11 жел, 2016 сағат 10:59

Марат Тоқашбаев. Жасырын жалақы, құпия кірістер

Біздің елімізде халыққа айтылмайтын құпиялар көп. Ол көбіне қорғаныс, қауіпсіздік салаларына қатыссыз, лауазымды тұлғалардың жылдық, айлық табысы төңірегінде. Бірқатар облыс әкімдерінің өз еріктерімен жариялаған декларациясы болмаса жұрт Қазақстан министрлерінің, Үкімет басшысының, Парламент Палаталары Төрағаларының, Елбасының, Жоғарғы сот Төрағасының жалақылары туралы мүлде білмейді десе болады. Бәрі құпия!

Қарапайым салық төлеуші Сіз бен біздің қаражатымыздан құралған бюджеттен күн көретін лауазым иелерінің жалақысы неге құпия болады? Бүкіл әлемде құпия болмайтын нәрселер Қазақстанда да құпия болмауға тиіс. Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында билікті халыққа жақындату мақсатында лауазым иелерінің жыл басында өткен жылғы айлық, жылдық табыстарын ашық жариялауды міндет етіп қойғаны дұрыс деп ойлаймын. Экономиканы көтерген немесе тығырыққа тіреген лауазым иелерінің табысын қарапайым жұртшылық білуге тиіс.

Бүгінгідей ақпараттар заманында біз басқа елдердегі жоғары лауазым иелерінің айлық, жылдық табысы туралы жақсы білеміз. Қазақстанда да соған қол жеткізілуі қажет. Ашықтық халықтың билікке деген сенімін арттырады. Құпиялық бишігештердің жауапкершілігін төмендетеді, билік пен халық арасындағы жікті тереңдетеді. Ашықтық - соның бәрінің емі.

Енді ақпараттар көздерінен жиналған мына деректереге көз салыңыз:

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның жылдық табысы 227 253 доллар, айлық жалақысы 18 938 доллар.

АҚШ Президенті Барак Обаманың бір жылғы табысы 395 мың доллар, айлық жалақысы 32 917 доллар.

АҚШ-тың 42-ші Президенті, БҰҰ-ның Гаитидегі өкілі Билл Клинтонның жылдық табысы 5,3 млн доллар, айына кірісі 441 667 доллар.

Германия канцлері Ангела Меркельдің жылдық табысы 249 341 доллар, айлығы 20 778 доллар.

Франция Президенті Франсуа Олландтың жылдық табысы 202 270 доллар, айлық жалақысы 16 856 доллар.

Ресей Президенті Владимир Путиннің жылдық табысы 
135 736 доллар, айлық жалақысы 11 311 доллар.

Ресей Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевтің жылдық табысы 135 227 доллар, айлық кірісі 11 мың доллардан сәл асады.

Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың жылдық табысы 53 777 доллар, айлық жалақысы 4 481 доллар.

Әзербайжан Президенті Ильхам Алиевтің жылдық табысы 
225 000 доллар, айлық жалақысы 18 750 доллар.

Ал, Қазақстан басшылығының айлық, жылдық табыстары неге құпия болады? Қазақстан электораты басқа елдердің халқы тәрізді өз билігінің жеке табыстары туралы білуге құқылы.

Марат Тоқашбаевтың фэйсбуктағы жазбасынан