11 қыр, 2018 сағат 16:36

Қызылордалық Ишанқұловтар отбасы республикалық "Мерейлі отбасы" конкурсының дипломанты атанды

Жақында ғана «Мерейлi отбасы» республикалық конкурсының жеңімпаздары анықталды. 

Осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылған сайысқа еліміздің әр өңірінен 3 мыңға жуық отбасы қатысып, бақ сынады. Олардың 16-сы ғана ақтық сынға жолдама алып, жарыстың бас жүлдесін қанжығалауға тырысты. Үміткерлерге халық ғаламтор арқылы дауыс беріп, үздігін таңдады. Сайыс қорытындысы бойынша Ниязқұловтар әулеті өзгелерден озық шықты. 

Елбасының бастамасымен 2014 жылдан бастап қоғам назарын отбасылық құндылықтарды сақтауға аудару әрі оны дәріптеу мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп келеді. Бұл елімізде мемлекеттік деңгейде отбасы, жанұя ұғымдарына көрсетілетін зор құрметті паш етеді және оған ерекше назар бөлінетінін айқындайды.

Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына Қызылорда облысынан 361 отбасы қатысты. Әрбір отбасы көпке үлгі болған елге сыйлы әулеттер. Аймақтық кезеңнің ақтық сынына жолдама алған 12 отбасының барлығы сый-құрметке бөленген еді. Биылғы жылы алғаш рет Астана қаласының 20 жылдығына және "Мерейлі отбасы" ұлттық республикалық конкурсына 5 жыл толуына орай Елбасының бастамасымен гран-приден болек 2 отбасына дипломант атағы берілді. Соның бірі Қызылорда облысынан Ишанқұловтар отбасы "Мерейлі отбасы" республикалық конкурсының дипломанты атанды. Екінші отбасы ақтөбелік Айтбаевтар отбасы.

Ұрпағымен көктеп-көгеріп отырған Ишанқұловтар осынау аймақтық сыннан сүрінбей өтіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Тылда талмай еңбектене жүріп мал шаруашылығында 36 жыл тер төккен отағасы Ерғали Ишанқұл 81 жаста болса, отанасы Бахира Камардинқызы 80 жастағы зейнеткер. Ерінің бір жағында тұрмыс тауқыметін бөлісе жүріп 14 баланы өмірге әкеліп, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері бола білді. «Үлгілі отбасы – қоғам негізі» ұстанымындағы жандар 62 жылдан бері татулық уызына ұйып, үлгілі өмір сүріп келеді. Бүгінде, осынау мәуелі бәйтеректің саясында 52 немере, 25 шөбере және 1 шөпшек бар. Ерғали Ишанқұлов ұзақ уақыт агро-өнеркәсіп саласында қызмет еткен, балаларының көбі де осы да салада жұмыс жасап жүр. Ишанқұловтар әулетінің балалары атакәсіпті жал­ғастырып,  мал шаруашылығымен айналысып келеді. Отбасының ұстанымы: «Үлгілі отбасы – қоғам негізі». Дипломант атанған отбасыға микроавтобустың кілті табыс етілді.