13 мам, 2019 сағат 08:25

Лукашенко: Ресейдің сапасыз мұнайы елге "орасан" залал келтірді

Беларусь Президенті Александр Лукашенко ресейлік "Дружба" құбыр желісі арқылы келген сапасыз мұнайдан елдің "орасан зор" зардап шеккенін айтып, Ресейден өтемақы күтетінін жеткізді.

"Бұл - мұнай құбыр желісі, мұнай құбырындағы жабдықтардың өзіне және мұнай өңдеу зауытына келген орасан зор шығын. Бұл елге келген орасан зор залал. Біз кірістің белгілі бір бөлігін ала алмадық, валюталық түсім, транзит - көп ақшадан айрылдық" деді 11 мамырда журналистер сұрақтарына жауап берген Александр Лукашенко. Оның сөзінен БелТА ақпарат агенттігі үзінді келтірді.

Оның болжамынша, залал көлемі жүздеген миллион доллар болуы мүмкін және Ресей мұнымен дауласпайды деп үміттенетінін де жеткізді.

Беларусь жағы ресейлік мұнайдың сапасының нашарлағанын ең алғаш рет 19 сәуірде мәлімдеген. "Белнефтехим" компаниясының дерегінше, ресейлік мұнайдың құрамындағы хлорид мөлшері жиырма еседен асқан. Сәуір айының соңында Ресей "Дружба" құбыр желісі арқылы баратын мұнайды тоқтатты.

"Дружба" құбыр желісі Ресей мен Қазақстаннан келетін мұнайды Беларусь арқылы Польша, Германия және Словакияға жеткізеді.