26 қаң, 2018 сағат 07:58

Маэстроның мерейтойына арнау

«Астана Операның» керемет жетекші солистері әйгілі опера әншісі Евгений Нестеренконың 80 жылдығына арналған «Маэстроға арнау» концертін ұсынады. Атақты бас репертуарындағы туындылар және әлемдік музыкалық өнердің жауһарлары 31 қаңтар күні театрдың Камералық залында шырқалады.

Евгений Нестеренко – КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлық пен «Грэмми» жүлдесінің (АҚШ) лауреаты, Австрияның Каммерзенгері, профессор, академик, көптеген ең беделді халықаралық марапаттардың, мәртебелі сыйлардың, орден-медальдардың иегері. Кіші опера театрының, С.М. Киров атындағы Ленинград опера және балет театрының (Мариин театры), Мемлекеттік академиялық Үлкен театрдың солисі. Аты аңызға айналған әнші әлемнің үздік сахналарында, соның ішінде Ла Скала (Милан, Италия), Метрополитен-Опера (Нью-Йорк, АҚШ), Ковент-Гарден Корольдік опера театры (Лондон, Ұлыбритания), Колон театрында (Буэнос-Айрес, Аргентина), сонымен қатар Вена (Австрия), Мюнхен (Германия), Сан-Франциско (АҚШ) және өзге елдердің ірі сахналарында 50-ден астам жетекші партияларды орындаған.

Е. Нестеренко жасаған көптеген жарқын бейнелердің арасында М. Мусоргскийдің аттас операсындағы Борис Годунов партиясы бірінші орынға ие. Осы кеште, Борис арияларынан басқа, айтулы әншінің қоржынындағы туындылар, атап айтқанда, П. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Гремин ариясы, «Мазепа» операсынан Кочубей ариясы және т.б. шығармалар тыңдаушылар назарына ұсынылады.

Сондай-ақ бағдарламаға маэстроның сүйікті операларының үзінділері енген, олар – Дж. Вердидің «Дон Карлос» операсынан Родриго ариясы, П. Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі» операсынан Елецкий ариясы, «Евгений Онегин» операсынан Онегин ариясы, «Иоланта» операсынан Роберт ариясы, «Мазепа» операсынан Кочубей ариясы, М. Мусоргскийдің «Хованщина» операсынан Марфаның бал ашуы, Н. Римский-Корсаковтың «Патша қалыңдығы» операсынан Любаша мен Грязной дуэті мен көрінісі және т.б. Атақты әртістің жанына жақын ән-романстары - Р. Шуманның «Арнау», П. Чайковский, С. Рахманинов, Н. Римский-Корсаков, Г. Свиридовтың әндері мен романстары шырқалады.

Концертке маэстро Нестеренконың шәкірттері мен ізбасарлары – «Астана Операның» жетекші солистері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Дина Хамзина, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, сонымен бірге шақырылған баритон, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов қатысады. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова, Ләйлә Сейітова, Долорес Үмбетәлиева.

- Евгений Евгеньевич Нестеренко – қазіргі заманғы опера өнерінің біртуар ұлы қайраткерлерінің бірі, әлемдік деңгейдегі ірі тұлға. Одан көп тәлім алуға болады, оның сирек кездесетін вокалдық дарыны, әртістігі, әуенділігі, кемелденуге деген ұмтылысы, жұмысқа деген ерекше қабілеті жан тебірентеді. Жас әріптестері мен шәкірттеріне деген шексіз мейірімі бола тұра, ол өзіне асқан талаппен қарайды. Осы концерт арқылы ХХ ғасырдағы орасан зор бас әншінің бірі, әлемге танымал ондаған өнерпаздың талантын ұштаған ұлағатты ұстазға деген сый-құрметімізді білдіреміз. Маэстроға зор денсаулық, шығармашылық табыс және өмірдің бар асылын тілейміз, - деп атап өтті әртістер.

Концерттің басталуы сағат 19:00-де.