13 қар, 2018 сағат 07:42

Қызылорда облысында рельстен шығып кеткен пойыздар қозғалысы реттелді

Қазалы станциясында № 481 «Ташкент-Самара» пойызы; Арал теңізі станциясында № 378 «Маңғышлақ-Алматы» пойызы; Сексеуіл станциясында № 618 «Қызылорда-Астана» пойызының қатынасы қайта орнатылды.

Естеріңізге салайық, 12 қараша сағат 23:40 шамасында Қызылорда облысы бойынша төтенше жағдай департаментінің кезекші қызметкерінен Қазалы-Арал бағытындағы Арал ауданына қарасты "Қамыстыбас-Шөміш" аумағының 2426 шақырымында ПК-7 П-1273 жүк пойызының рельстен шыққандығы туралы шұғыл хабар түскен болатын.

Айта кетейік, қазіргі таңда апаттың себебі анықталып жатыр. Адам шығыны жоқ.

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқарма басшысының орынбасары Ерлан Бәкіровтің айтуынша, рельсті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, оқиға салдарынан тоқтаған жолаушы пойыздар: Қазалы станциясында №481 «Ташкент-Самара» пойызы; Арал теңізі станциясында № 378 «Маңғышлақ-Алматы» пойызы; Сексеуіл станциясында №618 «Қызылорда-Астана» пойызының қатынасы қайта орнатылды.

«Жедел қабылданған шаралардың арқасында жолаушылар пойызының қатынасы тез арада қалпына келтірілді, аталмыш пойыздардағы жолаушыларға қажетті көмек көрсетілді. 2 тораптың 1-еуі тазартылып, екіншісі бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр»,- деп мәлімдеді Ерлан Бәкіров.

Түнде орын алған оқиғаға қатысты Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан келесідей шаралар қабылданды: рельсті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев оқиға орнында болып, тиісті жұмыстардың жүргізілуін қадағалады, Арал және Қазалы станцияларында тоқтаған жолаушы пойыздардың қатынасын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталмыш пойыздағы жолаушыларға қажетті көмек көрсетілді. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлер жұмылдырылды. Пойыз ішіндегі ауа райын сақтауға қажетті қатты отын қоры жасақталды. Дегенмен, өрт сөндіру техникасы мен жедел жәрдем көлігі арнайы кезекшілікке қойылды. Сонымен қатар, жақын маңдағы елдімекендердегі медициналық бекеттер қажет болған жағдайда адамдарды қабылдауға дайын тұрды.