13 жел, 2019 сағат 13:02

LRT ісі: Елорда әкімінің бұрынғы орынбасарына іздеу жарияланды

LRT қылмыстық ісі бойынша тергеу аяқталуға жақын. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің екінші департамент басшысы Сергей Перов айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тергеу нәтижесіне қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Астана LRT-ның лауазымды тұлғалары және жеке компаниялардың директорлары миллиардтаған қаржы ұрлағаны анықталды.

«Қылмыстық істі елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков және Астана LRT басшысы Т.Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялардың көмегімен ұйымдастырған. Осы лауазымдағы тұлғалар әкімдік басқармаларының бұрынғы басшылары Р.Аманжолов, Ж.Нұрпейісовтың қатысуымен 24 млрд теңгеден астам қаражат жымқырылған. Әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке іздеу жарияланды», - дейді Сергей Перов елордада өткен брифингте.

Оның айтуынша, бұл қаржыға жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, кеңесшілік қызметтерді көрсету және техникалық бақылау шығындары кірген.

«Өз кезегінде, мердігерлік ұйымның директорлары қосалқы мердігерлік компаниялармен артық бағада жалған мәмілелер жасап, қаржыны жалған кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған. Нәтижесінде мемлекетке 5 млрд теңгеден артық соммаға шығын келді. Іс бойынша әкімдіктің 5 лауазымды тұлғасы (басшылық құрамынан) және мердігер ұйымдардың 6 басшысы жауапқа тартылуда. Олардың ішінде 5 күдікті күзетке ұстауға алынған, 3 адам қамауға алу бұлтартпау шарасымен халықаралық іздеуге берілген», - дейді ол.

Тергеу барысында 3 адам өз кінәсін мойындап, сәйкесінше оларға қатысты қамауға алу қолданылмаған. Қылмысты істі тергеу осы айдың аясына дейін аяқталуы мүмкін.

Еске салсақ, Президент LRT құрылысын жеделдетуді және оған қатысты істі тергеуді тапсырды. Бұған дейін LRT-ның құрылысы уақытша тоқтатылғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Оған қатысты Үкімет басшысы Асқар Мамин пікір білдірді.

Сонымен қатар жақында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана LRT» ісі бойынша бірқатар жалған кәсіпорын тергеліп жатқанын мәлім етті.