#
#
Жұма 05/06/2020

Латын графикасындағы қазақ әліпбиіне «W» әрпі керек пе?

  • 30.04.2020
  • 0
  • 405

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығы «Жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазудың жаңғыруы» тақырыбында он үшінші онлайн дәріс ұйымдастырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Онлайн дәріс Мәдениет және спорт министрлігінің «ONLINEda bol» жобасы аясында Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен ұйымдастырылып отыр. Дәрісті Үкімет жанындағы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ұлттық комиссияның орфографиялық жұмыс тобының мүшесі – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли «Орфографияға оңтайлы әліпби керек» деген тақырыпта өткізді. 

«Әліпбиді жетілдірудің тиімді тұстары айып өтейін. Оларға диграфтардың әліпби құрамынан шығарылғандығын, sh қосарының «өлі әріпсіз» жалғыз таңбамен берілгендігін, жіңішке дауыстылардың бірыңғай ä, ö, ü түрінде таңбаланғанын, ал дауыссыздарға қойылатын диакритикалық белгілердің дұрыс таңдалғанын жатқызар едім. Оңтайлы әліпби таңдау үшін диакритикалық (акут, диграф, умлаут, бревис т.б.) белгілер бойынша сауалнама жүргізіп, оған әлеуметтаным лингвистикасы бойынша талдауларды жасау маңызды. Әліпбидің қандайы болмасын кемшілігі де, артықшылығы да жазу арқылы тексерілгенде барып байқалады», - деп атап өтті Нұргелді Уәли. 

Дәріс барысында әріп ашу графикалық деңгейдегі, тасымал ашу орфографиялық деңгейдегі, ал буын ашу фонетикалық деңгейдегі ерекшеліктерге жататыны тереңінен талданды. 

«Ww таңбасы қазақ сөздерін жазу үшін алынса, жеке сөз бен сөз түрленімдерін орфографиялауда «басы артық әріптер» көбейеді. Мәселе бұнымен ғана шектелмейді, орфографиялағанда кесе-көлденең тағы бір қиындық пайда болады. Мысалы, оқұуұ деген дұрыс па, оқыуы деген жөн бе? Даудың басы осы бастан-ақ қылтиып тұр. Әсіресе, бір сөздің шенінде дабл-ю (w) мен і-нің аралас-құралас келетін тұстарымен байланысты қиындық орын алады. Мысалы, қиуластыруы дегенді жазарманымыз қалай жазады? Ww таңбасы әліпбиге алынса қыйұуластырұуұ деп жазатын боламыз, итиуі дегенді ійтійүуү деп жазамыз. Ал рухани, уақыт, тарихи сияқты қайталамасы (рекуренттілігі) жоғары сөздер медиа-масс құралдарында, ішкі-сыртқы жарнамаларда, экрандағы жүгіртпе жазуларда т.б. ақпарат көздерінде қалай орфографияланбақ? Тарыйхый, ырұуханый/ұрұуханый; ұуақыт үуәделесүуү, ұуағдаласұуұ деп тіл мамандары жазуын жазып берер, ал мектептегі бала ше, қарапайым халық ше? Бұндай үлгі жазу емес транскрипция болып шығады. Ең бірінші жұртшылықтың сауатын ойлау керек, өйткені жазу-сызу – әлеуметтік мәнділікке ие ерекше категория», - дейді ғалым. 

Қазақ сөздерін жазу үшін Ww таңбасы алынса, орфографиядағы түйткілдердің көбейетіні, жазғанда болсын, оқығанда болсын автоматизмнің бәсеңдейтіні нақты мысалдар арқылы тереңінен түсіндірілді. 

Онлайн дәріс Facebook әлеуметтік желісі арқылы ONLINEda bol тобында тікелей эфирде көрсетілді. Дәріске барлығы 101 тіл маманы қатысты.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар