16 қыр, 2019 сағат 15:32

Маңғыстау облысының экс-әкімі жаңа қызметке сайланды

Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Ералы Тоғжанов Қазақстанның кәсіподақтар федерациясының төрағасы болып сайланды.

Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен бас кеңестің отырысында белгілі болды.

"Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының басшысы Бақытжан Әбдірайым басқа қызметке ауысуына байланысты өкілеттігін тоқтатты", - деп хабарлады федерацияның баспасөз қызметі.

Бас кеңестің мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде Ералы Тоғжанов балама негізде ҚР кәсіподақтар федерациясының төрағасы болып сайланды.

Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов 1963 жылы 13 мамырда Батыс Қазақстан облысында туған. 1988 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірді. 1988 жылдан 1991 жылға дейін Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының оқытушысы болып қызмет атқарды. 1991 жылдан 1994 жылға дейін - ҚР Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аспиранты. 1994 жылдан 1996 жылға дейін - ҚР Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының ғылыми қызметкері. 1996 жылдан 1997 жылға дейін - Қазақ гуманитарлық-заң университетінің аға оқытушысы, Мемлекеттік қызмет және халықаралық құқық факультеті деканының орынбасары. 1997 жылдан 1999 жылға дейін - Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Халықаралық құқық факультетінің деканы. 1999 жылдан 2001 жылға дейін Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Астана қаласындағы филиалының директоры, Құқық және мемлекеттік қызмет институтының директоры болып қызмет атқарды. 2001 жылдан 2006 жылға дейін - Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. 2006 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды.

2008 жылы ақпаннан бастап 2017 жылдың наурызына шейін Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметін атқарды, Ал жылдың қыркүйегінен бастап ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі болып тағайындалды.

2017 жылы наурыз айынан 2019 жылдың маусым айына шейін Маңғыстау облысының әкімі қызметін атқарды.

Заң ғылымдарының кандидаты. Саясаттану ғылымдарының докторы. 2007 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.