07 қар, 2017 сағат 12:14

Латын әліпбиіне көшу бойынша Ұлттық комиссия қашан құрылатыны белгілі болды

Бұл туралы Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруымен өткен «Жаңа әліпби - жаңғыру жолы» атты дөңгелек үстелде ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратBaq.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Лингвистер, латынға көшу бойынша арнайы жұмыс тобының жұмыс істегенін айтқан Ғалымжан Мелдешов ендігі кезекте Үкімет тарапынан қандай іс-шаралар жасалатынына тоқталды.

«Қазір мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру жөніндегі жұмысшы тобы жұмыс істеп жатыр. Оның басшысы – Ерболат Досаев. Бұл мәселеге бей-жай қарап отырған ешкім жоқ. Бүкіл мемлекеттік органдар түгел қатысып отыр. Ол – БҒМ, ол – Әділет министрлігі, ол – негізгі үйлестіруші МСМ және басқа да мемлекеттік органдар тегіс қатысып отыр» - деді Ғалымжан Мелдешов.

Сонымен қатар ол латын әліпбиіне көшудің кезең-кезеңімен қалай жүзеге асатынына тоқталды.

«Біз бұл жұмыстың жүзеге асуын үш кезеңге бөлдік. 2018-2020 жылдар - алғашқы кезеңі. Бұл кезең нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі іс-шаралар атқарылады. Екінші кезең - 2021-2023 жылдар аралығы. Бұл кезеңде инфраструктураны жасау жөніндегі шараларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізіледі. Үшінші кезең – 2024-2025 жылдар – ұйымдастырушылық жұмыстарды атқару кезеңі. Бірақ бұл – жоба. Қатып қалған, осымен ғана жасалуы керек деген сөз емес» - дейді Ғалымжан Мелдешов.

Бұдан бөлек ол осы латынға көшу бойынша Ұлттық комиссияның құрамы қашан бекітілетінін айтты.

«14, не болмаса 16 қараша күндерінің бірінде Жұмыс тобының кезекті отырысы өтіп, сол жерде осы жұмыс бойынша Ұлттық комиссияның құрамы бекітілетін болады. Ол комиссияның құрамында барлық мемлекеттік орган өкілдері, лауазымды тұлғалар, тіл жанашырлары болады» - деді ол.

Естеріңізде болса, 27 қазан күні Елбасы латын әліпбиіне көшу бойынша қол қойған Жарлықта Ұлттық комиссия құру туралы айтылған болатын.