13 қар, 2018 сағат 07:11

Мағжан Жұмабаев ауданына жаңа әкім тағайындалды

СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов Мағжан Жұмабаев ауданның жаңа басшысын таныстырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл қызметке СҚО ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып келген Қайрат Омаров тағайындалды. Жиын барысында аймақ басшысы жаңа аудан әкiмiне нақты тапсырмалар жүктедi.

Ауданды соңғы 3 жылда басқарған Асқар Бегманов «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға аттанбақ.

Жиыннан кейiн облыс әкiмi аудан орталығы Булаевта жақында ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенiнiң жұмысымен танысып, жас спортшылармен, аудан тұрғындарымен тiлдестi.

Айта кетсек, Қайрат Қайроллаұлы 1979 жылы 15 наурызда Көкшетау облысы Володар ауданы, Прекрасный ауылында туған.

«Фемида» Қарағанды заң академиясының Көкшетау филиалын, Көкшетау экономика және менеджмент институтын экономика бакалавры, заңгер мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1996 жылы Айыртау ауданы Прекрасный орталау мектебiнде мұғалiм болудан бастады.

2004-2007 жылдар аралығында Ғабит Мүсiрепов атындағы ауданның әдiлет басқармасының жетекшi, бас маманы болып жұмыс iстедi.

2007-2008 жылдар аралығында Айыртау ауданы әдiлет басқармасының бас маманы болып қызмет атқарды.

2008-2012 жылдар аралығында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК филиалының Ғабит Мүсiрепов атындағы аудан бойынша бөлiмiнiң бастығы болды.

2012 жылдан бастап осы тағайындауға дейiн Ғабит Мүсiрепов атындағы аудан әкiмiнiң экономика және ауыл шаруашылығы жөнiндегi орынбасары қызметiн атқарды.

2015 жылдан бастап, осы күнге дейiн Солтүстiк Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болды.