20 қыр, 2019 сағат 04:34

Маңғыстау мектептерінде елуге жуық «Әбіштану» кабинеттері бар

Маңғыстау мектептерінде елуге жуық «Әбіштану» кабинеті ашылған.

Бұл жөнінде бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді.

Былтырғы оқу жылында Маңғыстау облысында Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толуына орай барлық мектеп оқушылары мен ұстаздар арасында түрлі бағытта мектепішілік танымдық-мәдени шаралар, ашық сынып сағаттары мен тәрбие сағаттары, десант сабақтар ұйымдастырылған.

«Әбіш Кекілбаев – заманымыздың заңғар тұлғасы» атты рухани жаңғыру бағдарламасы аясында оқушыларды жазушы өмірі мен шығармашылық жолынан мағлұмат беру, оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында семинарлар өтіп, кемел елдің кемеңгер қаламгерінің еңбектерін насихаттау бағытында оның отбасымен үзеңгілес достары туралы бейнероликтер көрсетілген. «Әбіш өскен өлке», «Маңғыстау заңғары-Әбіш аға», «Қаламгер, қайраткер, саясаткер-Әбіш» тақырыптарында бастауыш сынып оқушыларына сынып сағаттары өткізіліп, «Маңғаз даланың заңғар тұлғасы» тақырыбында мәдени шара, Ә.Кекілбайұлының «Күй» повесі бойынша кітап конференциясы, «Аңызға айналған абыз» көркем сөз оқу байқауы өткізіліп, «Парасат биігінде» жазушының саяси қызметінен оқушыларға мәліметтер берілген.

«Облыстық «Маңғыстаунама-2018» танымдық шарасы Ә.Кекілбаевтың 80-жылдығына арналып, шараға облыс бойынша 26 мұғалім қатысқан. Шара барысында «Әбіш Кекілбаев шығармашылығы мен өміріне арналған оқу-танымдық кабинеттер байқауы», «Әбіш Кекілбаев шығармашылығынан мұғалімдердің десант сабақтар байқауы», «Әбіш Кекілбаев еңбектеріндегі даналық сөздер жинағын шығару» және «Туған жер өзің дегенде...» тақырыбымен Әбіш Кекілбаевтың бір шығармасы бойынша ізденіс жоба байқауы» өткізілді. Қорытындысында жеңімпаз мұғалімдер білім басқармасының дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ наурыз айында оқушылар арасында өткен облыстық сырттай «Ә. Кекілбаев шығармаларынан суреттер» байқауына 13 оқушы қатысты »,-деді брифинг барысында Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы.

Сондай-ақ брифингте қыркүйек-қазан айларында аудан, қала мектептерінде Әбіш Кекілбаевтың 80-жылдығына орай бірқатар шаралар ұйымдастырылмақ.

Маңғыстау облысы мектептерінде 47 «Әбіштану» кабинеттері ашылған. Қазан айында Бейнеу ауданындағы Сам орта мектебінде тағы 1 кабинет ашылады. Мұғалімдер арасында облыстық «Ғұлама тұлға – ғибратты ғұмыр» тақырыбында облыстық сахналық қойылым байқауы және «Ә. Кекілбаевтың кеңістігі» атты облыстық және халықаралық ғылыми – теориялық конференциясы өтетін болады.

«Абыз аға - Әбіш» байқауының жеңімпаздарына арнайы шәкіртақы тағайындалады.