19 қыр, 2019 сағат 13:54

Марат Шибұтов: Соңғы 100 күн елдегі саяси жүйенің нық жұмысын көрсетті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқаруы Қазақстандағы саяси кластың кемел де өзгерістерге бейім екенін көрсетті. Мұндай пікірді белгілі саясаттанушы Марат Шибұтов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен жалпы біздің аймаққа, Қазақстан мен оның болашағына қатысты айтылатын әртүрлі болжамдарға талдау жасап отырамын. Бұл ретте Қазақстандағы билік транзит мәселесі әрдайым көптің талқысындағы әңгіменің бірі еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшылығындағы 100 күндігі – Қазақстанның саяси жүйесі қалыптасып қана қоймай, бекем жұмыс істеп тұрғанын, билікті ешқандай проблемасыз ауыса алатынын да дәлелдеп берді. Әртүрлі жайсыз да жайлы болжамдардың болғаны белгілі. Олардың бәрін шынына келгенде тоқсаныншы жылдардан бері оқып отырмыз. Олардың көбін жоққа шығарғанымызды да айта кету керек», - деді саясаттанушы елордадағы ОКҚ алаңында өткен «Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президенттігі: алғашқы 100 күн – мақсаттар, қадамдар, тактикасы» атты дөңгелек үстел барысында.

Марат Шибұтовтың айтуына қарағанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқаруы біздің саяси кластың кемел де өзгерістерге бейім екенін көрсеткен.

«Президент қоғамның сұраныстарын анық әрі айқын қабылдап, сол бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын байқап отырмыз. Көпбалалы аналардың жағдайына келгенде байқасаңыз, тек несиелік амнистия ғана қабылданып қоймай, бірыңғай әлеуметтік карта даярланды. Яғни, нақты қадамдар қоғамның сұраныстарын қанағаттандырып келеді», - деді Марат Шибұтов.

Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде халық алдында ант беріп, ұлықтау рәсіміне қатысқалы бері бүгін 100 күн толып отыр. 100 күн ішінде атқарған жұмыстарының видеошолуын мына сілтемеден көруге болады.