03 мам, 2018 сағат 13:25

Маңғыстауда Президенттің бес әлеуметтік бастамасы қарқынды жүзеге асырылуда

Маңғыстау өңірінде Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы қарқынды жүзеге асырылу үстінде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы жобасын жүзеге асыру мақсатында, Маңғыстауда нақты міндеттер айқындалған. Бірінші бастамаға сәйкес, әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестицияларды тарту нәтижесінде облыста тұрғын үй салу және пайдалануға беру қарқынды жүруде.

Өткен жылдың өзінде 18% өсіммен 833 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 мың отбасы баспаналы болған. Ал биылғы жылдың жоспарына сәйкес, 916 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Есепке сәйкес, тұрғын-үйді пайдалануға берудің жыл сайын 10% өсімін қамтамасыз ете отырып 2025 жылға дейін облыстың әрбір тұрғыны 30 шаршы метр баспанамен қамтылатын болады.

Екінші бастама - жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек ақысын көбейту үшін олардың салықтық жүктемесін азайту.Салыстырмалы түрде төмен жалақы (25 есе айлық есептік көрсеткіштен төмен - 60 125 теңге) алатын қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесі 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана болады.

«Біздің облыс бойынша, 250 мың жалдамалы қызметкерлердің  ішінде 22 мыңнан астам адам осындай төмен жалақы алады.Салықтық жүктемесінің азаюы арқылы 22 мың қызметкердің жеке кірісі жылына орта есеппен барлығы 800 млн.теңгеге көбеймек», - деді Ералы Тоғжанов.

Үшінші бастама: жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуды көздейді. Өткен жылы облыста 215 грант, оның ішінде 50 грант өңір экономикасына қажетті мамандарды дайындауға бөлінді. Цифровизация енгізілуіне байланысты, Елбасы информациялық технологияны меңгерген мамандарды көбейту қажеттігін атап көрсетті. Осыған байланысты биыл тағы да қосымша 50 грант және техникалық мамандықтар бойынша магистратурада оқытуға 20 грант бөлінеді.

Төртінші бастама болса шағын несие беруді көбейтуге бағытталып отыр. Елбасы бастамасын іске асыру мақсатында Маңғыстау облысында кәсіпкерлерге 1%-дық несие ұсынатын «Нұр капитал» бағдарламасы іске қосылды. Бүгінгі таңда 200-ге жуық бизнес өтінімдер қабылданды, оның ішінде мал шаруашылығы - 35%, өңдеу және жеңіл өнеркәсіп - 22%, туризм - 16%, транспорт - 8%, егін шаруашылығы - 5%, денсаулық - 5%, білім - 3%, қызмет - 3%, сауда - 1%, инвестиция - 0,3%, өнер, ойын-сауық - 0,1% құрайды. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша биыл  1,8 млрд. теңге шағын несие бөлу жоспарланды (2016 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп, 2016 жыл - 724 млн. теңге).

Бесінші бастама - елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру. Облыста барлық елді мекендер газбен қамтылды (99,8 %). Күн тәртібінде тек 8 елді мекенді  (Қарақия 4 ауыл, 42 үй 234 адам, Маңғыстау 4 ауыл, 91 үй 607 адам) газдандыру мәселесі тұр.

Олардың магистралды желілерден қашық орналасуына және экономикалық тиімсіздігіне байланысты, болашақта кезең-кезеңмен «ҚазТрансГазАймақ» компаниясының инвестициялық бағдарламалары аясында шешу жоспарда.Қазіргі таңда жаңадан тұрғын үйлер салынатын жер телімдерін газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға бюджет қаржысынан бөлек «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-да қаржысы тартылуда. Компания осы жылы Бейнеу, Түпқараған, Мұнайлы аудандарында газдандыру бойынша құны 1,2 млрд. теңге болатын 9 жобаны іске асыратын болады.Жалпы өңірімізде елді мекендерді газдандыру бойынша өзекті мәселе жоқ, деп қорытындылады өз сөзін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Кәмшат Ізбасарова