27 қаз, 2016 сағат 09:12

Қызылордада электрондық коммерцияны дамыту жөнінде алғашқы халықаралық интернет-форум өтті

 

26 қазан күні Қызылордада e-commerce саласындағы отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен G-Global коммуникативтік алаңында электрондық коммерцияны дамытуға арналған тұңғыш халықаралық интернет - форум өтті. Шараны «Атамекен» ҰКП және Қызылорда облысының әкімдігі ұйымдастырды.

Форум жұмысына  Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, электрондық коммерцияны дамытудың аймақ экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтті.  

- Электрондық сауданың тиімділігі көп жағдайда мемлекеттің саясатына тікелей байланысты. Өйткені электрондық коммерция оффлайн бизнестің тек қосымшасы ғана.  Егер мемлекет тауар өндірушілерге жағдай жасап отырса, ал интернет-дүкендерге  мысалы, тауарды кедендік рәсімдеу және салық төлеу кезінде белгілі бір преференциялар жасалуы қажет, - деді әкім.

Қырымбек Көшербаев барлық қатысушыларды өзара тәжірибе  алмасуға шақырды және қызылордалық кәсіпкерлер аймақта e-commerce, яғни  электрондық коммерцияны дамытуға қатысты барлық ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін айтты.

Форумның мақсаты – e-commerce элементтері арасындағы өзара нақты байланыстарды дамытуға ықпал ету, сондай-ақ, логистикалық тізбекті оңтайландыру, маркетингтік технологияларды ілгерілету және онлайн-сауда компанияларының табыстылығын арттыру. Сонымен қатар форум спикерлері мен  қатысушылар интернетте бизнес жүргізу  тәжірибелерімен бөлісіп, онлайн сауда  жүргізудегі электрондық коммерцияны дамыту арқылы отандық тауар өндірушілерге қолдау жасау, онлайн-сауда жүргізудегі электрондық ақшаның рөлі, көлеңкелі экономиканы азайту  және өзге де маңызды мәселелерді талқыға салды.