10 шіл, 2019 сағат 15:20

Маңғыстауда шөл далада адасқан аққулар табылды (Видео)

Маңғыстаудың шөл даласынан бір топ аққу табылды. Ен далада шөлден әлсіреген құстарды Боранқұл ауылының тұрғыны байқаған, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол аққуларды үйіне әкеліп, суармақ болғанымен олар адам қолынан су ішпепті. Құстарға маманның көмегі керегін түсінген тұрғын дереу құзырлы органдарға хабар берді. 10 аққудың 4-еуі өз бетінше ұшып кеткен. Тағы 3-еуі шөлге шыдамапты. «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің инспекторлары қалған 3 аққуды Ақтау қаласына әкеліп, «Қаракөл» көліне жіберді.

"Жол бойы су шашып аққулардың жағдайын қарап отырдық. Тамақтандырып, су беріп. Табиғатта көмегін тигізгендей жол бойы жаңбыр сіркіріп тұрды. Келген аққулардың денсаулығы мен көңіл-күйі жақсы", - дейді Қызылсай мемлекеттік өңірлік табиғи паркі "Көлеңкелі" қаумалының басшысы Ізжан Қалқанов.