#
#
Дүйсенбі 17/12/2018

Мемлекеттік қызметкерлерді жаңа әліпбимен оқыту жұмыстары қалай жүріп жатыр?

  • 04.12.2018
  • 0
  • 997

Қазақ ғалымдары қашанда жазуға аса мән берген, себебі жазу деген – үлкен фактор. Жазу көзбен көру арқылы қабылданатындықтан, адамның жадында жақсы сақталады. Қазақтың «тайға таңба басқандай» деген теңеуінде меңзелетін анықтық, осы жазудан да көрінеді, өйткені ол – таңба. Таңба хатқа қалай түссе, оны біз солай көзбен көреміз және дәл сол күйінде біздің тілдік санамызға орнығады. Сондықтан халықтың ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу үшін атқарылатын маңызды факторлардың бірі – ұлттық негіздегі жазуды қалыптастыру және қолдану.

Біздің тарихымыздағы нағыз ұлттық жазу деп А.Байтұрсынұлы жасаған араб таңбаларына негізделген төте жазуды айтамыз. Себебі, онда қазақтың бүкіл тілдік заңдылықтары сақталған, жоғары деңгейде жасалған төте жазу әліпбиі болды. ХХ ғасырдың басында түркі халықтарына ортақ әліпбиді жасау міндеті тұрды. 1926 жылдың басында бүкіл түркі халықтары зиялыларының қатысуымен Бакуде І Жалпыодақтық түркітану съезі өтті. Осы басқосудағы өзекті мәселелердің негізгісі – түркі тілдес халықтардың жазуларын латын графикасына көшіру мүмкіндігін қарастыру болды. Бұл мәселе барысында делегаттар арасында бүкіл түркі тілдес халықтар «төте жазуда боламыз ба, әлде латын таңбасына өтеміз бе» деген мәселе бойынша пікірталас өткізген [1].   

Қазақ елінде 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын графикасы қолданыста болды. 1940 жылы саяси мүдделерге байланысты бір мезетте, халықтың талқысына салмай-ақ, бір бұйрықтың негізінде жазуымыз кирилл таңбасына көшірілді. Әліпби өзгергенде орыс тілінен алынған сөздер мен терминдер тілімізге өзгеріссіз ене бастады. Оларды өзгертпей жазу үшін біздің әліпбиімізге, төл тілімізге тән емес в, ф, ц, ч, щ, э, е, ю, я, ь, ъ әріптері кірді. Осындай дыбыстарды таңбалайтын кирилл таңбалары енгізілгендіктен, қазақ әліпбиі мен орыс әліпбиі өте ұқсас күйде қалды. Яғни орыс тілінің       33 әрпі толықтай алынып, оған қазақ тілінің ерекше дыбыстарын белгілейтін 9 таңбасы қосылды. Соның нәтижесінде 1940 жылдан Қазақ елі тәуелсіздік алғанға дейінгі 51 жыл ішінде тіліміз әбден шұбарланды. Ол өз кезегінде сөз мәдениетімізге де әсер етті. Лингвоэкология саласы зерттейтін мәселелер осы аралықта туындады. Өзге тілден енген кірме сөздерді өзгеріссіз, түпнұсқаға сәйкес күйінде қабылдаудың нәтижесінде сөздік қорымыз едәуір бұрмалауға ұшырады. Аталған мәселелерге тілші ғалымдар тарапынан алаңдаушылық туындап, шешу жолдарын зерделей бастады.

«Қазақ тілін латын жазуына көшіру» деген идея қазақ зиялыларының арасында еліміз егемендік алған күннен бастап-ақ сөз бола бастады. Бұл мәселені көтеріп, алғаш пікір білдіргендердің бірі – академик Ә.Т. Қайдар болды. 1991 жылы Қазақ елінің егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болғандығын әлем бойынша алғашқы болып мақұлдап, аса зор қуанышпен қарсы алған Түркия мемлекетіне іссапармен барған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы сол елдің жұртшылығымен, сонда тұратын бауырларымызбен кездесу барысында «Қазақстан латын жазуына өте ме?» деген сауалына орай ол: «Егер халқымыз қалап жатса, ғалымдарымыз оның қажеттігін дәлелдеп жатса, оған көшуге мен қарсы емеспін!» – деп жауап берген болатын [2; 127]. Елбасы латын әліпбиіне көшу идеясын қолдап, әрдайым назарында ұстады. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда басқадай да маңызды саяси өзгерістер болуына байланысты, бұл бастама кейінге қалдырылып жүрді. Біраз уақыт өтіп, еліміздің экономикалық ахуалы біршама тұрақталып, дамуда ілгерілеу байқалып, бар-жоғымызды түгендеу барысында Елбасы осы бастаманы қайтадан жаңғыртып, 2006 жылдың         24 қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» деп және 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп, еліміздің рухани дамуы мен кемелдену жолында қазақ жазуының латын әліпбиіне көшіуіне байланысты бірқатар міндеттерді белгіледі. 

Латын әліпбиі бізге, ең біріншіден, кирилл әліпбиіне негізделген бірқатар қателіктерді жою үшін, төл тілімізге тән табиғи заңдылықтарды барынша сақтау үшін, сол арқылы қазақ халқын өзге халықтардан  ерекшелендіретін негізгі белгісі оның тілі десек, сол тіліміздің өзіндік ерекшелігін, өрнегін, бет-бедерін сақтап қалудың бірден бір жолы – жаңа жазу арқылы тіліміздегі сырттан әкеліп таңылған жасанды ережелер мен жасанды тілдік құбылыстардан арылу үшін қажет. Екіншіден, ол түркі тілдес халықтарды біріктіретіндей маңызды әлеуетке, күшке ие құрал да болмақ. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің рухани дамуы мен кемелдену жолында қазақ жазуының латын әліпбиіне көшіуіне байланысты бірқатар міндеттерді белгіледі. Осыған орай, қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру бойынша Іс-шаралар жоспары жасалып, Ұлттық комиссия жанынан орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтары құрылып, түрлі деңгейлердегі жұмыстар жүргізілуде.

Қазір ғалымдардың ұсынған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің 3-нұсқасы халыққа толықтай таныстырылып, талқылану үстінде. Зиялы қауым, басқа да салалардың ғалымдары, яғни қоғам болып, басқа елдердің тәжірибелеріне сүйене отырып, олардың тиімді жақтарын алу үшін әлі де зерттеліп, зерделенуде. «Акут» тәсілімен әзірленген нұсқаның тиімділігі талқылау барысында анықталуда, яғни бір дыбыс – бір таңба принципі жазуға да, оқуға да ыңғайлы. Латын әліпбиіне көшуде біз қол жеткізетіндей келесі басымдық, қазіргі үштілділік саясатымен де сабақтастығы бар. Қазіргі ғылымның тіліне айналған ағылшын тілін меңгеруге де, әлемдік өркениет көшіне ілесуге де септігін тигізеді. Осы орайда, назар аударатын жайт, әдістемелік топтың зерделеу жұмыстарының барысында «балаларға ағылшын тілін оқыту, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін толықтай меңгеріп, ойлау жүйесін бір тілде қалыптастырғаннан кейін басталғаны дұрыс» деген ұсыныстар әзірленді. 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау курстарында латын графикасына негізделген қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері қамтылған жобамен таныстыру семинарларында тыңдаушылар үлкен қызығушылық танытып, қызу талқылауда. Талдау, талқылау барысында көптеген сұрақтар туындап жатады. Атап айтқанда, 1940 жылдарға дейін қолданыста болған таңбаларды неге пйдаланбаймыз, акут тәсілі несімен тиімді? Егер акут тәсілі қолданылса, оқу барысында екіұшты түсінік қалыптастыратын sh, ch диграфтары неге қосылды? I (і), I (и, й) әріптерінің үлкен таңбалары неге бірдей? Ағылшын тілі арқылы әбден үйреншікті болып қалған Uu – Уу,  Yy – Ұұ, Ýý – Үү таңбалары осылай алмастырылса, деген сұрақтар мен ұсыныстар айтылып жатыр.    

Жоғарыдағыдай сұрақтарға жауап беру барысында курс тыңдаушыларына алдымен, әліпби әзірлеудің тәсілдерін, сондай-ақ терминдерді қазақ тіліне енгізгенде түпнұсқадағы түрі ескерілетінін және  кірме сөздерді қазақ тілінің орфографиялық нормаларына икемдеу принципі басшылыққа алыну керектігін түсіндіру маңызды.

Магистранттар мен тыңдаушыларға латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің орфографиялық нормаларын күнделікті жазылымға қажет фонетика-фонологиялық, интонациялық, лексика-грамматикалық заңдылықтарын қамтитын тілдік материалмен қатар, ісқағаздарын қазақша жүргізу үлгілері ұсынылып, салалық терминдермен жұмыс түрі қамтылғаны дұрыс. Арнайы курсқа қатысқан тыңдаушылар ресми құжаттарды, салалық терминдерді латын әліпбиімен жазу талаптарын толық меңгеріп, ісқағаздарын өз бетімен сауатты түрде әзірлей алатындай дәрежеде болады, яғни бұл арада ресми стильдің жазбаша түрін меңгеруге басымдық беріледі.

Озық тәжірибелерден байқағанымыздай, мемлекеттік қызметшілерге латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа ережелерін меңгерту үдерісінде тілдік біліктілікті деңгейлер бойынша бөле отырып қалыптастырудың маңызы зор [3]. Жазу материалдарын да, олардың сөзжұмсамдық ерекшеліктеріне қарай нақты межелеуіштерге жіктеп ұсыну, латын әліпбиімен жазуды үйретудің тиімділігін арттыра түседі. Оларға арнап мемлекеттік терминологиялық комиссия бекіткен терминдерді, ресми құжаттарда қолданылатын тұрақты сөз орамдарын латын графикасымен дұрыс жазу бойынша тиісті шағын анықтамалықтар мен әдістемелік нұсқаулар әзірлеу керек.

Мемлекеттік тіл саясатының тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметшілерге латын графикасымен әзірленген қазақ әліпбиі мен оның орфографиялық нормаларын кеңінен насихаттап, оқыту  мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында біршама іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, білім ордасында Кәсіби даму институты жанынан «Тілдік құзыреттілік» секторы құрылды. Онда мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттілігін қалыптастыру мақсатымен «Латын графикасы және ресми хат алмасу»,  «Коммуникация стратегиясы және көпшілік алдында сөйлеу» сияқты бағыттар бойынша арнайы семинар-тренингтер өткізілуде. Арнайы латын графикасының негізінде алдағы уақытта өтетін мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру семинарларының бағдарламалары әзірленіп, тиісті сатылардан өткізіліп жатыр.

Мемлекеттікті танытатын ерекшеліктердің қатарында тіл – айрықша маңызды. Әр елдің мемлекеттік тілі – басқарудың негізгі құралдарының бірі екендігі белгілі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы жазба жұмыстары мемлекеттік тілде жүзеге асырылады. Сондықтан кәсіби білікті маман жазу нормаларын жете меңгеруі тиіс. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілерге арналған түрлі біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырып, латын графикасына негізделген жаңа емле ережелеріне сәйкес  құжат мәтінін әзірлеу және ресми мәтіндерді оқу дағдыларын қалыптастыру қажет. 

Айтмұхаметова Құралай Өзбекқызы,

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Мемлекеттік басқару академиясы

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау: теориясы мен практикасы. Ұжымдық монография. – Алматы: «Қазақ тілі» баспасы, 2016. –560 б.
2. Қайдар Әбдуәли «Ғылымдағы ғұмыр» (Мақалалар, баяндамалар жинағы) ІІ том. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2014. – 512 б.
3Қажиева Ә. «Мемлекеттік тілді дамыту институтының» қазақ тілін үйрету жүйесі. http://mtdi.kz/kz/makalalar/oku-adistemelik/538

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар