07 қар, 2019 сағат 09:35

Lufthansa ереуілге байланысты 1300 рейсті тоқтатуға мәжбүр

Германияның Lufthansa әуе компаниясы ұшқыштар мен жолсеріктердің ереуіліне байланысты шамамен 1300 рейсті тоқтататынын хабарлады. Бұл рейстер бойынша шамамен 180 мың жолаушы ұшуы тиіс болған. Ереуіл 7-8 қараша күндері өтеді.

Жұма, 7 қарашада Lufthansa-ның бас кеңсесінің алдында жолсеріктер жаппай шеру өткізеді. Олар жалақыны өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етеді.

Бұған дейін Lufthansa басшылығы қызметкерлердің ереуілін заң арқылы тыюға тырысқан. Алайда сот 6 қарашада әуе компаниясының еңбек дауына байланысты шағымын қанағаттандырмады. Lufthansa шешімді апелляцияға беретінін айтты.

Қазан айында Lufthansa әуе компаниясымен байланысты төрт компания қызметкерлері ереуілге шыққан. Олардың арасында Eurowings және Germanwings компаниялары бар. Ол кезде Берлин, Мюнхен, Франкфурт және Дюссельдорф әуежайындағы рейстер тоқтаған.