08 сәу, 2020 сағат 11:23

Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған соңғы үш адам - бір ауылдың тұрғындары

Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы анықталған үш науқастың оны қайдан жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Науқастың үшеуі де Сырдария ауданының Амангелді ауылында тұрады. Барлығы да коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған. Соған байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынамалар алынған. Зерттеу қорытындысы диагнозды нақтылады.

«Қазіргі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталды. Барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, дезинфекциялық жұмыс жүргізілуде», - деп мәлім етті облыстық Тауарлар, қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары, аймақтың бас санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымова.

8 сәуірде осы сағаттағы жағдай бойынша Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 72 адам анықталды. Олардың 9-ы Қызылорда қаласында, 16-сы Жаңақорған ауданында тіркелсе, Қармақшыда - 4, Шиеліде - 35, Сырдарияда - 7, Аралда - 1 жағдай нақтыланды.