен еткен Алматы, Шымкент, Сырдария, Шыршық, Ташкент,  қайтадан  Алматы,  Түркістан,  Тараз,  қайтадан  Түркістан,  Алматы – бәрі қайырымды қалалар, шуағы нұрлы шаһарлар. Қатыгездік пен қайырымсыздық, күншілдік пен бақастық, ірі-ірі іштарлық қалалардан емес, тұрғындар тарапынан болар. Онда да зиялымын деп жүргендер ішіндегі зиясыздардан, зияндылардан, жалғандыққа иланып, жағымпаздыққа жығылар имансыздардан көбірек шығар. Бұл – жаңалық емес. Қашан да, қайда да солай. Осылай жалғаса берер. Әйтпесе, Әл-Фараби бабамыздың қайырымды қала іздеп жаһан кезіп бара жатқандағы бейнесінің бір елесі бүгінгі Мекемтас ағамыздың тұрпат-тұлғасынан, тағдыр-талайынан табылар ма еді? Арада аттай бір мың да, бір  жүз  жылға жуық уақыт өтпеді ме?! Қалайынша қайталанады?! Бүгінде Әл-Фараби бір мың бір жүз отызға, ал, Мекемтас Мырзахметұлы жетпіске толып отыр емес пе? Бір қуанарлығы және жұбанарлығы сол, екі мың жылдығына енді-енді әзірленбек Таразда да Тас Мекем көкеміз тыныш отырмас. Тыным таппас. Ұлттың қамы үшін ұлағат болар руханияттық тірліктер тындырып жүрер.

Ләйім, қалаңыз қайырымды, тұрғын­дары мейірімді болғай, Мырзах­метұлы мырза!

Мінекиіңіз, құрметті оқырман, Тас Мекем көкеміз туралы мақаламызды түгелге жуық күйінде тізіп келтіріп отырыппыз. Өзімен сөйлеспей-ақ, сырласпай-ақ, сырттай сезінетіндіктен, сұхбаттарын да, жазып-сызғандарын да оқып жүре­тіндіктен, кейбір кекететіндердің, мыс­қыл­дап мұқататындардың әсерімен, соларға аз ғана жауап ретінде жазғанымыз рас еді. Бірақ, үлкен газетте жарияланса-дағы, Мекемтас Мырзахметұлы оқыдым демеді. Көп кешікпей-ақ бір емес, бірнеше мәрте жиналыстарда кездестік. Ләм-мимсіз Сәлемімізді салмақтылау-салқындау ғана қабылдап, баяғысынша баяу қимылмен қолын береді. Мақаланы көрген-көрмегенін, оқыған-оқымағанын біз дағы батып сұрай алмаспыз. Кісікиік күйімізден танбаспыз. Корейлер кейіптес, сыр сездірмес, сыпайы. Сеул жақтан сапарлап келсе де, тымпиған күйінен танбайтын туысқан халықтың өкілдері секілді. Тас Мекем көкеміз. 

Есесіне кейбір кісілеріңіз кекесіннің көкесін көрсетті. Баяғы: «Сол ағаң сөйтеді де жүреді. Көкең көшпесе, қоныс аудармаса, ауырады-ау, әсте», «Түркістаннан Таразға барды ма, әлде Алматыға асты ма?», «Бәрін сен білетін шығарсың? Білесің сен», – дейтіндер. Біраз-біраз шулады. Бірқатары тулады. «Дұрыс жазбағансың. Көкеңді ешкім қудалаған жоқ. Оған біреу кет деп пе өзі? Өзі ғой, өзі. Өзінен көрсін», – деді. «Ағаңды әл-Фарабиге теңегенсің бе, немене?» – деді. «Қайырымды қала іздеп жүр ме, жоқ әлде, Қазақстанның әр шаһарынан бір-бір үй алғысы келетін ауруға ұшырады ма ағаң?» – деді.

Үн-түнсіз құтылатынбыз.
«Іштарлық пен құштарлық». Дей­тінбіз. Іштей ғана. Күбірлеп.
«Не дедің? Бірдеме айттың ба?» – десетін әлгіндейлер.
«А? Жоқ, ештеңе демедік», – деп, іштен тынатынбыз.

Айтпақшы, сонау сексен үшінші жылыңыздың (өткен ғасырыңыз) көкте­мінде болу керек, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің мәдениет, әде­биет және өнер бөліміне Мекемтас Мырзахметовтің «Ванновка аталуының сыры неде?» деген мақаласы келіп түсті. Біз де, облыстық газеттің тізгінін ұстап отырған басшылар да алғашқыда қорқыңқырадық. Бөлім меңгерушісі ре­тінде әрі партия бюросы мен редакция алқасының мүшесі ретінде бір сөзін өзгертпестен, шекесіне шиыра қол қойып, қуана дайындап өткізгенімізбен, қалай болар екен дейміз ғой баяғы. Бізден жоғарыдағылар бізден бетер қорқады, әлбетте. «Шатақ болмай ма?» – деді газет редакторы. «Аздап болуы мүмкін. Алайда, «Оңтүстік Қазақстанымыздың» абыройы артып, беделі көтеріледі. Сең бұзылады. Сізге де риза болатындар көбейеді», – дедік біз. Сол кезеңде кейбір басылымдар батылдана бастаған. Таласты мақалалар, тереңірек сұхбаттар, елді елең еткізетін пікірлер бұрынғыдан жиірек жарияланатынға айналған. Айна­лайын, Андроповтың тұсы шығар-ау, жаңылмасақ. «Жарайды, жариялайық», – деді Әмірсейіт Әлиев. Содан бес-алты айдай алдында Әбекең және бір ерлік жасап еді. «Оңтүстік Қазақстан» – әдебиет газеті емес, апта сайын дерлік «Әдебиет және өнер» беті, «Көңілашар» бөлімі, «Қақпан» мүйісі беріледі. Оларға қоса қайта-қайта ақындардың өлеңдері, жазушылардың әңгімелері мен повестерінен үзінділер, әдеби рецензиялар қаптап шығып жатады. Әдеби басылым емес қой бұл! Доғару керек!» – деп, шабуыл жасаған белгілі топқа тойтарыс беріп: «Рас, біздің «Оңтүстік Қазақстанымыз» – әдебиет газеті емес, бірақ, әдебиетшіл газет. Солай болып қалады», – деген салмақты, салиқалы күйде шегелеп. Әмірсейіт ағайымыз.

Сонымен, «Ванновка аталуының сыры неде?» деген дүние жарияланды. Әр қадамды, әрбір қаламды, қай-қандай мақаланы да аңдып отыратын орындар қабақ шыта қоймады. Тек бір мекемеден ғана алдағы кездерде абайлау керектігі ескертілді. Обалы нешік, ондай-ондай орындағыларға һәм Мекемтас ағамыздың материалы, көтерген мәселесі ұнамай қалмаса керек. 

Оқырмандарымызға түсініктірек болу үшін сіресіп жатқан сеңді қозғаған сол мақаладан бірер үзінділер келтіргеніміз жөн секілді. Сексен үшінші жылы біраз басылымдардан беті қайтқан мақаласында Мекемтас ағатайымыз бүй дейді: «Елдімекен, жер атауларының, керек десеңіз, тіпті, халықтың өз атының өзгеріп кетуіне саяси-әлеуметтік, тарихи оқиғалар шешуші себеп болып отырады. Бұған мысал іздеп алысқа бармай-ақ өзімізге етене таныс Орта Азия мен қазақ даласындағы жер, су, қала, өзен, халық атауларының өзгеріске түсу тарихынан да көп нәрсені аңғарып, пікір түйе аламыз. Бұл өлкелер талай рет тарих шарасында сапырылғаны, соның әсерімен жер, су, елдімекен, халық атаулары да талай өзгеріске ұшырағаны – тарихтан мәлім жайлар».

«Ұлы Октябрь революциясы кезінде зорлықпен қойылған Перовский, Верный, Черняев, Скоблев, Гавриловка, Абакумовка, Александровский форт, тағы басқа толып жатқан атаулар бастапқы тарихи қалпына келтірілді. Советтік дәуірдің алғашқы жылдарында отаршылдық топонимдер едәуір өзгертілсе де, кейбір  елдімекен атаулары ескерусіз қалып қойды. Отаршылдық идеологиядан туын­даған топонимдерді тұтастай алып, тереңдей тексеріп, мәнін ашып жа­туға ол тұстың уақыт сарабы көтере бермеді. Осы іспеттес елеусіз қалған елдімекен атауларының біріне қазіргі Түл­кібас ауданының орталығы Ванновка селосы мен сол аудан көлеміндегі Антоновка, Вознесеновка, Корниловка, Новониколаевка, Сергеевка селоларын жатқызуға болар еді. Бұл селолардың бәрінің де аты тұрғылықты халықтың және қоныс аударған шаруалардың еркінен тыс, патша әкімдерінің қалауы­мен қойылған».

«Ванновка селосы 1891 жылы ұйым­дастырылып, оның осылай аталып кетуіне Николай патшаның өзі түрткі болған. Өйткені, Ванновка селосы 1882-1897 жылдар  аралығында Россия империясының соғыс министрі болған Петр Семенович Ванновский (1822-1904) атымен аталған. Осы соғыс министрінің аты тек Қазақстанның өзінде бірнеше селоларға қойылды. Бұл селоның аты алғаш «Түлкібас» сөзінің аудармасы ретінде Лисицын деп, кейінірек Ванновский деп, ал, соңынан Ванновка деп аталып кете барды. Қостанай облысындағы Федоровка ауданының бір селосы мен сондағы селолық совет те осылай аталып келе жатыр».

«П.С.Ванновскийге «патша ағзам­ның» қатынасы тонның ішкі бауындай жақын болғандығы сонша, ол тіпті Екінші Николайдың 1901 жылғы 25 мартта өз қолымен жазған «раскриптінде» ашық көрініп тұр. Онда оны «ағарту министрі етіп қуана тағайындайтынын» айтқан. Армия арасында оспадарсыз қылығы үшін абыройы түскен генерал П.С.Ванновский ағарту министрі болғанда да, Россия империясының оқу орындарына мейлінше керітартпа, отаршылдық рухтағы реформаны ендіргені белгілі».

Тас Мекем көкеміз Ванновка және Ванновский туралы бұлтартпас дәлел-дәйектерді келтіре отырып, Кауфманның «К вопросу о русской колонизации Туркестанского края», «Обзор Сырдаринской области» кітаптарынан, басқа да авторлардың еңбектерінен мағлұматтар береді. Сөйтіп, Түлкібас ауданындағы Антоновка селосының бұрын Кершетас, Корниловканың – Жасылкешу, Высокоенің – Шақпақ, Новониколаевканың – Рысқұлбек жайлауы, Вознесеновканың – Шиттөбе, тағысын-тағылардың бәрі қазақы, тарихи, жағрапиялық атауларға ие болғанын баян етеді. Баян етіп қана қоймай, жоғарыдағыдай атауларды қайта қарап, осы заман талабына орай шешетін уақыт жеткенін, патшалар, князьдер, қандыбалақ генералдар мен генерал-губернаторлар, священниктер мен поптардың атына қойылған елдімекен атаулары халқымыздың рухани ар-ожданына мүлде сәйкес келмейтінін, байырғы тарихи атаулары қайтарылып, немесе нағыз қайраткерлердің, айтулы мәдениет және өнер өкілдерінің аттарын беру туралы ұсынысын білдіреді.

«Ванновка аталуының сыры неде?» деген мақала «Оңтүстік Қазақстан» газетінің оқырмандары тарапынан қызу пікір туындатты. Хаттар көптеп түсе бастады. Басылым басшысы: «Тыныштық керек. Мақаланы жариялап, ың-шыңсыз құтылып кеткеніміз де жетеді, айналайын. Пікір білдіргендердің бәріне ақырындап, абайлап, мәдениетті түрде жауап жазыңдар» – деді. Әдеттегідей, жол-жөнекей, үстірт қана жолығысып, асығыс сәлемдесіп өтетін бір ұшырасқанында Мекемтас ағамыз: «Бірнеше газет-журнал алмай, баспай қойып еді, сендердің газеттеріңе таңғалдым» – деді де қойды. Кейде корейлерше, кейде жапондарша жымиятын күйінде. Кете барған. Ал, кейініректе, сәл де болса сұхбат құрмақтың, сырласпақтың сәті түскенде, Тас Мекем көкеміз: «Іштарлық дейсің бе? Ірі де ірі іштарлықтар ірі-ірі тұлғалардың төңірегінде болады ғой. Қазақтағы ең ірі іштарлықтар, сірә, Абайдың айналасында, онан кейін Мұхтардың, Әуезовтің өмірінде болған шығар… Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының өмірін де күншілдік, көреалмаушылық кес-кестеумен болды ғой…» – деді. Күрсініп.

 «Империялық іштарлық туралы жазып жүрміз  ғой.  Ең қайғылы  қасірет – осы», – дейді Тас Мекем көкеміз тағы да. 

«Біз сіздің «Ванновка аталуының сыры неде?» деген мақалаңыздан қатты әсерленіп, елтігеніміз сонша, бір ономастикалық әңгіме жазғанбыз». Дедік. Біз.
«Ол қандай әңгіме? Оқымаған сияқтымын», – деді Мырзахметұлы мырзаңыз.
«Басқасын білмесеңіз де, ономас­тикалық әңгімеден хабардар болма­ғыңыз жөн еді, – деп әзілге бұрың­қырадық. – Міне, оқып байқаңызшы. Шыдамыңыз жетсе».

Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы