17 там, 2016 сағат 22:20

Қызылорда облысында ұн шығару өндірісі қолға алынды


Арал ауданында Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында «RANNAR» ұн шығару зауытының жұмысы қайта жандандырылып, нәтижесінде кәсіпорын алғашқы өнімін, яғни 500 тонна ұнды облыс орталығына жөнелтіп үлгерді. Еліміздің солтүстік өңірлерінде ғана кездесетін мұндай өндірісті осылайша аралдық кәсіпкерлер де қолға алып отыр.

«RANNAR» ЖШС негізгі шикізатты Ақтөбе облысынан тасымалдайды. Кәсіпорын қазір тәулігіне 140 тонна бидай тартып, одан 105 тонна ұн мен 35 тонна жем алатын дәрежеге жеткен. Зауыт басшыларының айтуынша, облыс тұтынушыларымен айына 3 мың тонна ұн, 1500 тонна жем беру жөнінде келісімшарт та жасалды.

Кәсіпорын директоры Асхат Шүйіншәлиев жоғарғы сапалы ұн шығаратын зауыттың жұмысын ары қарай дамыту мақсатында болашақта диверсификацияланған агрокешен салу жобасының қолға алынатынын айтып отыр. «Егер бұл жоспар іске асып жатса, зауыттан шыққан ұн, макарон өнімдері Қызылорда облысын 100 пайыз қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өнімнің 60 пайызын экспорттауға мүмкіндік туады», - дейді кәсіпкер.

"Ұлт ақпарат"