05 қыр, 2019 сағат 12:33

Лондонда 360 градус бейнелі бассейн ашылмақ

Жүзуді жақсы көретін жандар үшін жақсы жаңалық. Лондонда әлемде алғаш рет тіркеліп отырған, 360 градус бейнелі, биікте орналасқан бассейн құрылысы басталды, деп хабарлайды CNN.

Бұл бассейн Infinity London ғимаратының 55-қабатында орналаспақ. Көлемі 600 000 литр су құяға арналған. Идея және құрылыс авторы - Compass Pools компаниясы. Дизайнерлер дәл осындай биікте, 360 градустың бәрін көрсететін бассейн әлемде жоқ дейді.

Хауыз акрилдан құйылып жасалады, астыңғы едені мен шетіндегі қабырғалары мөлдір шыны болмақ. Сондықтан ғимараттың төменгі қабатында жүргендер жоғарыда жүзіп жүрген адамдарды көре алады.

Compass Pools компаниясының дизайнері Алекс Кемсли көптеген техникалық мәселелердің орын алғанын айтты, соның ішіндегі ең күрделісі бассейнге жүзушілердің қалай енетіні ұзақ уақыт талқыланған.

Бассейннің әдемі бейнесін сақтап қалу үшін дизайнерлер сыртқы жағына, ғимараттың айналасына ешқандай саты орнатпаған. Бұрандалы саты судың ішіне орнатылмақ. Хауыз түнде «бағалы факел» сияқты жылтырап, ғимаратқа әдемі әр бере түседі деп болжанып отыр.

Хауыздың айналасына анемометр орнатылады, ол желдің жылдамдығын бақылайды. Судың температурасы компьютерлік жүйенің көмегімен басқарылады.

55 қабатты ғимараттың шатырында бассейн салынғаннан соң, дизайнерлер жоғары қабаттарына 5 жұлдызды қонақүй салуды жоспарлаған. Хауыз құрылысы 2020 жылы басталады.