20 қыр, 2017 сағат 17:51

Мақтааралдық шаруалар мақтаның келісін 165 теңгеден өткізуде

Мақтаарал ауданында «Ақкеруен-2017» мақта терімінің ашылу салтанаты өтті. Мерекелік шарада «ақ алтынның» бағасы анықталып, мақтаны қабылдау бекеттері алғашқы өнімді тоннасын 165 мың теңгеден қабылдай бастады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жерді өңдеудің жаңа әрі тиімді тәсілін қолданудың нәтижесінде Мақтааралдағы 95 мың гектар жерге себілген шитті мақтадан орташа есеппен гектарына 21-24 центнерден өнім алу көзделіп отыр. Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 15 мың тоннадан астам ақ алтын келіп түскен болса, диқандар терім біткенше 200 мың тонна ақ ұлпа жинап алуды жоспарлауда.    

Биылғы мақта келісінің бағасы - 165 теңге. Бәсекелестік ортада мақтаның бағасы 200 теңгеге дейін көтеріледі деген болжам бар.

Жалпы биыл Оңтүстік Қазақстанда 134,6 мың гектар жерге мақта шиті себілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артық. 2016 жылы шаруалар әр гектарына орташа есеппен 26,2 центнерден өнім алып, барлығы 286,4 мың тонна ақ ұлпа жинаған. Егіс көлемінің артуына байланысты өңірде 300 мың тоннадан астам мақта жиналады деп жоспарлануда.  

ОҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен ақпараттық тур кезінде журналистер мақталы аймақтағы мемлекеттік бағдарламалардың аясында көмек алып, өндірісін кеңейтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай атсалысып жүрген бірқатар шаруашылықтар мен өндіріс ошақтарын аралап, жұмысымен танысатын болады.