24 шіл, 2018 сағат 13:01

Логистика саласын дамытып жүрген бағдарлама бар

Көп доспен талқылайтын аз ғана тақырыптың бірі – Еуропа сияқты болу, еуропалықтар секілді өмір сүру. Кәрі құрлықтағы мемлекеттердің деңгейінде өзімізді көргіміз келсе, экономиканы дамыту қажет. Ал экономиканы дамыту цифрландырумен тікелей байланысты. Елімізде 2017 жылы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бағдарлама міндеттерінің бірі – логистика саласы. Елдегі бұл саланың ақсап жатқанын біліп, дамытуды қолға алғандардың бірі – Relog компаниясы.

Компания басшысы Бауыржан Рүстемов – айтишник. Үш жыл бұрын шағын курьерлік компания қызметін автоматтандыруға тапсырыс алғанда, еліміздегі логистика саласының ақсап тұрғанын түсінеді. Нарықты зерттеп, алғашқы нұсқасын жасап, инвесторлар тапты. Қазіргі күні компанияның 50-70 арасындағы әртүрлі деңгейдегі клиенттері бар. Relog бағдарламасын бизнеске енгізу оңай емес. Бір компания үшін бір жылдай уақыт кетеді. Жұмыс сонан соң барып басталады.

Relog бағдарламасы қалай жұмыс істейді?

Бағдарламаны пайдаланатындар: дистрибуция, интернет-дүкен, курьерлік қызметті атқаратын компаниялар. Мәселен, курьерлік қызметті ұсынатын компанияларға тұтынушылар тапсырыс берді делік. Ол өз кезегінде Relog бағдарламасына интеграциялау арқылы келіп түседі. Бір күнде 300 тапсырысты қаланың әртүрлі аймағына 12 көлік уақытылы жеткізу қажет болсын. Бұл жерде жұмыс барысының бәрін логист басқарып отырады. Бірақ бір адамның сонша тапсырысты бақылап, әрқайсысының жеткізілгенін қадағалап отыруы оған қиынға соғады. Тапсырыс иесі шағымданып, тіпті басқа компанияның қызметіне ауысып кетуі де мүмкін. Мұндайда логистикалық бағдарламалар ғана тығырықтан алып шыға алады. Relog бағдарламасының программистер жазған алогритмдері болады. Бағдарлама тапсырыстың бәрін ең қысқа уақытта, қаладағы ең дұрыс жолмен жеткізудің есебін шығарып береді. Бағдарламаның мақсаты тапсырыс беруші мен тапсырыс алушының тауарды қайда, қанша уақытта, қандай көлік алып бара жатқанын электронды түрде бақылап отыру ғана емес, сонымен бірге жеткізу барысында барынша аз ресурс пен көліктің пайдаланылуына күш салу. Relog арқылы жақында бір компанияның жеткізу көліктері 20 пайызға азайтылған. Демек ол көліктер әуел бастан артық шығын болған. Адам көптеген детальдарды байқай бермейді. Ал бағдарлама есептен қателеспейді. Бір дегенде 10 тапсырыс келіп түссе, жол кептелісі мен ара қашықтықты ескере отырып, жету уақытын бірден есептеп, қай жолмен жүрудің ыңғайлы екенін экранға шығарып береді. Көліктің көлеміне қарай тауар санын да есептейді.

***

Бір күнде түскен 300 тапсырыс 12 жүргізушіге бөлініп беріледі. Relog мобильді қосымшасы жүктелген жүргізушінің телефонына тапсырыс тізімі, тауар түрі, апаратын мекен жай мен маршрут хабарлама болып түседі. Бағдарламада тауар артылған көліктің қай жолмен жүргені, қай нүктелерде неше уақыт тоқтап тұрғаны – түгел жазылады. Жеткізу барысында қандай да бір талас туып қалса, бағдарлама «тарихын» қарай салу жеткілікті. Яғни ешкім ауызбен өзінікі дұрыс екенін дәлелдеп әуре болып жатпайды. Бағдарлама бұлтты («SaaS») болғандықтан телефоннан да, компьютер, ноутбуктен де аша беруге олады. Отандық курьерлік ұйымдардың бірі бағдарламаның арқасында 35% деңгейді тиімділіккке ие болған. Оған дейін компания тек рация мен қағаз құжаттарды ғана пайдаланып келген. Relog бағдарламасы логистиканы оңтайландыруға, мерзімі өткен тапсырыстардың санын азайтуға, көлік уақытын қысқартуға көмектесті.

Бағдарламаның пайдасы қандай?

  • Адамдардың уақытын үнемдейді.
  • Жанармай шығынын азайтады.
  • Қызмет көрсету деңгейі жақсарады.
  • Барлық қозғалысты бақылауда ұстауға көмектеседі.

Мұхтар Лекеров, компанияның сату бөлімінің директоры:

– Қазақстан нарығында өзі бағдарлама жасап, оны енгізетін әрі сатумен айналыстын жалғыз компаниямыз. Ал логистика саласында жұмыс істейтін өзге компаниялар бағдарламаны біреуден, көбіне шетелден алып, тек сатумен айналысады. Сонан соң ең соңғы технологияларды қолданамыз. Апта сайын бағдарламаға жаңа функция енгізіп отырамыз. Мысалы, Meteor  базасын соңғы шыққан 6,5 (1.6) версиясымен жаңарттық. Озық технологиялар бағдарламаның ыңғайлылығын арттыра түседі. Осы аптада қалта телефонынан маршрутты бақылауға болатын батырманы енгіздік. Егер тапсырыстар діттеген жеріне уақытылы жетпей жатса, маршрутын қарай салады дағы, қайда келе жатқанын, қайда неше минут тоқтағанын көріп отырады. Сенбі-жексенбі күні диспетчерлер тапсырыстың жетуін үйде отырып бақылайды. Сондықтан бұл функция диспетчерлерге өте қажет.

Бағдарламаны қолдануға байланысты қандай қиындықтар болды?

Бір жолы Елбасы: «Цифрландыру бір жағынан прогресс, екінші жағынан ешнәрсені жасырып қала алмайсың, өмір сүру оңай емес. Бәрі ашық болуы керек», – деген еді. Кей компанияларға бағдарламаны орнатар кезде көлік жүргізушілері қарсы болыпты. Оның себебі олардың әр қадамы бақылауда болатындығында еді. Такси болып кететін не жолдан үйіне кіре салатын да жүргізушілер бары анықталған. Ондай жағдайда компания айыппұл салуды ұсыныпты. Мұхтар Лекеров әр жүргізушіге компанияның атынан Relog қосымшасы орнатылған телефон алып беріп, интернет орнатқанын да айтып өтті. Ол жұмыс уақытында ылғи қосулы болуы керек. Егер өшіп қалып, жүргізуші бағдарламада байланысқа шықпаса да айыппұл салынатын болады.