19 нау, 2019 сағат 09:06

Мамин: Жұмысшылардың негізсіз босатылуына жол бермеу керек

Бүгін Үкімет отырысында еңбек саласының түйіткілді мәселелері қаралып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек қатынастарын реттеу шаралары туралы ұсыныстарына қолдау білдірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің тиімді жүйесін құру қажеттігін атай отырып, өңірлердің әкімдеріне еңбек ұжымдарында әлеуметтік қақтығыстардың туындауына жол бермеу мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.

«Жұмысшылардың негізсіз босатылуына жол бермеу керек. Олардың әлеуметтік көңіл-күйін жақсарту — Президент саясатының негізі бағыты. Үкімет әлеуметтік қақтығыстарға жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр», — деді Премьер-Министр.

А. Мамин кәсіпорындарда жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік мәселелерін дұрыс шешудің мысалдарын да келтіріп өтті.   

Көптеген компаниялар Мемлекет басшысының жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек ақысын арттыру жөніндегі бастамасына қолдау білдірді. Осыған байланысты, Премьер-Министр елдің барлық өңірлерінде оң тәжірибені белсене қолға алуды тапсырды.

Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Кәсіподақтар федерациясы мен «Атамекен» палатасының бүгінгі отырыста айтылған ұсыныстарына мұқият қарап, бір ортақ шешімге келу тапсырылды.

«Үшжақты комиссиялардың жұмыс форматын қайта қарау керек, әсіресе өңірлерде. Олар белсенді жұмыс жасаулары қажет. Бұл орайда формализмге жол беруге болмайды», — деп атап өтті А. Мамин.

Сонымен қатар, Премьер-Министр еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің аса маңыздылығын атап өтті. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен және кәсіподақтармен бірлесіп бір ай ішінде еңбек қауіпсіздігі бойынша бес жылға арналған кешеді Жол картасын әзірлеу тапсырылды.