12 қар, 2018 сағат 16:13

Мамонт тілдер

Тілдің де мамонты болады. Ғылымда өлген яки өлу алдындағы тілдерді солай атайды.

Әлемде жыл сайын бірнеше тіл жойылып кетеді. Өзінің мыңдаған жылдық қалыптасу тарихына қолды бір сілтеп, құлпытасқа айналып, жоқ болады. Африка мен Азия, Еуропа мен Америкада бұл үрдіс үздіксіз жүріп жатыр.

Бір тілдің жойылуы қандай қайғы? Одан асқан қасірет жоқ шығар мына өмірде?..Бір тіл жойылды - демек бір ұлт жойылды. Сол ұлт қалыптастырған мәдениет, тарих жоқ болды деген сөз.

Африканы алып қарайықшы. Бишуо тілінде - 1, бераку тілінде - 2, нлуу тілінде - 3, мабире тілінде - 3, балдему тілінде - 5, ндай тілінде - 5, нджереп тілінде - 6, мпре және масалат тілдерінде - 10-12 адам сөйлейді. Ол адамдар өлген сәтте, бұл тілдер де жойылады. Мына әлем тіпті ондай тілдің болғанын да ұмытып кетеді. Өйткені осы уақытқа дейін жойылған 2000-нан астам тілдің қайсысына қайғырып, аза тұтқан едік?! Сондықтан тіл жойылды дегенде, ұлт жойылды деу керек.

Қандай тілдер жойылады? Бірде-бір ғылыми еңбек жазылмаған, бірде-бір мемлекеттік заң қабылданбаған, сөйлеу аясы күйбең тірліктің деңгейінен көтерілмеген тілдер сөзсіз жойылады. Уақыт кеңістігіне байланысты жаңа сөздермен толықпаған кедей тілдер жоқ болады. Сондықтан қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру аса маңызды. Қазақ тіліне сапалы түрде кітаптарды аудару - соның бастамасы. Қазіргі "100 кітап жобасының" кітаптарына осы тұрғыдан риза болдым. Ендігі таңда мемлекеттік құжаттар мен заңдардың барлығы дерлік мемлекеттік тілде қабылдануы қажет. Сонда ғана қазақ тілінің рөлі арта түспек. Біздің тіл "мамонт тілдер" қатарынан табылмасына сенемін, алайда оның тек қана күйбең тірліктің тілі болып қалуын қаламаймын.

Асхат Қасенғалидың фэйсбуктағы жазбасынан