14 ақп, 2018 сағат 11:45

Манасты айтқан Сағынбай мен Саяқбай

Өткен сенбі күні Алматыдағы «Арман» кинотеатрында қырғыз кинорежиссері Эрнест Әбдіжапаров түсірген «Саяқбай» атты кинофильм көрсетілді. Кинофильмді көрсету үшін Бішкектен келген кинорежиссерлар делегациясын қазақ киносының шеберлері құшақ жая қарсы алды. Көрермендер арасында кинотанушылар, мәдениеттанушылар, киносүйер қала тұрғындары болды. Көрсетілімге қазақ ақыны, қазақ пен қырғыз тең сыйлаған, ардақтаған Алаштың азаматы, екі елдің арасындағы көпір болып саналатын, он жыл бойы Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып қызмет еткен Мұхтар Шаханов та келген.

Фильмнің бас кейіпкері – Мұхтар Әуезов «XX ғасырының Гомері» деп атаған Саяқбай Қаралаев әрі қарапайым адам ретінде, әрі бойында қасиеті бар шоң манасшы, аңыз тұлға ретінде көрсетілген. Сюжет бойынша Ыстықкөлдің жағасында жер үйде кемпірі менен бірге тұратын Саяқбай атаға Мәскеуде оқып жүрген жас Шыңғыс Айтматов сәлемін беріп, батасын алуына келеді. Жазушының рөлін баласы Эльдар Айтматов сомдаған. Қырғыз тарихының екі нар тұлғасы шай ішіп, әңгімелесіп отыр. Өткен күнді еске алып, ақсақал жастық шағына серуен жасайды. 

Қайта-қайта бажылдаған шалдың ауыр мінезін көтеріп, сөз қайтармай, үндемей шаруасын жасайтын, қазан асып, шай қайнатып, кір жуатын еңбекқор, қонақжай қарт әжей жас кезінде ерке бай болыстың қызы, қолына жұмыс келмейтін, жеңгейлері ұрысатын үйге жаңа түскен келінретінде көрсетіледі. Оның ерке мінезі, көшпенді әйелдеріне сай келетін еркіндігі суреттеледі. Жалпы, фильмде көшпенділердің тұрмысы, салты, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары, мінез-құлқы, мәдениеті мен философиясы жан-жақтан көрсетіледі. Қазақ пен қырғызға ортақ құндылықтар, жайлаудағы жазғы тіршілік, балалардың асық ойнағаны, әйелдердің киіз басқаны, сабада қымыз дайындағаны, сонымен қатар атқа міну, қымыз ішу, алғыр құс ұстау, киіз үйдің ішкі жабдықтары, ұлттық киімдері керемет түсірілген.

Тарихи белестердің арасында 1916 жылындағы ұлт-азаттық көтерілісі, азаматтық соғыс, Мәскеуді қорғау кезіндегі шайқас дәріптеледі. Бүкіл Орта Азияға ортақ тарихи оқиға болып саналатын он алтының зары қазақ пен қырғызды біріктіретін қайғы. Бірақ қырғыз халқы үшін 1916 жыл ерекше оқиға, «Шоң Үркін» деп аталатын қырғыз тарихындағы ең зор қасірет болып табылады. Қазақ халқы да 1916 жылында қырылып, тар жол тайғақ кешуінен өтті, бұл кезді қилы заман, тар заман деп санайды. Бірақ біз үшін бірінші орында 1930-ыншы жылдары болған Ашаршылық зұлматы ең ауыр жалпыұлттық трагедия болып саналады. Ал қырғыз үшін осындай ең ауыр қасірет, жалпыұлттық зұлмат, ең үлкен қырғын 1916 жылдың трагедиясы болып табылады. Саяқбайдың азаматтық соғысына қатысуы – патша жасаған қырғын үшін кегі, елдің ел болып сақталуы, туған еліне оралуы үшін күрес, бейбіт өмір сүруге үміт ретінде көрсетіледі. Көтеріліс, соғыс кезінде Саяқбайды да, бүкіл қырғыз елін де Манастың рухы жебеп жүреді, жанында, жадында Манасы бар ер аман қалады, Манасы бар ел сақталады, жоғалып кетпейді. Манас – жыр, дастан ретінде ғана емес, ұлттық идеология, қырғызды ұлт қылатын діңгек, біріктіретін рухани құндылық, ұран, киелі ұғым ретінде көрсетілген. Фильм бойынша 1941 жылы Мәскеуді қорғаған жауынгерлердің  рухын да Саяқбай Манас айтып көтереді.

Манасшы қалжыңдап кемпірін «тап жауы» деп күледі. Қонағы үйінде қонып түнеді. Ертеңгісіне ақсақал ескі мәшинесіне мініп, қонағымен тойға барады. Жол бойында генерал отырған бір мәшинемен соқтығысып қалады.

Байқаса – балалық кезіндегі тағдырдың тәлкегімен ажыратылып кеткен орыс досы, тамыры, көршісі екен.

Тойдың сахнасында Саяқбай Манасты айтып, өнерін көрсетіп жатыр. Жиналған ел аузына қарап қимылдамай отыр. Саяқбайдың бойына біткен қасиетіне Шыңғыс Айтматов та куә болады.

Фильмде қазақ жазушысы, данышпан Мұхтар Әуезовтің аты да аталады. Оның «Манас» эпосының қорғауы үшін жасаған әрекеті, Саяқбай Қаралаевты сыйлағаны, қырғыз халқықырғыз халқының жанашыр досы болғаны, Шыңғыс Айтматовқа батагөйі болғаны ескеріледі.

Жолға шыққан Айтматовқа Саяқбай ата батасын береді, жарқын болашағын болжайды. Фильмдегі ең көркем сәттері – бала Саяқбайға Манас айту қасиетін қонуы және Шыңғыс Айтматовтың жолға аттанған кезінде көзінін алдында атқа мінген Манастың шораларының пайда болып, жас жігітті ақ жолға ұзатуы. Бала Саяқбайға Манас айту қасиеті қонған кезінде
Манастың жары – Қаныкей, Манастың сиқырлы шатыры көрсетіледі.

Жалпы айтқанда, фильм Манас, Саяқбай мен Айтматов арқылы қырғыз тарихындағы нар тұлғаларының, ұлы есімдерінің сабақтастығы көрсетіп жатыр. Жиналған жұртқа ақ қалпақты бір туғандар тартқан кино өте ұнады.

Мұхтар Шаханов марқұм Шыңғыс Айтматовпен дос болған кезіндегі бақытты сәттер туралы баяндады. Кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов Эрнест Әбдіжаппаровтың фильмін мақтап, өз пікірімен, сынымен, ойларын бөлісті. 

«Құрманжан датқаны» түсірген қырғыз киносының майталманы Садық Шер Нияз қазақ кинорежиссерларын да өз фильмдерін Бішкекке жиірек әкеліп көрсету шақырды. Ал фильмді түсірген Эрнест Әбдіжаппаров елге келгеніне, фильмін көргеніне алғысын білдіріп, екі елді ынтымаққа шақырды, біріктіретінді іздеп, ажырататынды ту қылмай, бір-бірінің кемшілігін шұқымауын тіледі. Ол «Манасты» қағазға түсірген алғашқы зерттеуші Шоқан Уәлиханов екендігін де еске алды.

Саяқбай Қаралаевты еске алып, манасшы Сағынбай Оразбақовты да ұмытпау керек. Соңғы кезде Саяқбай ҚаралаевҚырғызстанның нышандарының біріне айналып бара жатыр. Манасшының бейнесі бейнерөліктерде түсіріледі, үйлердің қабырғаларында граффити ретінде бейнеленеді, суретін ұлттық ақшасы – сомда да кездестіруге болады. 

Бірақ Саяқбайды әспеттеп, Сағынбайды да ұмытуға болмайды. Былтыр Сағынбай Оразбақовтың 150 жылдығы өтті. Ол жарты ғасыр бойы Манасты айтып жүрген. Күн сайын кешкісіне Манасты айтып берсе, баяны алты айға созылатын еді. Төрт жыл ішінде зерттеушілер манасшы Сағынбайдың аузынан «Манастың» 180 мың жолын жазып қағазға түсіріп берді. Өкінішке орай, манасшының дерті мен дүниеден озып кетуі «Семетей» менен «Сейтек» деген жалғастыруын жазып кетуіне кедергі болған. Сағынбай өзінді «Семейтейді жақсы айтамын» деп жүрді. Сағынбай Оразбақовтың «Манасының» өз ерекшеліктері бар.

«Манас» – қырғыздың жаны мен бәрісі болса, бізге де жат емес. Кейіпкерлердің арасында қазақ Ер Көкше, қазақ Айдархан, арғын Қарақожа кездеседі. Ер Көкше батырлар жырларымыздың, аңыздарымыздың кейіпкері.

Ер Көкшенің аты жиі Ер Қосайдың атымен бірге аталады. Ал Қарақожаның атын шежіре деректерінде табуға болады, тіпті «Едіге»эпосының Ноғай ордасының құрылуы, Әмір Темір мен Тоқтамыс соғысуы жайындағы жырының кейіпкерінің бірі болып табылады. Қазіргі таңда Манасты айтып жүретін қазақ – Баянғали Әлімжанов.

Күннің күнінде қазақ-қырғыз достығының белгісі ретінде Сағынбай Оразбақов пен «Манастың» Көкше, Айдархан, Қарақожа сияқты кейіпкерлеріне не Мұхтар Әуезов пен Саяқбай Қаралаевқа ескерткіш – мемеориалды ансамбль орнатуымыз жөн шығар.

Асқар Дайырбеков