18 мам, 2018 сағат 17:23

Қызылордада Батырхан Шүкеновке ескерткіш орнатылды

Бүгін Қызылордада Батырхан Шүкеновке ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдікке сілтеме жасап.

Оған Батырхан Шүкеновтің туған-туысы, достары мен жерлестері қатысты. Сондай-ақ, шараға құрметті қонақ ретінде әншінің жақын досы Байғали Серкебаев арнайы келді.

«Бүгін Сыр елі талантты перзентіне мәңгілік ескерткіш орнатып, ілтипатын білдіріп жатыр. Бұл ескерткіш оның туған қаласының төрінде жарқырап, көркіне көрік қосары сөзсіз. Оның үстіне осы саябақ Батырханның есімімен аталып, келешекте жастардың, әншіні құрметтейтін тұрғындардың жақсы бір демалыс орнына айналар деп сенеміз. Сыр бойының талантты ұлы, өнер тарланы Батырхан Шүкеновтің есімі қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі сақталады», - деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.


Әншінің анасы Диляра Шүкенова облыс басшылығы мен іс-шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді.

«Байқауды ұйымдастырып, ескерткішті орнатуға атсалысқан барлық азаматтарға үлкен рахмет. Ұлыма ескерткіш қойып, оның құрметіне саябақтың атын бергендеріңізге өте қуаныштымын», - деді Батырхан Шүкеновтің анасы Диляра Шүкенова.


Мүсінге Батырхан Шүкеновтің «Отан-Ана» клипіндегі қолында саксофон ұстап тұрған бейнесі алынған. Ескерткіштің жалпы биіктігі 3,6 метр, мүсіннің биіктігі - 2,2 метр, материалы - қола; тұғырдың биіктігі - 1,6 метр.

Естеріңізге сала кетелік, біз бұдан бұрын Біз бұдан бұрын Батырхан Шүкеновтің еш жерде орындалмаған 13 әні жинақталған жаңа альбомы жарыққа шығатынын хабарланған едік. Сондай-ақ, кеше Батырхан Шүкеновке арналған «Отан-Ана» байқауының жеңімпаздары анықталды.