27 қаң, 2017 сағат 17:03

Марат Тоқашбаев. Конституциялық реформа қазақтың мүддесін қорғауы тиіс

Кеше, 25-қаңтарда Көкшетаудан Астанаға жету оңайға соқпады. Боран! Жол жабық. Лектрішкемен бес сағат жол жүріп Астана уакзалына келсек, қатты соққан бораннан бірінші жолдың шатыры құлап түсіпті. Әйтеуір адамдары аман дейді. Қарбалас жөндеу жұмыстары жүріп жатыпты. Әупірімдеп, әуежайға жеткенде Елбасының Үндеуі жарияланатын уақыт болып кетті. Ал әуежайда ұшақтардың ұшатын мерзімдері бірінен кейін бірі кешіктіріліп жатыр. Тәуекел деп «Эйр Астана» арқылы Алматыға жетіп, одан үйге келгенше сағат түнгі бірден асып кетті. Содан Мемлекет басшысының Үндеуімен, Ата заңға өзгерістер жобасымен танысуға бүгін ғана жұмыс арасында мүмкіндік туды.

Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде жұмыс тобы құрылып, оның алғашқы отырыстары өткізілгенінен бұрын да хабарымыз бар. Алдымызда конституциялық өзгерістер күтіп тұрған анық. Бір ай талқылауға мүмкіндік те беріліп отыр. Президенттің қырық шақты өкілеттігін Парламент пен Үкіметке беретін болғаны әрине, жақсы. Бірақ қазақ халқы күтіп отырған конституциялық өзгерістер бұдан әлдеқайда тереңде еді.

Ең алдымен Конституция аңдатпасында Қазақстан мемлекеті қазақ халқының өзін өзі билеу формасы екендігі, қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екендігі жазылуға тиіс. Мемлекет ең алдымен қазақ мемлекеттілігін дамытуға қызмет етуі керек. Егер мұндай қазықты қағидалар көзделмейтін болса онда Ата заңның алдағы ықтимал өзгерістері тек косметикалық сипатта қалатынын ішіміз сезеді.

1995 жылы 30-тамызда өткен референдумда қабылданған Негізгі Заңға 22 жылдың ішінде 59 түзету мен толықтыру енгізілгені туралы былтыр Конституция күні қарсаңында жазғанмын. Енді енгізілетін бір топ түзетудің (18!) мазмұны елді шынайы демократиялық деңгейге жеткізе алмайтыны тағы да айқын. Сот билігі президент билігінен жоғары тұрмай демократия ауылы алыс болатындығын әлемдік тәжірибе көрсетіп келеді.

Бұрынғы 59 түзету мен өзгерістерге соңғы 18 түзету қосылса бәрінің саны 77 болады екен. Референдумда бүкілхалықтық жолмен қабылданған, 98 баптан тұратын Негізгі заңға Парламент 77 түзету мен өзгеріс енгізсе, мұндай «конституциялық бораннан» Ата заңның о бастағы легитимдік нұсқасынан не қалады?! Сондықтан Парламенттің Конституцияны өзгерту құқығын алып тастау қажет.

Украинаның бұрынғы бас прокуроры Святослав Пискун айтпақшы: «Конституциясына жиі өзгерістер енгізген мемлекет стагнацияға ұшырайды». Негізгі заңды өзгерте беру жағдайды тұрақсыздандырады деп қауіптеніп Ресейдің өзі мұндай қадамнан бас тартып отырған жоқ па?!. Өкінішке қарай бізде билік көп жағдайда мемлекетті тиімді басқара алмағанын Конституция мен заңдардың жетілмегендігінен көріп жатады. Іс жүзінде биліктің Конституцияны өз ыңғайына қарай өзгертіп отыруы нашар әдет.

Меніңше Қазақстанға қайта-қайта өзгерістер жасала беретін Уақытша (уақытша демеске амалымыз жоқ!) Ата заңнан гөрі ұрпақтарға тұрақты қызмет ететін, таяу 50-100 жылда өзгертуге тыйым салынған жаңа Конституция қажет. Әрі ол шынайы демократиялық Конституция болуы керек. Конституциялық өзгерістер жөніндегі комиссия көкейтесті осы проблемаларды назарда ұстаса деймін.

Марат Тоқашбаевтің фейсбуктағы жазбасынан