17 мам, 2019 сағат 15:51

Мәдениет министрі Ержан Максимнің елордада өтетін концерті туралы айтып берді

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы елорда тұрғындарын Ержан Максимнің жеке концертіне шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылғы 28 маусымда сағат 19:00-де «Қазақстан» орталық концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен жас дарын Ержан Максимнің жеке концерті өтеді», - деді министр елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Атап айтқанда, жас дарын иесімен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәкен Майғазиев, Мөлдір Әуелбекова, Ренат Гайсин, сондай-ақ халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Айқын Төлепберген өнер көрсетеді.

«Осы орайда үлкен концерт өтетінін айтқым келеді. Кейбір өнер жұлдыздары да шақырылады, яғни отандық және шетелдік эстрада жұлдыздары келмек», - деді А. Мұхамедиұлы. Оның сөзіне қарағанда, бұл концерт жас дарын үшін маңызды қадам болып отыр. Е. Максим жанды дауыспен өнер көрсетеді және концерт эстрадалық симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. 

Сондай-ақ, ол алдағы күндері Ресейдегі «Голос. Дети» ән байқауының арнайы шығарылымына қатыспақ. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында жас дарынның анасы Гүлмира Әлібек мәлім етті.

«Ержан бұл шараға қатысады. Осыдан басқа ештеңе айта алмаймын», - деді Г. Әлібек Мәдениет және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кеткен жөн, Ержан Максим Ресейдегі «Голос. Дети» жобасында екінші орын иеленген болатын.

«Қазіргі бұл конкурс немесе гала-концерт ретінде өтетіндігі анықталып жатыр. Бүгінде Ұйымдастырушылар өздері осыны пысықтауда. Бірақ Ержан нақты қатысады. Неге қатыспасқа? Ол үлкен телеарнада өз өнерін тағы бір мәрте паш етеді», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Ержан қатысқан «Голос.Дети» байқауының нәтижесі жоққа шығарылды.

Байқаудың дауыс беру нәтижелеріне тексеру жүргізген Group-IB компаниясы қатысушылардың біріне автоматты түрде СМС-дауыстар жолданғанын бұған дейін тіркеген болатын.

«Аралық тексерулер дауыс беру процесіне сырттан ықпалдың болғанын растады. Соңғы есеп мамыр айының соңында белгілі болады. Алайда, Бірінші арна биылғы маусым нәтижелерін қазірден жоққа шығару жөнінде шешім қабылдады» - делінген ақпаратта. Аталмыш арна байқауға дауыс беру шараларының қауіпсіздігін келесі маусымға дейін жетілдіретінін мәлімдеп отыр.

Ал Алтыншы маусым нәтижелері жоққа шығарылғандықтан, 24 мамырда ақтық сынға қатысушылардың арнайы шығарылымы болады. Еске салсақ, 11 жастағы оралдық өнерпаз Ержан Максим аталмыш конкурста Валерий Меладзенің командасында өнер көрсетіп, екінші орын иеленген еді.