17 там, 2017 сағат 10:16

Мағжанның "Алыстағы бауырыма" өлеңіне түрік ақынының жауабы

Мағжан Жұмабаев — түркі халықтарының тегі бір тұтастығы мен бірлігін жүрегінен өткізе жырлаған ақынның бірі һәм бірегейі.

1919-1920 жылдары Мағжанның Ататүрiк бастаған ұлт-азаттық қозғалысы туралы «Алыстағы бауырыма» атты өлең жазғаны белгілі. Арада 83 жыл уақыт өткеннен кейін бұл өлеңге түрік ақыны Фейзуллах Будак өлеңмен жауап жазған. Фейзуллах Будак - қазақ-түрік әдебиетінің өзара байланысына атсалысып жүрген қаламгерлердің бірі. Бүгін қос өлеңді оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Мағжан Жұмабаев. Алыстағы бауырыма

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,

Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым,
Қамаған қалың жаудың ортасында
Көл қылып көздің жасын төккен бауырым.
Алдыңда ауыр қайғы жатқан бауырым,
Өмірі жапа шеккен жаттан бауырым.
Түксиген жүрегі тас жауыз жандар,
Тірідей терің тонап жатқан бауырым.
Апырмай, емес пе еді алтын Алтай —
Анамыз бізді тапқан асау тайдай!
Бауырында жүрмеп пе едік салып ойнақ,
Жүзіміз емес пе еді жарқын айдай!
Алалы алтын сақа атыспап па ек,
Тебісіп бір төсекте жатыспап па ек.
Алтайдай анамыздың ақ сүтінен
Бірге еміп, бірге дәмін татыспап па ек.
Тұрмап па еді, біз үшін мөлдір бұлақ
Сылдырап, сылқ-сылқ күліп, таудан құлап.
Даяр боп ұшқан құстай соққан құйын,
Тілеген бір-бір тұлпар бейне пырақ!
Алтайдың алтын Күні еркелетіп,
Келгенде жолбарыс боп, жаңа ержетіп,
Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,
Бауырым, мені тастап қалдың кетіп.
Мен қалдым — жас балапан қанат қақпай,
Ұшам деп ұмтылсам да дамыл таппай.
Жөн сілтер, жол көрсетер жан болмады,
Жауыз жау қойсын ба енді мені атпай.
Қорғасын жас жүрекке оғы батты,
Күнәсіз таза қаным судай ақты.
Қансырап, әлім құрып естен тандым,
Қараңғы абақтыға берік жапты.
Көрмеймін кеше жүрген қыр-сайды да,
Күндіз — Күн, түнде — күміс нұрлы Айды да.
Ардақтап, шын жібектей арайға орап
Өсірген алтын анам — Алтайды да.
Апырм-ай, айрылдық па қалың топтан,
Шабылып қайтпайтұғын жауған оқтан.
Түріктің жолбарыстай жүрегінен
Шынымен қорқақ құл боп жаудан бұққан.
Шарқ ұрып, ерікке ұмтылған Түрік жаны,
Шынымен ауырды ма бітіп халі?!
От сөніп жүректегі, құрғады ма
Қайнаған тамырдағы ата қаны?!
Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,
Қайғыдан қан жұтамыз.
Біздің атқа
Лайық па құл боп тұру?
Кел, кетелік
Алтайға, ата мирас, алтын таққа!

Мағжанның бұл өлеңіне түрік ақыны Фейзуллах Будактың жазған жауабы:

Алыстан азабымды білген бауырым,
Жұбатып, көздің жасын сүрткен бауырым.
Отырып өзі жаудың ортасында,
Көңілді мұң — зарыма бөлген бауырым.
Тұмшалып қайғы-мұңға қалдым, бауырым,
Қуарып бәйшешектей солдым, бауырым.
Сен дұшпанды бұрыннан білуші едің,
Мен енді соған куә болдым, бауырым.
Анамыз еді-ау ортақ алтын Алтай,
Ол бір тұлпар болғанда, біз бір-бір тай.
Бауырында ойнақ салып біз жүргенде,
Тап біздей жайнамайтын Күн менен Ай.
Алалы алтын сақа атқан едік,
Тебісіп бір төсекте жатқан едік.
Алтайдай анамыздың ақ сүтін де
Бірге еміп, бірге дәмін татқан едік.
Сылдырап біздер үшін бұлақ ақты,
Шатырлап найзағайлар ойнап жатты.
Даяр боп ұшқан құс пен соққан құйын,
Біз мінген аттар — тұлпар, һәм пырақты.
Бір күні бұл дәуреннің соңы жетіп,
Тәңірдің жазуымен сапар шектік.
Ақ теңіз, Қара теңіз ассақтағы,
Жүректі сол Алтайға тастап кеттік.
Білемін ұшам дедің, ұша алмадың,
Дәрменсіз, көкке қанат қаға алмадың.
Жөн сілтеп, жол көрсетер ешкімің жоқ,
Дұшпанның тырнағынан қаша алмадың.
Саған атқан оқ маған өтіп жатты,
Күнәсіз қанымызды төгіп жатты.
Егерде қан төгілсе мына біздің,
Түбімізге бөліну жетіп жатты.
Мен де аңсаймын кешегі қыр-сайды да,
Күндіз — Күн, түнде — күміс нұрлы Айды да.
Бізді жібек құндаққа орап алып,
Бауырында әлпештеген ана — Алтайды да.
Айырылып бір-бірімізден, отқа түстік,
Тарихтың қазанында қайнап пістік.
Тайсалып қайтпайтұғын жауған оқтан
Жігіттік, батырлықтың антын іштік.
Ұмтылған бостандыққа түрік жаны,
Ауырып көрген емес, бітіп қаны.
Жүректің жалын оты сөнген емес,
Соғып тұр тамырында ата қаны.
Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,
Не таптық шашырағанда шартарапқа?
Барлығын күш-қайраттың жинау керек,
Атадан мирас қалған ұлы Отанда.