10 қыр, 2019 сағат 12:00

Латын әліпбиіне көшпейміз, ораламыз – Геннадий Шиповских

«Біз латын әліпбиіне көшпейміз, оралып жатырмыз». ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских жалпыұлттық диктант барысында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Латын әліпбиіне көшудің терең мағынасы бар. Ғылыми-инновациялық жаңғыру жүріп жатқан интернет дәуірінде әлемдік ағымнан қалмауымыз керек. Латын әліпбиінің басты артықшылығы осында. Біз бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшпейміз, біз латын әліпбиіне ораламыз. Өйткені,  сонау тарихи деректерге сүйенетін болсақ, 1929 жылдан бастап 1940 жылға дейін ел аумағында латын әліпбиі қолданылғанын жақсы білесіздер. Бүгін сол өткеннің есесін қайтаруға ыңғайлы кезең туып отыр. Біз бұған ұзақ жол жүріп келдік. Қазір латын әліпбиіне ауысу қарқынды жүруде. Осы процесс нәтижелі жалғасып, өз жемісін береді деген сенім бар. Парламент қабырғасында әріптестеріммен латын әліпбиіне қатысты әңгіме бола қалған кезде депутаттардың барлығы оң көзбен қарайтынын байқап жүрмін. Латын әліпбиі онсыз да біздің өмірізге дендеп еніп кеткен. Автокөлік нөмірінен бастап көшедегі жарнамаға дейін біздің көзімізді латын әліпбиіне үйретіп жатыр. Сондықтан, оны меңгеру қазақстандықтар үшін қиынға соқпауы керек», - деді депутат.

Еске салсақ, бүгін 180 мың қазақстандық бір мезетте латын әліпбиінен диктант жазды.