11 там, 2019 сағат 22:05

Мамин ҚР Президенті кубогының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

ҚР Премьер-Министрі, ҚР хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин шайбалы хоккейден ҚР Президенті кубогының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада шайбалы хоккейден ҚР Президенті кубогының 10-ыншы мерейтойлық турнирі аяқталды. Биыл оған ҚХЛ Шығыс конференциясынан: Қазаннан «Ак барс», Уфадан «Салават Юлаев», Екатеринбургтен «Автомобилист», Нижнекамскіден «Нефтехимик» және Нұр-Сұлтан қаласынан «Барыс» клубтары қатысты.

Бас жүлдені Қазақстан астанасының командасы жеңіп алды. «Барыс» турнир аясында төрт матч өткізіп, оның барлығында қарсыласынан басым түсті. Андрей Скабелканың қарамағындағы ойыншылар «Ак Барсты» - 6:1, «Нефтехимикті» - 5:3, «Автомобилисті» - 3:2, «Салават Юлаевты» 2:1 есебімен жеңді.

Айта кетейік, ҚР Президентінің кубогы ойнатылып жатқан 10 жылда елордалық клуб бас жүлдені бесінші рет иеленіп отыр. Турнир қорытындысы бойынша екінші орын «Автомобилистке», үшінші орын «Ак Барсқа» бұйырды.

Сондай-ақ жеке номинациялар бойынша үздік ойыншылар да марапатталды. Атап айтсақ, Эдуард Паскуале («Барыс») – үздік қақпашы, Даррен Диц («Барыс») – үздік қорғаушы, Родион Амиров («Салават Юлаев») – үздік шабуылшы, Дастин Бойд («Барыс») үздік бомбардир танылды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапаттарды ҚР Премьер-Министрі, ҚР хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин тапсырды.

Қазақстандық клубты турнирдегі жеңісімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.