13 ақп, 2020 сағат 13:55

Мамин Түркістан қаласында инфрақұрылымның салыну барысын тексерді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапары аясында Түркістан қаласындағы нысандардың салыну барысын тексерді, джеп хабаралйды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-Министр мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы жаңа әуежайдың және оған апаратын автомобиль жолының салыну барысымен танысты. Нысан облыс орталығынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан және биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 млн жолаушыны құрайды деп жоспарлануда.

А. Мамин Конгресс-холл, Оқушылар сарайы, әкімдіктің кеңселер ғимараты, бассейні бар спорт кешені, 7 мың орынға шақталған стадион, драма театры, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, аттракциондары бар қалалық саябақ, «Ұлы дала елі» орталығы және Қ. А. Яссауи музейі ғимараттарының құрылыс алаңдарын аралады, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы Ұлттық қолөнершілер орталығы мен келу орталығының ғимараттарының қайта жөнделу барысын тексерді.

Үкімет басшысы әрқайсысы 120 бөлмеден болатын «Rixos Turkestan» және «Hampton by Hilton» қонақ үйлерінің, сондай-ақ «Sembol construction» түрік компаниясы салып жатқан, инвестиция көлемі 80 млрд. теңгені құрайтын «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің құрылысы барысымен танысты. Бұл қонақ үй-туристік нысандардың барлығын биыл пайдалануға беру көзделген.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістан қаласының дамуына ерекше көңіл бөледі. Биыл күзде мұнда Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің саммитін өткізу жоспарланған. Осыған орай барлық қажетті нысандардың құрылысының уақытылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз ету қажет», — деді А. Мамин.