30 мау, 2018 сағат 20:15

"Махаббатсыз дүние – дос" немесе Мархабат Байғұт шығармасының шындығы

Білместік, мүмкін салғырттық, әлде кітап редакторының білімсіздігі себеп болды ма екен, қай жылғы басылымында хәкім Абайдың “Махаббатсыз дүние – дос, хайуанға оны балаңдар” деген сөзі “Махаббатсыз дүние – бос, хайуанға оны балаңдар” болып басылып кетіпті.

Үстірт қараған адамға “Махаббатсыз дүние – бос” деген сөздің де мағынасы терең секілді.

“Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы” деген хәкім Абай өлеңдерінде тұтас өлең жолы былай тұрсын, мағынасы бөтен, ұйқас үшін айтылған басы артық, бостекті бір сөз таппайсыз. Ақын Абайдың әр сөзі кірпішпен қаланғандай өз орнында тұрады. Олардың орнын ауыстырып қолдану мүмкін емес. Абай ақындығының құдіреті де осында.

Егер біз, Абай: “Махаббатсыз дүние – бос”,- деп жазды десек, одан кейін келетін “Хайуанға оны балаңдар”, - деген жолдың ешқандай мағынасы болмай қалар еді. Кімді, не үшін хайуанға теңейміз? Түсініксіз.

Абай: “Махаббатсыз дүние – дос”,- десе, жүрегінде махаббаты жоқ адам байлыққа, дүниеге дос яғни дүниені, қазіргі біздің тілімізбен айтсақ, тек қана материалдық игілікті ғана ойлайды, - деген сөзі.

Адамға бір-ақ рет берілер пәни ғұмырда, “дүние боғын домалатқан қара қоңыздай”, өмірді тек қана дүниемен, байлықпен бағалаған адамдарды ұлы Абай “дүниеге дос” деп, оларды хайуанға теңеп отыр, сондықтан да “Махаббатсыз дүние – бос ” емес “Махаббатсыз дүние – дос”.

Хәкім Абай адам бойындағы ең асыл қасиет деп махаббатты бірінші орынға қойған.

Сонда махаббат деген не?

Орыстың ұлы жазушысы Достоевский: “Сұлулық әлемді құтқарады”,- депті. Меніңше, бұл –  үстірт айтылған қате пікір. Әлемді құтқаратын әдемілік емес, әлемді құтқаратын – мейірім, махаббат! Иә, махаббат! Махаббат, ол –мейірім.

Егер, ананың баласына деген мейірімге толы махаббаты болмаса, адамдар өмірді, көкжиектен алаулап шығатын қасиетіңнен айналайын алтын күнді, отбасын, Отанын, әке перзентін, перзент ата-анасын, адамдар бірін-бірі мейірімге толы шынайы махаббатпен сүймесе, онда өмір сүріп керегі не?

Жазушы Мархабат Байғұттың “Машаттағы махаббат” повесі біз қазір ғана айтып отырған махаббат туралы шығарма. Махаббат болғанда да өзіміздің    “Шым қала” Шымкент маңындағы “Машат” демалыс орнында кездейсоқ кездесіп қалған Сая қыз бен бес баласы бар, қырық бір жастағы Санжар мұғалімнің арасындағы махаббат туралы.

Шығарманың өзін оқымай, аты мен мазмұнын сырттай естіген кейбір ағайын: “...Ой, қайдағы махаббат, ...жоқ нәрсені босқа шатып, ...41 жаста, бес баласы бар, ...анау тұрмысқа шықпаған қыз, ...бес баласы бар еркекпен байланысып, ...қай бір оңған қыз дейсің, ...санаторий дегенің өзі сондайлар баратын жер емес пе? ...баяғы партия жоқ, ...көркемдік кеңес жоқ, ...кім болса сол жазушы болып, ...не болса соны жазып ”,- деп сан-саққа жүгіртері анық.

Шығарманы оқымаған болсақ өзіміз де дәл осындай пендешілікпен көсемсуіміз бек мүмкін еді. Мұның бәрі шығарманы оқымай тұрғандағы ой.

Ал, шығарманы оқып шыққан соң дүние төңкеріліп түсіп, кітапты оқығанға дейінгі пікіріңе мүлдем керағар, басқа пікірге келіп тірелесің. Басқа пікірге...

Ең бастысы, өмірде махаббат барына сенесің. Адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен мейірім, өмірдегі күллі жақсылықтың, адамгершіліктің, ерліктің, намыстың бастауы – махаббаттан басталатынына сеніп, иланасың. Содан соң махаббатқа, махаббатың бар екеніне сендіре білген жазушыға алғыспен бас иесің.

Махаббаттың барына сендіре білген жазушы Мархабат Байғұттың “Машаттағы махаббат” повесі Санжардың Саяны Алматыға шығарып салуымен басталады.

Сүйген қызы Саяны пойызға мінгізіп шығарып салып келген Санжар үшін айнала мүлдем өзгеріп, санаторий ғана емес, күллі әлем қаңырап бос қалғандай. Саяны іздеген Санжар көңілі алай-дүлей. Әлдебір жақтан, күтпеген тұстан Сая шыға келетіндей. Сая жоқ. Сая еш жерде жоқ. Жүрегі алып ұшып сүйгенін іздейді. Жалғыз қалғаны, Саяның жоқтығы жігітті ойдан шатастырып, сең соққан балықтай мең-зең күйге түсірген.

“Сонау станция жақтан дүрсілдеп өтіп бара жатқан пойыздың үні жетті. Бағанағы жолаушылар пойызы жүрісінен жаңылып, қайта айналып жетті ме екен? Осындай ой кешкеніне таңданған жоқ. Несі бар, Сая Санжарды жалғыз қалдырғысы келмей, қайта оралса, несі бар... Несі бар...”

Ойы шатаса бастаған Санжардың аласапыранға ұшыраған жан дүниесінің жай-күйін дөп басып, дәл тапқан жазушы: “пойыздың үні құлағына жетті ”,- демейді “пойыздың үні жетті”,- дейді. Үннің құлаққа жететіні өзінен-өзі түсінікті. Сөзді барынша үнемдеп, орнымен қолданған жазушының бұл сөзі, сол кездегі Санжардың көңіл-күйіне үйлесе сезіліп, оқырман ойын шығарманың күрделі психологиялық иіріміне жәймен, шым-шымдап батырады. Осы кішкене ғана эпизодтан жазушы Мархабат Байғұттың қалыптасып үлгерген өзіне ғана тән жазушылық стилі анық аңғарылып тұр.

Егер біреу бізге пойыз өз жолынан шығып, кері бұрылды десе, мынау не айтып тұр,- деп күлер едік. Ал, жазушы Мархабат Байғұт кейіпкері Санжар: “Сая мені жалғыз тастағасы келмей пойызымен кері бұрылып келсе, несі бар”,- деп ойлайды. Біз Санжар ойына күлмейміз. Неге? Себебі, жазушы өз кейіпкерінің сүйгенімен қоштасқан сәтін, одан кейінгі аласапыранға түскен психологиялық жәй-күйін өте нанымды, реалистік тұрғыда шынайы суреттеген.                                          

Сүйгені Саясын іздеп ойы шатаса бастаған Санжарға оқырманның күлуі былай тұрсын, бар болмысымен Санжарға жанкүйер болып, өзі де Сая мінген пойыздың жолынан шығып кері бұрылуын жан-тәнімен тілейді. Ақылға сыймас бұл тілектің қиялдағы арман екенін білесің, сонда да Сая Санжарына оралса екен деп ойлайсың.

Міне, осылай кейіпкер жан-дүниесін тереңнен тербеп, шынайы жазылған шығарма ғана оқушы  қиялын тербеп, әлдилей оятып, армандай білуді үйретсе керек.

Саясын ойлап ойы шатаса бастаған Санжарды суреттеу арқылы ұзақ баяндаулар мен көпсөзділіктен бойын аулақ ұстайтын автор, Санжардың Саяны қаншалық шынайы да терең сүйетініне оқушысының көзін жеткізген. Қысқа жазып, көп нәрсені ұқтыру – талантты жазушыға тән белгі.

Саясын жоқтап жаны шырқырап, жан-жүйесіндегі әрбір жүйке талшықтары сымдай тартылып, биге шақырғандарға да бұрыла алмаған Санжардың келесі сәттегі жәй-күйін жазушы былай суреттейді:

Бұрылмады. Бұрыла алмады. Бұрылуға шамасы жоқ еді. Кешірім өтінгендей болып, биге шақырып тұрғандарға назар аудармаған күйі, жәй ғана басын иді. Бөлме іші суып кеткен екен. Тас бүркеніп жатып қалды.

Суып кеткен бөлме іші ме, жоқ әлде Санжардың жан-жүрегі ме? Екеуі де секілді. Қара сөзбен жазылған психологиялық параллелизм – ұтымды шендестіру түрінде шығарманың шырайын аша түсіп, оқиға жігімен жымдасып, бірігіп кеткен.

Осыдан кейін ғана, Санжармен бірге шырқыраған оқушы жаны аз да болса байыз тауып, сабасына түседі. Аз ғана уақытта оқырман жанын сан түрлі сезім күйіне бөлейтін сөз құдіреті дегеніміз осы!

Осы сәттен кейін ғана ойланасыз “Ау, Санжармен бірге жаным шырқырайтындай маған не көрінді? Бұл не? Мүмкін сезім... Әлде, махаббат құдіреті дегеніміз осы ма?” Оқушының өн-бойынан осындай ойдың қылаң беретіні рас. Бірақ, бұл ойға бірден беріліп, мойындай қоймайсыз. 

Өрісі кең, ойы терең шығарма ғана оқырманның өн бойына шым-шымдап, жәймен бірте-бірте әсер етері хақ. Бұл – желісі өмірдің өзегінен алынған нағыз көркем шығармаға ғана тән қасиет. Селт етпеген сезімді зорлықпен құрықтап, шыңғыртқан күйі құлақтан басып жетелей жөнелсе, ол – көркем шығарманың әлсіздігі болар еді.

Ал, “Машаттағы махаббатта” суреттелетін әрбір оқиғаның астарына үңіле отырып, кейіпкер әлеміне бойлай еніп, ойланасыз.

Тереңдігі болар, ділмәрсіп тіл безеген құрғақ дидактика атымен жоқ бұл шығармада. Сезімге, қисынды ойға бағынбай тұрған бірде-бір қимыл мен іс-әрекетті көре алмайсыз. Шығарманың құрылысы мен мазмұны әдемі өріліп келіп, жымдаса  бірігіп, оқушыны ойға шақырады. Біз мұны шығарманың табысты баспалдағы,- деп бағаладық.

Жазушының тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін әдемі әзілі мен астарлы әжуасы оқырманын қызықтыра жетелеп, кейіпкерлер әлеміне  елеусіз енгізіп жібереді. Баяндалып отырған эпизодтағы әдебиетке ғана тән әрбір әдеби бөлшек пен көзге көрінер-көрінбес әдеби штрих-сызықтар кейіпкер бейнесін тереңнен тануға оқырманына қызмет етіп тұр.

Жалпы алғанда қазақы әжуа-әзіл, әдемі юмор М. Байғұт стиліне жат нәрсе емес. Санжар санаторийге жолдама алар сәттегі мектеп директоры екеуінің жанжалынан кейін жазушының: “Қиын. Мектепте кімге де болса оңай емес. Жүйкесі бүтін, тірлігі түгел жан жоқ мектепте ”, - деген астарлы ойға толы әзілі кімнің де болса езуіне күлкі үйірілтеді. Ойланасыз. Иә, ұраншылдық пен түрлі “реформаларға” толып кеткен еліміздің білім саласында жұмыс жасау, қай уақытта, кімге жеңіл болып еді? Әсіресе, Санжарды аяйсыз. Мектеп директоры мен Санжар арасындағы мына диалогты оқып көрелікші.

Міне соны білгенде, жүйкесінің жұқарған жерлері пырт-пытр үзіліп, директорға жетіп барды.

Өмір бойы өз пәнімнен бере алмай келе жатқаным мынау,- деді Санжар.

Өз пәнім, өзгенің пәні деген жоқ,- деді директор. – Сен, давай, ұлтшылдықтан аулақ жүр. Сағатың түгел, сабағыңды бер. Басқа не керек саған?

Жолдама керек.

Берілмейді

Беріледі!

Жұлқынба.

Өзім білем не істейтінімді.

Осы шағын диалогта  өмір бойы өз пәніне жете алмай жүйкесі жұқарған мұғалім Санжар Серперовпен бірге, арты бостау, әкімшіл де әміршіл жүйедегі мектеп директорының мінезі жан-жақты ашылған. Санжардың мінезі барлық біртоға жуас адамдар секілді, жеріне жетпей оңайшылдықпен көтерілмейді. Көтеріле қалса, басылуыда оңай емес.

Ал, мектеп директорының мінезі күрделілеу, сан қырлы. “Өз пәнім, өзгенің пәні  деген жоқ”,- деп айтқан мектеп директорының дәл осы сөзі, білім саласы туралы өзіндік ой- пікірі жоқ, тек қана креслосын ойлайтын нағыз білімсіз, бюрократтың сөзі емес пе?!

Директордың: “Сен, давай, ұлтшылдықтан аулақ жүр”,- деген жалғыз ауыз сөзімен-ақ қол астындағы қызметкерлерін қорқытып ұстағысы келетін арты бостау, келте ойлы, әпербақан әміршіл жүйенің,әкімшіл директорының образын жазушы тереңнен ашқан. 

Мектеп директорының: “Сен, давай, ұлтшылдықтан аулақ жүр”,- деген бес ауыз сөзіне біздің бар ұлттық ерекшелігіміз түгел сиып тұр.

Кешегі 37-нің нәубаты ұлттық жадымызда мәңгілікке сақталып қалған ба, білмедім, біз, қазақтар “ұлтшылсың” деген сөзден осы күнге дейін қорқамыз.

Осыны білген автор, кейіпкерлерінің болмысын тереңнен ашу үшін Санжарды қорқытқысы келген мектеп директорының аузына “давай”- деген орысшамен бірге “ұлтшылдықтан аулақ жүр”,- деген сөзді әдейі салып отыр.

Оқырманын Санжардың санаторийге  келгенге дейінгі өмірінен хабардар етуді мақсат тұтқан жазушы, кейіпкерлерінің мінез ерекшелігін әзіл арлас әжуа арқылы әдемі ашқан. Оқып отырып күлесің. Санаторийге жолдама мен ұлтшылдықтың арасында қандай байланыс бар?

Шығармадағы негізгі оқиғалар өрісі санаторийде басталады.

Жалпы, Мархабат Байғұттың  “Машаттағы махаббат” повесінде кейіпкерлер саны аз. Бар болғаны  сегіз. Ал, негізгі кейіпкерлер саны – алтау.

Меніңше, жазушы осы негізгі алты кейіпкердің алтауын да типтік дәрежеге көтере білген.

Сонымен, үлкен айқай шумен санаторий жолдамасына зорға қолын жеткізген “жүйкесі жұқарған мұғалім” Санжар Серперов демалыс орнына алғаш келген күні асханада, жиырма жыл көрмеген курстасы Ғалымгүлді көреді. Жазушы Ғалымгүлдің мінез-болмысын бірге оқыған курстасы Санжардың көзімен суреттейді.

Сол екен, Ғалымгүлдің тап өзі. Өзгермеген. Тіп-тік жіптіктей күйі. Өңмеңінен өте шаншып қарап, әзілге орап, бәрібір тілінің тікенек инесін сұғып-сұғып алғанда студенттер шошып-шошып түсетін. Артық-ауыз сөз айтуға бата алмай, аяқтарын тартыңқырап жүретін. Қандай пәннен де жүйрік, сәл құрғақтау, сәл салқындау айтқанымен, білмейді, ізденбейді дей алмай, оқытушылардың бәрі “бес” қоюға мәжбүр еді. Ақыры арпа ішінде бір бидай болып, қызыл дипломмен бітіріп шықты.

Ғылымды “сәл құрғақтау, сәл салқындау” игерген Ғалымгүлге мінездеме беру арқылы да автор Санжар мінезіндегі байқампаздық, қисынды ойлау жүйесін суреттеу арқылы, Санжар бейнесін әрлей келе күрделендіре түскен.

Ғалымгүл келесі сәтте-ақ  оқырман алдына әбден қалыптасқан ішкі болмысын жайып салып, Санжардың ойы арқылы жазушы суреттеген мінезін дәлелдей түседі.

Сол күйіңдесің, жап-жассың,- деді Ғалымгүл Санжардың бас-аяғына тесіле қарап. – Алыстан қарағанда, әрине.

Өзің де өзгермепсің, біз мыж-тыж болдық қой,- деді Санжар “алыстан қарағандының” астарына түсініп. – Айтпақшы, атыңды ақтадың ба? Ғалым бола алдың ба, әйтеуір?

Қашан келдің? – деді Ғалымгүл түсін сәл суыта түсіп.

Бүгін,- деді бұл ыңғайсызданып.

Бүгін қайтып кетпейтін шығарсың, жата-жастана айтармыз кімнің-кім болғанын.

Оқып отырып езу тарта, мырс етіп күлесің. Сұраққа сұрақпен жауап беру – ақылды, ойы терең, қиялы ұшқыр, қиқар мінезді күрделі адамдарға тән қасиет. Ғалымгүл бейнесінің өн бойында артық не кем тұрған біз қозғалыс, не бір ауыз сөз жоқ. Сөзі мен бар қимыл-қозғалысы  аса бір ұқыпты дәлдікке бағынған. Ғалымгүлдің сыртқы кейпіне сай әрбір сөзі де кейіпкер мінезін нақтылап,  айқындап  аша түседі.

Білім мен ақыл - ойға кенде емес, бірақ, өзіне сын көзбен қарай алмайтын, өзіне-өзі ырза, тек өзінің қоғамдағы орнына ғана ырза емес, мақсатына жете алмаған әлсіздігін тілінің уымен бүркемелейтін, өмірде жақсылық барына, мейірім барына сенбейтін қыршаңқы адамдар болады.

Ғалымгүл – осындай адамдардың жиынтық бейнесі. Жазушы Ғалымгүл бейнесін типтік дәрежеге көтерген. Мен өмірде еркек әйелі аралас Ғалымгүлдердің жүзден астамын көрдім.

Шығармадағы Мүстән кемпір – өте қорқынышты һәм аянашты.   Қорқынышты болатын себебі, “сұп-сұр бетінде бір түйір қан жоқ, бірақ денсаулығы мықты” Мүстән кемпірдің күллі болмысында ешқандай жарық ой жоқ. Ол өмірге соқыр сезім, қап-қара көңілмен қарайды. Қандай жаманшылық болсада қолынан келгендей.

Ал, аянышты жері, адам өз ғұмырында өмірдің сұлулығын, сәулесін,  өмірдегі ғажап үйлесімділікті, мейірім мен махаббатты, жақсылықты сезіне алмаса, одан өткен аянышты не болуы мүмкін?

Мүстән кемпір бейнесін ойлағанда, оқушы бойын қорқыныш пен аянышқа толы қос сезім қатар билеп алады.

Менің есіме  XV-XVI ғасырларда өмір сүрген Италияның ұлы суретшісі Леонардо да Винчидің “Джаконда” деген атпен белгісі “Моно Лизасы” түсіп отыр. Адамзат тарихындағы ғажайып өнер туындысы болып саналатын осы “Моно Лиза” күліп тұр, жоқ ол әшейін күлімсіреп тұр, ойланып тұр, жоқ салқын қарап мысқылдап тұр, - деп “Моно Лизаның” көзқарасын ажырата алмаған өнертанушылар бес жүз жылдан бері әлі таласып келе жатыр.

Менің ойымша, Леонардо да Винчидің суретші ретіндегі ұлылығы сонда, сіз “Моно Лизаға” қандай көзқарастағы  көңіл-күймен қарасаңыз, ол да дәл сондай көңіл –күймен жауап береді.

Ұлы суретші  өзінің мәңгі өлмес өнер туындысы арқылы адамдарға: “Сіз өмірге қандай көзбен қарасаңыз, өмір де сізге дәл сондай көзбен қарайды”,- деген философиялық ойды айтқысы келген секілді.

Ал, Мүстән кемпір мен Мүстән кемпір секілділер өмірге, жан-жағына еш уақытта жақсы, жылы көзбен қарамаған. Сондықтан да олар өмірдің жақсылығы мен жарық сәулесін еш уақытта сезіп, көре алмай, айналасына тек өшпенділікпен қарайды. Шығармадағы Мүстән кемпір бейнесі ешкімге ұқсамайтын дара болмысымен ерекшеленеді.

М.Байғұттың “Машаттағы махаббат” повесіндегі Айгүл – Мүстән кемпірге жүз пайыз қарама-қарсы бейне. Көп оқығаннан жәй өмірде шамалы қиялилау, адамдарға тек жақсылық қана тілеп, жақсылық қана жасағысы келетін, тұла бойы мейірімнен ғана жаралған Айгүл секілді адамдар болмаса, өмірдің несі өмір? Онда өмір сүріп керегі не?

Айгүл секілді адамдар өмірде бар болғандықтан да, өмір басқаларға мәнді де  нұрлы болып көрінетін шығар. Айгүл өмірге  мейірімге толы нұр шашу үшін  келген секілді.

Шығармадағы Айгүл бейнесі – оқырман жүрегін тереңнен баурап алатын биік адамгершілік қасиетімен қымбат.

Шығарманың бас кейіпкері Санжар Саяны алғаш рет асханада, Ғалымгүлдің қасынан көрген. Ерекше есінде қалғаны өріп, түйіп қойған қалың шашы мен әдемі боялған қысыңқылау қара көздері.

Адам жан-жүйесінің маманы психологтардың дәлелдеуі бойынша, әр адамның жеке өзіне ғана тән “аура” деп аталатын био-энергиясы болады екен. Ортақ тіл табысқан адамдардың ең бірінші кезекте осы био-энергиясы бір-біріне тартылатын көрінеді. Көп жағдайда мұны адамдардың өздері де  біліп, сезе бермесе керек.

Осы ғылыми тұжырым рас та болу керек, себебі адамдар бірін-бірі себепсіз жақсы көріп, кейде себепсіз  жек көріп, ұнатпай жауласып жүреді.

Адамдар арасындағы осы био-энергиялық байланысты өте нәзік, ерекше түйсікпен суреттеген шығарма авторы М.Байғұт “Қыз бұған қарап, өзімсіне жымиып отыр екен. ...Қайта-қайта қарағысы келе береді. Осылайша отырудан екеуіде жалықпайтынын сездіріп алды. Екеуі де бір мезетте солай ойлаған сияқты еді”,- деп жазады.

Бұдан ары қарай кейіпкерінің ішкі жан-толғанысын автор: “Мына қыз неге сонша ыстық көрінеді? Ол неге бұған бұлайша қарайды? ...Қалай десе де, демесе де тап осынысы бұрын бастан кешпеген сезім секілді, терең түкпірден лықсып қозғайтындай”.

Қыз бен жігіт арасындағы махаббат сезімі-тілмен түсіндіру өте қиын, аса күрделі сезім.

 Ғашықтың тілі-тілсіз тіл,

Көзбен көр де,ішпен біл, - деген сөзді данышпан хәкім Абай аса сезімтал көрегендікпен айтқан.

Қалай десек те, шығармадағы Сая мен Санжар арасындағы кіршіксіз сезімге оқушы шын сенеді. Олар бірі үшін бірі жаралғандай. Себебі, олардың жаратылысы, жан-дүниесі мен рухани әлемі бір еді. Екеуі де әдебиетті ес- түссіз сүйетін. Екеуі де ауыз әдебиетінің жауһары “Қобыланды батыр” жырын жатқа білетін. Екеуі тез тіл табысып, бүкпесіз, армансыз сырласты. 

Сая жеңіл өнеркәсіп инженері, цех бастығы болса да, өмір бойғы арманы әдебиет пәнінің мұғалімі болу еді. Себебі, ол әдебиеті жан-тәнімен сүйетін. ЖенПи-ден құлап қалған соң, өр мінезі мен намысқойлығы екінші рет қазақ әдебиеті факультетіне құжат тапсыртпады.

Сая бірбеткей, жалаң намыстың ғана емес, ол айналасына, қоғамына сергек көзбен қарайтын терең ойдың да қызы. Саяның Санжарға айтқан мына сөздерін ой елегінен өткізіп көрейікші. Саяның табиғи ақылы бірден көзге ұрып, оқырман ойын баурап алады.

  “Білдей инженермін. Цех басқарамын. Қарамағымда жүз жетпіс бес адам бар. ...Қойыңызшы. Қайдағы бастық. Білесіз бе, мені басқа нәрселер қинайды. Жатаханада, өміріміз сонда өтіп жатыр. Отызға шығып барамын. ...Білесіз бе, біздің жатаханада қырықтан асқан, сізбен түйдей жасты қыздар да тұрып келе жатыр. ...Олар да, біз де тұрмысқа шыға алмай келеміз. Ал, бірен- сарандары күйеуге шықпай-ақ балалы болған. Ал енді сол балалары жатаханада жігіт болып, жатаханадан әскер қатарына кетіп жатса,әскер қатарынан, Ауғанстаннан сол жатаханадағы шешелеріне оралып жатса қалай жыламайсың. Осы да өмір ме, айтыңызшы аға!”

Бұл – Саяның жанайғайы еді. Адам – өзі өмір сүрген қоғамның жемісі. Жоғарғы саналы, ақылды да ойы терең адам өз қоғамының шешімін табуға тиіс күрделі мәселелерін сөз етері анық.

Өмір бойы жатаханада тұру, күйеуге шықпаған кәрі қыздар мәселесі, некесіз туған балалар. Әскерден, өмір мен өлім арасындағы Ауғанстаннан сол жатаханаға, ...шешелеріне, таршылық пен жоқшылық өмірге қайта оралып жатыр. Неге? Шешімі  тереңде жатқан өте күрделі қоғамдық мәселелер...

Кім кінәлі? Не істеу керек?- деген ғасырлар бойы қойылып келе жатқан сұрақты, өзіңізге-өзіңіз қайта-қайта коясыз. Жауап жоқ.

Саяның жанайғайынан соң, ұлт көсемі Байтұрсынұлы Ахметтің: “Балам деп бауырына тартпаса, елім деп еңірейтін ер қайдан шығады?”,- деген аталы сөз еске түседі.

Өз қоғамының ең жанды жерінің жан-жарасын ашып көрсеткен Сая қызды ешкім де жеңіл ойлы, ақымақ қыз деп атай алмайды.

Жазушы Сая бейнесінің бар қырын оқырманына көрсету үшін түрлі тәсіл қолданады. Кейде Саяның ой сезімі мен жанайғайы ашық әңгіме түрінде берілсе, кейде Сая болмысы оқиға ішінде ашылып жатады. “Машат” сөзінің мағынасын “Қобыланды” жырынан тауып түсіндірген Саяның қуанышы мен жанының пәктігі мөлдіреп тұр-ау, мөлдіреп тұр.

Бұл эпизодта тек қана Сая бейнесі ғана емес, басқа кейіпкерлердің де табиғи болмысы тереңнен ашылған. Оқып көрелік...

Осы сіздер ойлайсыздар ма, мына Машат деген ат қайдан шыққан екен?- деді Ләскер-жерлес жерден жеті қоян тапқандай қуанып. Әрине, жаңа әңгіме тапқанына шаттанар.

Машат,- деді Ғалымгүл. – Шынында да, не сөз екен? Машат. Машат....

Оны білгенде неғылатын едіңдер?- деп Мүстән кемпір ренжіді.

Мына біздің курстасымыз, неміс тілі пәнінің мұғалімі Санжар айтар,- деді Ғалымгүл. - Баяғыда неше түрлі сөздерді тауып алып, неше түрлі болжамдар айтатын едік, қойдық қой. Ал бұл Серперов Санжар болса, осы жақтың жігіті. Білуі тиіс әрине...

Сонымен “Машат” сөзінің неден шыққанын, түп-төркінін түсіндіріп бере алмадыңыздар,- деді Ләскер-жерлес. – Бүгінгінің мұғалімдері не боп кетті, құдайым-ай, біз секілді технократтарға сын жоқ...

Ал Сая:

Таптым, таптым! Табылды! - деп айқайлап жіберген. - Міне, тыңдаңызыдар! Жақсылап тыңдаңыздаршы:

 Бұлдаңдаған Бурылдың

 Маңдайында машат бар,

 Марал ішсе,таусылмас,...

Сая:

Машат бар, машат  бар деп!- деп қайта-қайта  қайталады.- Маңдайында машат бар дейді білдіңіздер ме?! Білмесеңіздер, біліп қойыңыздар, машат деген бұлақтың баламасы. Түркі тілінде болған, қазір біздің бауырластардан қырғыз тілінде “башат” түрінде қолданылады ғой, білесіздер ме оларда осылайша сақталып қалған.

Эпизодта  жазушы Ғалымгүлдің ғылымға бой ұрғысы келген өткен өмірі мен тістеп сөйлейтін қыршаңқы мінезін, жақсы ой ойлап, жақсылыққа еш уақытта қуанбайтын Мүстән кемпір мен өзінің білімсіздігін “біз технократтармыз”,- деп бүркемелей отырып, Саяның алдында Санжарды бір мұқатып қалғысы келген Ләскер-жерлестің өздеріне ғана тән адами болмыстарын тереңдете аша отырып, бұлтартпас дәлелдер арқылы “Машат”сөзінің көне мағынасын оқырманға түсіндіріп кетеді. Шығарманың атауында бар болағандықтан Машат сөзінің тарихи мағасын білу –  шығарманың нарқын биіктетіп, оқырман қызығушылығын арттыра түскен.

Ләскер-жерлес – біз техникалық мамандықтардың иесі, “технократтармыз” деген сылтаумен, өз ұлтының тарихы мен әдебиетінен хабарсыз, тән рахатын басты орынға шығарған, барынша мәдениетті де ақылды болып көрінгісі келетін, рухани жаны кедей, “дүние – дос” – ұлт зиялылары өкілдерінің типтік бейнесі.

Ең қызығы, дәл осы Ләскер-жерлес секілді техникалық мамандықтарының иелері, өз мамандықтарын  да  терең білмейді. Олар мазмұнынан гөрі пішінді әр уақытта жоғары бағалаған.

Жан-дүниесі мен рухани әлемі қалтықсыз тіл табысқан Сая мен Санжар арасындағы махаббат, алғашқы махаббаттай риясыз, кіршіксіз де пәк болатын. Жастары біразға келсе де, екеуі де алғашқы махаббаттарын кешіктіріп жолықтырған бейбақтар еді.

Мүмкін, кешігіп жеткен алғашқы махаббат болғандықтан болар, мүмкін жас айырмашылығының алшақтығы шығар, Сая мен Санжар махаббаты Шыңғыс Айтматовтың “Боранды бекетіндегі” Раймалы жырау мен Бегімай сұлудың арасындағы трагедиялық махаббатты оқырман есіне түсіретіні рас.

Осы жәйтті анық сезінген жазушы, Ғалымгүл мен санаторий кітапханашысы ұйымдастырған әдеби кеште Раймалы жырау мен Бегімай  сұлудың алғашқы кездесуінен түпнұсқа бойынша көрініс берген. Раймалы рөлінде – Санжар, Бегімай рөлінде – Сая. Шығармадағы  үздік эпизодтардың да бірі  осы.

Мойындауға тиістіміз, Шыңғыс Айтматов секілді әлемдік деңгейдегі ұлы жазушының аса сәтті шыққан шығармасынан көрініс беріп, оны өз шығармасына қиюластыра кіріктіріп жіберуі –  авторлық сәтті шешім әрі үлкен батылдық!

 Ең бастысы жазушы Мархабат Байғұт Шыңғыс Айтматов көлеңкесінде қалып, жетегінде кетіп қалмай, айтайын деген ойын оқырманына түгел жеткізіп, өзіне ғана тән авторлық қол таңбасы мен бет- бейнесін сақтап қалған.

Әрбір әдеби бөлшекті өз пайдасына сәтімен шешетін автор, бұл эпизодта да күллі санаторийдегі демалушыларға Санжар мен Саяны “тереңнен тістей” таныстырған Ғалымгүл бейнесі мен әдеби кеш тақырыбына  әдемі үйлескен Мұқағали өлеңдерін оқыған Айгүл бейнесі өз әлемін оқушысына қапысыз ашып, одан әрі биіктеп, әрлене түскен. Санаторий кітапханашысы, санаторийде  қазақ тілінде мұндай әдеби кештің алғаш рет өтіп отырғанын атап көрсетті,- деген жазушының сарказмге толы авторлық баяндауы, өз еліміздегі өз  ана тіліміздің бейшара халінен сыр шертіп тұрғандай.

Раймалы-Бегімай сахнасын жазу арқылы автор, махаббат жасқа қарамайтын, уақытқа бағынбайтын ұлы сезім. Бүгінгінің Раймалы мен Бегімайы –  Санжар мен Сая! Жолы азапты болып, қосыла алмаса да махаббат сезімін бастан кешірген адамдар  шын мәнінде бақытты! Жүрегінде махаббаты бар адамнан  еш уақытта қара жүзді жауыздық пен жаманшылық шықпайды. Себебі, махаббат атты  ұлы сезім, мейірімнен бастау алады,- деген ойды айтқысы келген секілді.

Автор Санжар мен Сая сезімін суреттеуде ақ өлең формасы мен драма жанрының сахналық қойылым үлгісін молынан пайдаланған. Бір арнадан екінші арнаға жеңіл ауысып  отыратын автор, Ғалымгүл, Мүстән кемпір, Ләскер-жерлестердің Сая мен Санжарды айыптаған сот процесін драма жанрында суреттеп, кейіпкер бейнесін  әрлей түсіп, соңыннан драма жанрынан проза жанрына өте оңай ауысып кеткен.

Бұл әдіс шығарманың шырайын бұзып  оқиғаның шиыршықталып шиеленісе түсуіне нұсқан келтіріп тұрған жоқ. Біз мұны оқиға желісін суреттеудегі автордың өзіндік ерекшелігі, өзіндік қолтаңба үлгісі,- деп түсіндік.

Шығарманың тағы  да бір өзгешелігі, мүмкін ұлтымыздың әдеби тілдік қорын  оңтүстікке тән аймақтық сөздермен байыта түскісі келген болу керек, тек оңтүстік аумағы ғана қолданатын “ауқат”, “шыли”, “жүдә” секілді сөздерді автор өз шығармасында қолдана отырып, шығарма тіліне оңтүстікке тән рең беріп отырған.

Көне шығыс шайырларының ескі ғазалдарында махаббат Алладан келген сынақ,- деп жырланады. Бұл – шындық! Себебі, махаббатта рахат пен мұң, азап пен ләззат қатар жүреді.

Махаббаттың мұң аралас рахатының бал дәмін татқан Санжар, махаббат азабына шыдай алмай, жүрек талмасына ұшырап, есінен адасып талып қалады. Талып жатқан сүйгенінің басын сүйеп: “Жаным, жаным”,- деп шырылдай жылаған Сая дауысында мейірім де, мұң да, үрей мен қорқыныш та бәрі, бәрі бар.

Санжарға оңай емес еді. Таразының бір басында бес бірдей баласы мен сыйластықпен  ғұмыр кешіп жатқан өмірлік жолдасы әйелі тұрса, таразының екінші басында алғашқы махаббаты, шын ғашығы – Сая тұрды.                          

Иә, Санжарға өте ауыр еді. Ол бір шешімге келуге тиіс болатын. Бірақ, шешімді Сая қабылдады.

Санжар талып қалатын оқиғадан тура бір ай өткен соң Санжар Саядан үйлену тойына шақыру қағазы мен хат алады. Хатта:“ ...Неткен адал едің сен, жа-ным. ...Мен бәріне әзір едім, жа-ным. ...Енді бәрі кеш, кешір мені, келе алсаң тойға келіп бір көрініп кеткейсің. Келе алмасаң кінәләмаймын”,- деп жазылған.

Бұл хат Сая мен Санжар арасында ешқандай төсек қатынасы болмағанына дәлел еді. Ақиқатына келгенде, олардың адал да шынайы махаббаттары жәй ғана құмарлық сезімі алып келетін төсек қатынасынан әлде қайда биік тұр.

Көне данышпан  ғұламалардан: “Өмірде бақытты болғың келсе, екі нәрседен қателеспе, біріншісі – өмірлік жар таңдаудан, екіншісі –  мамандық, кәсіп таңдаудан”,- деген, әрбір жастың өмірлік бағдаршамы болатындай мағынасы  аса терең сөз қалған.

Шын мәнінде Сая өмірде өте  бақытсыз еді. Кісі қызығарлықтай табысқа жетсе де, ол  өмір бойы өзі қаламаған мамандық бойынша жұмыс істеді. Енді өзі сүймейтін адамға тұрмысқа шығып, сол адаммен бір шаңырақтың астында, өмір бойы бірге ғұмыр кешпек. Қандай аянышты тағдыр... Неге мен ғана бақытсыз болуым керек, - деп, Саяның өз бақыты үшін күресуіне толық құқысы бар еді. Бірақ, ол Санжардың әйелі мен баласының наласы мен көз жасына шомылып, бақытты болғысы келмеді. Оның адамгершілігі мол еді, намысқой да болатын. Сая шын ғашық болып, Санжарды жан-тәнімен сүйді. Сондықтан да ол адал махаббаты мен ғашығының жолына сезімін күшпен тоқтатып, өз қолымен өзін буындырғандай еді.

Ол өзін-өзі құрбандыққа шалды. Саяның бұл қадамы ерлік еді. Сая ерлігінің түп негізінде адамгершілік, мейірім, Санжарына деген шексіз адал да пәк махаббаты тұрды.

Иә, махаббаттың түп негізінде мейірім, адамгершілік, ерлік жатады. Сондықтан да  біз әлемді құтқаратын әдемілік емес, әлемді құтқаратын – мейірім, махаббат дейміз.

Сая өз махаббаты үшін өзін-өзі құрбандыққа шалып, ерлікке барды,- дейсіз. Бірақ, ол туралы автор өз шығармасында ешнәрсе айтпаған ғой,- деп кейбір ағайын дау айтуы мүмкін.

Ол рас, автор еш нәрсені ашық айтпаған. Шығарма өз оқырманына дәл осы қасиетімен де құнды.

Меніңше, көркем шығармада көп нәрсе ашық айтылуға тиіс емес. Сонда ғана шығарма оқушысын ой-орманына жетелейді. Бұл әдіс – оқырман талғамы мен ой-өрісін биіктете түсері хақ.

Жазушы Мархабат Байғұт өз шығармасында өмірдің өзегінен өз керегін ойып алып, еш өзгертпестен, дәл сол қалпында оқырман алдына тастай салған секілді. Өмірдің түрлі-түсті, сан қырлы бояуын, әр адам өз көкірек көзінің пайым-түсінігіне қарай ажыратып алуын,  автор оқырманның өз еншісіне қалдырған. Жазушының бұл әдісі шығарманың оқырман алдындағы құнын биіктете түскен.

Кітапты оқып болған соң, жазушы сомдаған Сая бейнесін, көз алдыңызға келтіріп, түкпірлей ойлансаңыз, шығарма кейіпкері Саяның өз махаббаты үшін ерлікке бара алатынына сенесіз.

Кез-келген жазушының ең басты міндеті, ол – оқырманына ой сала отырып, ойға шақыру. Осы тұрғыдан келгенде жазушы Мархабат Байғұт, міндет үдесінен шығып, өз мақсатына жете білді.

Біз әдебиеттің оқушы талғамын биіктетер көркем өнер түрі ғана емес, тәрбие  құралы екенін естен шығармауымыз керек.

Иә, әдебиет – тәрбие құралы! Бұл – ақиқат!

XVIII ғасырдан бастап экономикада, ғылым мен техникада дүние жүзілік бастамшыл, жетекші күшке ие болған батыс Еуропа, адамның тұрмысы мен болмысын, жан-жүйесін суреттеуде реализм әдісі  арқылы әдебиетте де қомақты жетістікке жетті. Біз мұны жоққа шығармаймыз.

XIX  ғасырдан бастап батыс әдебиеті, әсіресе француз әдебиеті өздерінің сенімі мен түсінігіне орай ғашықтықты – құмарлық, жыныстық қатынасты –  махаббат,- деп түсіндірді.

Осы түсінік орыс әдебиеті арқылы XX ғасырдың екінші жартысында біздің қазақ әдебиетінде де берік орын алып, құмарлық пен жыныстық қатынасты махаббат ,- деп түсіндіретін арзанқол шығармалар тіптен көбейіп кетті.

Біз де құмарлық пен жыныстық қатынасты махаббат,-  деп түсіндік. Себебі, бізді тәрбиелеп жатқан батыс ағымындағы әдебиет еді.

Ұлы Абайдың:

Ғашықтық құмарлықпенол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол, - деп, данышпандықпен айтқан философиялық ойына тереңдеп бойлай алмадық. Түсінбедік.

Түсініп бойлауға  батыс мәдениетінен үлгі алған біздің  рухани жан байлығымыз бен біліміміз жетпеді.

Ал, жазушы Мархабат Байғұт “Машаттағы махаббат” атты шығармасы арқылы біздің санамызға сіңіп кеткен батыстық үлгідегі махаббатты жоққа шығарып, сіресіп тұрған сеңді бұзғандай етіп, данышпан хәкім Абай айтқандай,  ғашықтық пен құмарлық бір-біріне от пен су секілді мүлдем керағар, екеуі екі басқа дүние екенін өз оқырманына тереңінен түсіндірген.

Бұл – шығарманың ең басты табысы мен жетістігі!

“Сөз түзелді, оқушым сен де түзел”,- дейтін заманның табалдырығына іліккендейміз. Шүкір!

Оқырманын түрлі сезім күйіне бөлеп, адам бойындағы намысты, адамгершілікті, сүйіспеншілік пен мейірімді, “дүние – дос” пенделер түсіне бермейтін биік махаббат дәрежесіне көтерген осы кітапты – қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес,- деп бағалаймыз.

Кітап аты: “Машаттағы махаббат”, авторы – Мархабат Байғұт.

Нұрғали Маханов

Түркістан облысы,

Созақ ауданы