#
#
Сейсенбі 24/09/2019

Маңғыстаудағы Сисем ата қорымында ас беріледі

  • 10.09.2019
  • 0
  • 317

13-14 қыркүйек аралығында «Сисем - елдің есігі, ердің бесігі» атты жалпыхалықтық рухани іс-шарасы өтіп, ас беріледі. Соның аясында қорымның мультимедиалық картасы жасалады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте белгілі өлкетанушы Алқажан Еділхан айтты.

«Үш жүз алпыс әулиелі Маңғыстау атанған бағзы жұрт, бабатопырақта күллі қазақ, исі мұсылман әлемі үшін құнды саналатын қасиетті орындар аз емес. Солардың бірі – Сисем ата қорымы. Бұл қорымда тарихи тұлғалар, ел қорғаған батырлар, билер мен бектер, жомарт-мырзалар, рубасылар мен рухани көсемдердің жаны байыз тапқан. Сисем ата туралы тарихи мағлұмат тым аз. Оның ислам дінін таратқан қасиет иесі болғаны ғана айтылады. Сисем ата қорымы – керемет оюларымен, таңғажайып эпиграфикасымен, әртүрлі сәулеттік пішіндермен ерекшеленеді», - дейді өлкетанушы. 

Маңғыстаулықтар бұл орынды қазақ халқының бірнеше қайраткері жерленгені үшін құрмет тұтады. Сисем ата қорымы Маңғыстау ауданының Сайөтес елді мекенінен 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Ғылыми тілде пантеон (игі жақсылар, жайсаңдар, рубасылар жерленген орын) деп атайды.

Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен, ел ағаларының бастамасымен өтетін жалпыхалықтық шарада қазақ күресі, аламан бәйге, жазба ақындар мүшәйрасы, ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыстар жоғары деңгейде өтеді деп күтілуде. 

«Қазіргі уақытта Сисем атаға арнайы мультимедиалық интерактивті карта жасақталып жатыр, яғни ұялы телефонмен QR код арқылы Сисем ата туралы барлық мәліметті көруге болады», - дейді ұйымдастырушылар.

Рухани шара Өтес елді мекенінен 2 шақырым жерде өтеді. Таңдап алынған арнайы орын күре жолдан 500 метрдей қашықтықта орналасқан. Асқа 130-ға жуық үй тігіліп, 5 мың адам қатысады деп жоспарланған.

Айта кетейік, Қазақстанның батысында орналасқан Сисем ата қорымы республикалық деңгейде қорғауға алынған маңызды ескерткіштер қатарында.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар