04 жел, 2017 сағат 14:28

Латын әліпбиінде алғашқы көркем әдеби кітап жарық көрді

Таяуда Қазақстанда латын қарпінде басылған қазақ тіліндегі алғашқы көркем әдеби кітаптың таныстырылымы өтеді.

«TLK Media» коммуникациялық компаниясы қалың оқырман қауым назарына «Mahabbat qyzyq jas da'y'ren» әңгімелер жинағын ұсынады. Оның әрқайсысында махаббаттың қайталанбас тарихы туралы айтылады. Өмірде кездесетін қиындықтар мен кейіпкерлердің басынан кешкен сүйіспеншілік сезімдері теміржолмен байланыстырыла баяндалатынымен ерекшеленеді. Теміржол көлігінің күрделі техникалық дүниесі оқырмандарға жаңа қырынан танылып, ондағы таза сезімдердің  туындауы мен адамның жеке басында болатын драма өріс алады, нағыз ерлік жасалады. Кейбір әңгімелер жолаушылар пойызының борттық  «Время в пути» журналында жарияланып, оқырман қауымнан оң пікір алған болатын. 

Кітаптың көркемдік құндылығымен қатар әлеуметтік-танымдық маңызын атап өткен жөн. Әркімнің басынан кешетін махаббат сияқты нәзік сезім арқылы әр жастағы адамдар мен әр түрлі мамандық иесі латын қарпімен басылған қазақ тіліндегі кітапты оқи отырып, өзінің жаңа алфавитті игеруін жетілдіре алады. Бұл туралы Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне біртіндеп көшудің кезекті қадамы болып табылатынынатап өткен болатын.

Кітап таныстырылымына барлық тілек білдірушілерді шақырамыз.