13 қыр, 2019 сағат 11:55

Махаббат Есен: Теледидардың «ақыры» туралы әңгіме сәннен қалған

Бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау қорының жетекшісі, Astana Media Week медиа апталығының ұйымдастырушысы Махаббат Есен теледидардың болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әуелі Махаббат Есен осымен үшінші жыл қатар өтіп жатқан Astana Media Week медиа апталығы биыл несімен ерекшеленгенін айтты.

«Бірінші жылы барлық арналарды, медиаторларды, өндірушілерді біріктіретін коммуникативтік алаң құру көздеген едік. Әрине, алғы шепте телевизия саласының өкілдері тұрды. Солар үшін осындай пікір алмасу алаңын құрғымыз келген болатын.  Алғашында осындай алаң құрып, адамдарды ақпараттандыру, үйрету мақсат етілсе, өткен жылы мемлекет қаражатына жасалған барлық контент өңірлік арналарға тегін берілді», - деді Махаббат Есен.

Оның айтуына қарағанда, бұл жолғы шарада ақпаратты сол күйінде қабылдайтын «сезімтал топтармен» жұмыс тәсілі негізгі тақырып болғанын айтады.

«Биылғы апталықтың мазмұны ерекше. Қатып қалған ештеңе жоқ қой. Бүкіл әлем талқылап жатқан жаңалықтардан құр қалмай, бағып отыратын болдық. Ақпарат тұтынушылардың талабы мен талғамы қандай деген мәселе өзекті болып тұр. Ақпарат өте көп және бұл елді шаршатады. Медиамәдениет, медиасауаттылық деген дүниелер біздің қоғамда  қатты дамып кетті деп айтуға келмейді», - деген ол дәстүрлі саналатын БАҚ пен заманауи ақпарат беру форматының арасындағы бәсеке туралы пікір білдірді.

«Бұл апталықта әркімнің пікірін есту маңызды болды. «Теледидарды интернет ысырып тастай ала ма?» деген сұрақ әлі бар. Апталыққа қатысушылар телевизия саласына әзірге ешқандай жамандық төніп тұрған жоқ деген пайымға келіп жатыр. Сондықтан, осы төңіректегі дауды доғаратын кез жеткен сияқты. Тіпті бұл тақырып сәннен қалған. Мүмкін теледидар ақпарат нарығында осыдан 30-40 жыл бұрынғыдай қожалық ете алмас, бірақ ол бүгін ақпаратты тікелей таратудың теңдессіз алаңына айналып отыр. Қазір БАҚ тиімділігі контентпен өлшенеді. Яғни көрсетілім алаңының құрылымы маңызды емес. Теледидар ма,  YouTube каналы ма, әлеуметтік желі ме, ол маңызды емес. Ең маңыздысы – мазмұн.  Сапалы журналистика ешқашан өлмейді», - дейді танымал журналист.