25 ақп, 2020 сағат 07:10

Ломбардтар заң бойынша арнайы тіркеуден өтуі тиіс - агенттік

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, ломбардтар міндетті түрде агенттікте тіркеуден өтуге тиіс, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

2019 жылғы 3 шілдедегі «Микроқаржылық қызмет туралы» заңға сәйкес ломбардтардың жеке тұлғаларға микрокредит беру қызметі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметке жатқызылған.

«Бұл ретте өз қызметін жүзеге асыру үшін ломбардтар 2020 жылғы 1 шілдеден кейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде есептік тіркеуден өтуі қажет. Одан кейін агенттік осы ұйымдарды реттеп отырады. Бүгінде ломбардтардың бір де біреуі есептік тіркеуден өту үшін агенттікке өтініш жасамаған және тиісінше, микроқаржы ұйымдарының тізілімінде жоқ» делінген хабарламада.

Есептік тіркеуден өткен микроқаржы ұйымдарының тізімімен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі ломбардтардың қызметін реттеуді олар есептік тіркеуден өткеннен кейін бастайды.

«Осыны ескере отырып, ломбардтардың қызметін пайдаланған кезде қол қою алдында барлық құжаттарды мұқият зерделеуге кеңес береміз. Ломбардтардың қызметі ҚР Азаматтық кодексімен реттеледі, оған сәйкес ломбардтар халыққа микроқарыз беруге құқылы. Қазақстан Республикасының аумағында халықтан ақшаны тек екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ Ұлттық почта операторы агенттік атынан уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензия негізінде тарта алады. Қаржы реттеушісінің лицензиясы жоқ немесе агенттікте есептік тіркеуден өтпеген компаниялармен шарттық қатынастарға түсе отырып, азамат барлық ықтимал тәуекелдерді өз бетінше бағалауға және өз әрекеттері үшін жауапты болуға тиіс екендігіне назар аударған жөн» дейді агенттіктен.

Еске сала кетсек, ҚР Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидалары мен ломбардтарға алданған қазақстандықтардан арыз-шағым әлі де түсіп жатқанын мәлім еткен болатын.