07 қар, 2018 сағат 11:45

Қызылордада Роза Бағланова атындағы республикалық ән байқауы өтті

Қызылордада Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы республикалық «Ақмаңдайлым» әншілер байқауы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл байқау үстіміздегі жылы төртінші мәрте өткізіліп отыр. Байқауда Алматы, Астана, Шымкент, Көкшетау, Семей қалалары мен Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда облыстарынан келген барлығы 20 үміткер бақтарын сынады.

Конкурста Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ержан Абдрахманов, Сембек Жұмағалиев, Р. Бағланованың келіні Марал Бағланова, жергілікті әнші Күләнда Қалымбетовалар төрелік етті.

«Сыр өңірі өткізген әрбір байқауда нағыз таланттарды тануға тырысады. Осылайша нағыз таланттарға жол ашылады», - деді белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев.

Әділқазылар алқасының шешімімен бас бәйге Астана қаласынан келген Айдын Жұмабаевқа бұйырып, оған Бағлановтар отбасы тағайындаған 500 мың теңгенің сертификаты мен Халық қаһарманының бейнесіндегі статуэтка табыс етілді.  Бірінші орынға қызылордалық Рақымжан Мақсатбаев ие болса, екінші орынға ақтөбелік Нұртас Омаров пен Батыс Қазақстаннан келген Ерқат Жақашев лайық деп танылды. Үздік үштікті Қызылорда облысының Арал ауданынан келген Сабыржан Көлбаев пен Түркістан облысының «Сарын» триосы түйіндеді.

Ереже бойынша конкурста әншілер екі ән орындады. Алғашқы турда әнші Р.Бағланованың репертуарындағы әндерден бір туындыны көпшілік назарына ұсынса,  келесі турда Қазақстан композиторларының қазіргі таңдағы заманауи жазылған бір шығарма тыңдарманға жол тартты.

Конкурстың гала-концерті бүгін әншінің туған жері Қазалы ауданында өтеді.