09 там, 2018 сағат 16:30

Маңғыстау облысының ауылдарында цифрлық сауаттылық курстары қарқынды жүргізілуде


Маңғыстау облысына қарасты ауылдық елді мекендерде цифрлық сауаттылықты арттыру жұмыстары өз нәтижесін беруде. Аталған семинарға ауыл тұрғындары белсенді қатысып жатыр. Бүгінде облыста 5 мыңнан астам адам аталмыш курстан өткен.

«Ауыл тұрғындары цифрлық сауаттылық тұрғысынан белсенділік танытып жатыр. Оған мысал ретінде Түпқараған ауданын айтсам болады. Сол жерге жұмыс сапарыммен барғанымда ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер цифрлық сауаттылықты не екенін біледі екен. Қарақия ауданында да онлайн жүйе қарқынды жүргізіліп жатыр», – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев.

Сондай-ақ, ол осы бағыттағы істердің күшейе беретіндігін баса айтты.

«Жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті ұлғайта беретін боламыз. Осыған байланысты «Қазпошта» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп өткізудеміз. Бұл мекемелер осы бағытта бірқатар жұмыстар атқаруда», – дейді Р. Сакеев.

Оның айтуынша, облыстағы мемлекеттік мекемелерде цифрлық жаңашылдықты үйретен арнайы мамандар мен кеңесшілер бар. Мекемеге келуші барлық тұрғынға ең алдымен компьютерлер арқылы ақпараттық технологияларды қалай қолдану керектігін үйретеді.

«Осылайша, 70 мың адам қосымша білім алды. Олар ендігі IT-технологияларды танып білді. Оның қалай қолдану керектігін біледі. Егде жастағы адамдар цифрлық технологияларға сенбейді. Олар өздерінің бұрыңғы әдетінше емханаға аяқтай келеді. Бұрыңғыдай кезекке тұрғысы келеді, дәрігермен әңгімелескісі келеді. Мұны өзгерту қиынға соғуда. Ал, жастар аталған процеске түсінушілікпен қарайды», – деп атап өтті әкімнің орынбасары.

Маңғыстау облысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын сәтті жүзеге асырып жатқан өңірлердің бірі. Қоғам өмірінің барлық саласына және қызмет көрсету мекемелеріне жаппай цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр.

«Біздің облыс республикадағы цифрландырылған аймақтардың бірі. Интернетке қолжетімділік – 96 пайыз, компьютермен қамтамасыз ету – 95 пайызды құрайды. Маңғыстау облысында интернетсіз аймақ жоқ. Облыста 61 елді мекен бар. Біз оларды үлкен не кіші деп бөлмейміз. Барлығын толықтай цифрландыратын боламыз», – деп түйіндеді ол.

Маңғыстау облысында цифрлық сауаттылықты арттыру курсы 2018 жылдың 1-ші маусымында басталған болатын. Жоспар бойынша 5 мың адамды оқыту керек болған. Шілде айының басында аталған семинар бойынша 5216 адам оқытылды. Бір адамды оқыту үшін небәрі 20 минут уақыт кетеді.