24 мам, 2019 сағат 10:30

Латыннегізді жаңа қазақ жазуындағы дауыссыздардың орфоэпиясы

Әдеби тіл қоғамда жазбаша түрде де, ауызша түрде де қызмет етеді. Тілдің жазбаша түрі кітаптар мен газет-журналдар арқылы жүзеге асса, ауызша түрі театр, радио, теледедиарда қолданылады. Адам өзінің ойын екінші біреуге ауызша және жазбаша түрде жеткізеді. Жазба сөз бен ауызша сөздің ортақ әрі ұқсас белгілері бар және әрқайсысының өзіне тән нормасы болатыны ақиқат. Яғни жазу мен айтылу үнемі бір-біріне сәйкес келе бермейді.

Белгілі ғалым Н.Уәли айтқандай, «Әдеби тілдің орфоэпиялық нормасына байланысты қиындықтың бірі жазу тәртібімен байланысты, өйткені жазба сөздің өзіне тән жүйесі бар да, ауызша сөздің өзіне тән жүйесі бар, сондықтан жазба мәтінді оқығанда жазба сөзге тән кодты ауызша сөзге тән кодқа көшіре білу қажет. Жазғанды оқу дегеніміз – жазба кодты ауызша кодқа көшіру». Мысалы, қазақ тіліндегі b фонемасы екі дауысты дыбыстың аралығында (сөз тіркесінде немесе бір сөз ішінде) және кейбір дауысты мен дауыссыздың аралығында b-дан гөрі v-ға жуығырақ айтылады:  abyroı – [abvyroı], abyrjý – [abvyrjý], kóbik – [kóbvik], sábiz – [sábviz], tabaq – [tabvaq], sabaq –  [sabvaq], qabaq – [qabvaq], jabyq – [jabvyq], abzal – [abvzal], abdyra – [abvdyra]. Сондай-ақ сөз соңында ұяң b дауыссызы қатаңданады. Мысалы, hıdjab – [hıdjap], arab – [arap], shtab – [shtap], klýb – [klýp], kýb – [kýp]. Бұл мәселе бұрында да қарастырылып келді. Дегенмен оқу құралдарында, БАҚ-та, күнделікті өмірде ауызша сөздің ерекшелігіне баса назар аударылмай келеді.

Латын әліпбиіне көшу барысында жазу мәселесімен қатар сөздердің айтылу нормасын да ескеру қажет. Шеттілдік сөздер қазақ тілінің айтылу нормасына сәйкес дыбысталады. Сөз соңында келетін ұяң g дауыссызы қатаңданып айтылады: pedagog – [pedagok], stomatolog  –[stomatolok], hırýrg – [hırýrk], ýrolog – [ýrolok], kınolog – [kınolok], sınolog – [sınolok], zoolog – [zoolok], ekolog – [ekolok], geolog – [geolok], sosıolog – [sosıolok]. Бірақ жазуда  g дауыссызы сақталып жазылады. Бұл орфография мен орфоэпияның арақатынасын көрсетіп тұр.

Кейбір сөздердің соңғы буынында келетін қысаң дауыстылар түсіп, алдындағы ұяң d дауыссызы қатаңданып айтылады: keledi – [kelet], ketedi – [ketet], barady –[barat], aıtady – [aıtat], kúledi – [kúlet], júredi – [júret], pisedi – [piset], jazady – [jazat]. Сөз соңындағы дауыстының түсіріліп айтылуы тілдің үнемдеу принципіне сәйкес келетінін көруге болады. Себебі үш буынды сөздердің екі буынға дейін қысқарғаны байқалады.

Қатаң k, q дауыссыздары сөз аралығында және екі дауыстының арасында ұяңданады. Мысалы, qyrkúıek – [qyrgúıek], kóknnár – [kógnnár], kókjıek – [kógjıek], kók alma – [kógalma], qazaq áni – [qazaǵáni], qulaq asý – [qulaǵasý], esek dáme – [esegdáme], jaryq dúnıe – [jaryǵdúnıe], bulshyq et – [bulshyǵet]. Қатаңдардың ұяңдануы көрші дыбыстардың әсерінен туындап отыр.

Қазақ тілінде q дауыссызы жуан дыбыстардың қатарына жататыны белгілі. Сондықтан үндестік заңы бойынша q дауыссызымен келетін сөздер үнемі жуан айтылады. Алайда кейбір араб тілінен енген сөздерде q-ның жіңішке вариациясы көрініс табады. Мысалы, qudiret, taýqimet, quziret, haziret. Бұл сөздерде q фонемасы qasqyr, qamyr, qymyz сияқты қазақтың төл сөздеріндегі q фонемасынан өзгеше аздап жіңішкеріп айтылатыны байқалады.

Түбір мен қосымша, күрделі сөздер мен сөз тіркестері аралығында қатар келетін екі дыбыстың біріншісі n болып, кейінгісі g, ǵ дауыссыздары болса, n дауыссызы -ға айналады. Мысалы: engizý – [eńgizý], burynǵy  – [buryńǵy], túnge qaraı – [túńge qaraı], qarynǵa – [qaryńǵa]. Бұндай процес те жазу мен айтылудың өзара арақатынасының бір-біріне үнемі сәйкес келе бермейтінін көрсетіп тұр.  Сол сияқты қатар келген екі дыбыстың біріншісі n екіншісі b, m, p дыбыстары болса, соңғылардың әсерінен n дыбысы айтылуда m дыбысына айналады. Мысалы, qaıyn bıke – [qaıym bıke], degenmen – [degemmen], aıtqanmen – [aıtqammen], kónbeıdi – [kómbeıdi], sónbeıdi – [sómbeıdi]. Сөз ағымындағы дыбыстардың модификациялануы ассимиляция процесінің көрінісі болып табылады.

Қазақ тілінде l мен r дауыссыздарымен басталатын сөздердің өзіндік ерекшелігі бар. Себебі аталған дауыссыздардың алдында y мен і  дауыстылары естіледі. Бұндай лингвистикалық заңдылық протеза деген фонетикалық өзгерістің көрінісі болып табылады. Мысалы: ras – [yras], laq – [ylaq], laj – [ylaj].

Латыннегізді жаңа қазақ жазуында орыс тілі арқылы енген mıtıń, brıfıń, boýlıń сияқты шеттілдік сөздердің соңындағы ng әріп тіркесі фонетикалық принцип бойынша қазақ тіліне тән фонемасына ауысты. Олай болса, латыннегізді жазуда фонемасымен аяқталатын шеттілдік сөздердің жазылуы мен айтылуы бірдей болатыны төмендегі мысалдардан байқалады: marketıń – [marketıń], lızıń – [lızıń], franchaızıń – [franchaızıń], kıkboksıń – [kıkboksıń].        

Сөз ағымында p дауыссызы позицияға байланысты өзгеріп тұратыны белгілі. Мысалы, qypshaq – [qyfshaq], tapshy – [tafshy] деген сөздерде қазақ тілінің фонетикалық жүйесінде кездеспейтін [f] дыбысы естіледі. F дыбысының артикуляторлық сипаты нақ орыс тіліндегідей болмағанымен, бірақ соларға жуық айтылады. Келтірілген дыбыс қазақ тілінің төл дыбыстарына жатпаса да, күнделікті өмірде позицияға байланысты қолданылады. Аталған сөздердегі <p>  фонемасының  [f] вариациясында айтылуы олардың  сөздегі алатын орнына байланысты, басқаша айтқанда, көршілес дыбыстардың әсерінен осылай түрленіп тұр.

Қазақ тілінде түбір мен қосымшаның аралығында s мен sh қатар келсе, s дыбысы sh-ға айналады, ал sh дыбысы s-ға айналады. Нақты айтқанда, s-ның sh болып немесе sh-ның s болып айтылуы аталмыш дауыссыздардың ерекшелігі болып табылады. Мысалы, basshy – [bashshy], tasshy – [tashshy], qosshy – [qoshshy], tosshy – [toshshy], tesshi – [teshshi], kesshi – [keshshi], ashsa – [ashsha], qashsa – [qashsha], ishse – [ishshe], kóshse – [kóshshe]. Кейбір сөздерде sh дауыссызы ch-ға жуық айтылады. Яғни sh фонемасы кейде өзінің вариациясында көрініс тауып, ch-ға айналады. Мысалы, aıtshy – [aıtchy], ótshi – [ótchi], hatshy – [hatchy], ketshi – [ketchi].

Сөз ішінде екі дыбыстың біріншісі z екіншісі s мен sh қатар келсе, соңғылардың әсерінен z дыбысы айтылуда s және sh дыбыстарына айналады: izsiz – [issiz], sózsiz – [sóssiz], tuzsyz – [tussyz], qobyzshy – [qobyshshy], tazsha – [tashsha], otyrǵyzshy – [otyrǵyshshy]. Сондай-ақ сөз аралығында алғашқы сөздің соңғы дыбысы z-мен аяқталып, ал екінші сыңары j дыбысынан басталса, ассимиляция құбылысының әсерінен z дыбысы j түрінде айтылады. Мысалы, kóz jazbaý – [kój jazbaý], boz jorǵa –  [boj jorǵa], qyz jibek – [qyj jibek], kóz jasy – [kój jasy]. Жоғарыда келтірілген сөздерде <z> фонемасы өзінің үш вариантында жүзеге асады: <z> = [s], [sh], [j]. Қазақ тіліндегі басқа дауыссыздарға қарағанда бұл z фонемасының ерекшелігі болып табылады.

Қазақ тіліндегі s фонемасы позицияға байланысты түрленеді, яғни s дауыссызы қазақ тілінің фонетикалық жүйесінде жоқ s (ц)-ға жуық айтылады әрі естіледі. Мысалы, aıtsa – [aıtsa], ótse – [ótse], jatsa – [jatsa]. Бұдан сөздердің жазылуы мен айтылуы өзара сәйкес келмейтінін байқауға болады.

Латыннегізді жаңа қазақ жазуында ц әрпінің орнына s әрпі жазылады: sırk, sırkýl, konstıtýsıa, evolıýsıa. Мұндай жазу қазақ тілінің фонетикалық принципі бойынша  орфоэпиялық нормасына сәйкес келеді. Орыс тілі арқылы енген ц фонемасы жазуда s әрпімен берілетіндіктен, айтылуда да бұл әріп қазақ тілінің табиғатына сәйкес дыбысталады.

Латыннегізді жаңа қазақ жазуындағы емле ережеде «щ әрпі төл сөздерде shsh әріп тіркесімен, ал шеттілдік сөздерде әрпімен таңбаланады: ashshy, tushshy, keshshe; ýchılıshe, praporshık» деп берілген. Бұл ереже бойынша болашақта аталған сөздер sh фонемасымен айтылуы мүмкін. Себебі сөздердің жазылуы оның айтылуына әсер етуі ықтимал. Сондай-ақ ережеде «дж әріп тіркесі бар сөздерде д әрпі түсіріліп, қосымшалар үндестік заңы бойынша жазылады: menejer (-diń, -i, -ge, -ler), jınsy (-nyń, -sy, -ǵa, -lar), jentіlmen (-niń, -i, -ge, -der)» деп беріледі. Мұндай жазу қазақ тілінің табиғатына сәйкес келеді және орфоэпиялық нормаға жауап береді. Себебі сөз басында келетін әріп тіркесінің бірі түсіріліп жазылуы тілдің үнемдеу принципіне сәйкес келіп, сөздердің айтылуын жеңілдетеді. 

Қазіргі латыннегізді жаңа қазақ жазуындағы емле ережеде «Шеттілдік сөздердің соңындағы а әрпі сөз мағынасына әсер етпеген жағдайда түсіріліп жазылады. Қосымшалар соңғы буынға үйлесіп жалғанады: gazet (-tiń, -i, -ke, -ter), mınýt (-tyń, -y, -qa, -tar), sıfr (-dyń, -y, -ǵa, -lar), kordınat (-tyń, -y, -qa, -tar), kapsýl (-dyń, -y, -ǵa, -dar), kardıogram (-nyń, -y, -ǵa, -dar)» деп берілген. Осы ережемен байланысты fonema – fonem, morfema – morfem деген сөздер орфоэпиялық нормаға сәйкес келіп, ұлттық тілдің табиғи болмысын оңтайландырады. Ал жазуда үнемдеу принципінің заңдылығына сәйкес келеді.

Қорыта келгенде, болашақта тіл білімінің кенжелеп қалған орфоэпия саласын орфографиямен қатар мектеп, жоғары оқу орындарында арнайы оқытып, оны бағдарламалар мен оқу құралдарына енгізу қажет.     

З.М.Базарбаева, филол.ғ.д., профессор ,

Ж.Жұмабаева, филол.ғ.к,

Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері