04 қаң, 2017 сағат 19:18

Қызылорда облысында осы күнге дейін 217 азамат рақымшылыққа ілікті

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 2016 жылғы 13 желтоқсанда "Рақымшылық жасау туралы" №27-VІ заңы қабылданған болатын, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қызылорда облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған заң бойынша қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарды, ауырлығы орташа қылмыстар үшiн сотталған адамдарды, атап айтқанда кәмелетке толмағандарды, жүкті әйелдерді, кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдерді, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдарды, I, ІІ және IIІ топтардағы мүгедектерді, елу жастағы және ол жастан асқан әйелдерді, алпыс жастағы және ол жастан асқан ер адамдарды, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдарды, әскери және (немесе) интернационалдық борышын орындау кезiнде қаза тапқан әскери қызметшiлердiң жесiрлерін, сондай-ақ күйеулерi соғыс мүгедектерi және оларға теңестiрiлген адамдар болып табылатын әйелдерді қылмыстық жазадан босату көзделген.

Ал, террористік-экстремистік бағыттағы қылмыстар жасаған, азаптаулар жасаған, қайта қылмыс жасаған, қылмыстық топтар құрамында қылмыс жасаған және заңда көрсетілген басқа да санаттағы қылмыстар жасаған азаматтарға рақымшылық жасау қолданылмайды.

Осы заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінде жұмыс тобы құрылып, тоқтатылуға жататын қылмыстық істер мен теріс қылықтардың тізімдері жасақталды. Жалпы егемен еліміздің тарихында 10-шы рет қабылданып отырған амнистияға Қызылорда облысы бойынша 217 адам ілігіп, қылмыстық істер ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 3-тармағы негізінде өндірістен тоқтатылды.

Айта кетейік, аталған заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 6 ай ішінде жүзеге асырылады және осы уақыт аралығында ғана қолданыста болады.