08 сәу, 2020 сағат 19:07

Қызылорда облысында стационарда жатқан 4 адамнан коронавирус анықталды

Қызылорда облысында коронавирус індетіне шалдығудың жаңа оқиғалары бұған дейін науқас адаммен байланыста болғандардан анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сoronavirus2020.kz сайтында ұсынылған соңғы мәліметтер бойынша (8 сәуір сағат 21.15-тегі жағдай), Қазақстанда коронавируске шалдығудың жаңадан 9 оқиғасы тіркелді. Оның 4-еуі – Қызылорда облысында анықталған. 

Қызылорда өңірінде вирусты жұқтырғандардың үшеуі Шиелі ауданында, біреуі Арал ауданында тіркелді. Барлығы да коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылған. Олардан зертханалық сынамалар алынған. 

«ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы нақтыланды. Қазіргі таңда емделушілердің жағдайлары қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр», - делінген Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы ұсынған ақпаратта. 

Осы уақытта Қызылорда обылсында коронавирус індетіне шалдыққан 76 адам анықталды: 

Қызылорда қаласында – 9, 

Жаңақорған ауданында – 16, 

Қармақшыда – 4, 

Шиеліде – 38, 

Сырдария ауданында – 7, 

Арал ауданында – 2 адам.