18 қаз, 2019 сағат 09:51

Қызмет көлігімен кафеге барған Жаңаөзен әкімі әдеп ережелерін бұзған жоқ - департамент

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің өкілдері Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың Әдеп кодексі нормаларын бұзбағанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

18 қыркүйекте Facebook әлеуметтік желісінде түнгі уақытта Ақтау қаласындағы «Tofu» кафесі маңында Маңғыстау облысы әкімдігінің іс басқармасы коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты мемлекеттік нөмері R106RK12 маркалы қызметтік көліктің жүргені және сол жерде Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың болғаны туралы жазба жарияланған еді.

Осыған орай, 20 қыркүйек күні Маңғыстау облысы әкімінің атына ұсыныс хат жолданып, орын алған кемшілікті болдырмау, сондай-ақ осы оқиға бойынша мән-жайды анықтау мақсатында қызметтік тергеп-тексеру жүргізіп, тиісті тұлғалардың жауапкершілігін қарау ұсынылды. Маңғыстау облысы әкімінің аппараты аталған ұсыныс хат негізінде мән-жайды хабарлады.

Атап айтқанда, мемлекеттік тіркеу нөмірі R106 RK12 «Toyota Land Cruiser» маркалы қызметтік автокөлік 17 қыркүйекте сенімхат бойынша Жаңаөзен қаласы әкімінің аппаратының өкілі С.Қасықбаевқа акті негізінде тапсырылған. Ал Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаров 17-18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында іссапарда болған.

Осы дерекке қатысты қала әкімі М. Ибағаров өз түсініктемесінде 18 қыркүйекте іс-сапардан келген кезінде әуежайдан аталған қызметтік көлік күтіп алғанын айтқан. Ол Жаңаөзен қаласына дейін жол ұзақ болғандықтан тамақ ішуге Ақтау қаласындағы шағын кафеге кірген. Сол жерде жол-патруль полиция қызметкерлері жұмыстан тыс уақытта жүруге болмайтынын түсіндіріп, көлікті айып тұрағына алып кеткен.

Бұл орайда қызметтік автокөлік Жаңаөзен қаласы әкімі аппаратының балансына өткендіктен сол мекеме жүргізушісінің атына жол парағы берілуі тиіс болатын. Алайда автокөлікті тиісті жол құжаттары мемлекеттік мекеменің атынан рәсімделмеген күйі әуежайға шығып кетіп, құжаттарының толық болмағандықтан айыппұл тұрағына жабылған.

Осыған орай, аппарат басшысының бұйрығына сәйкес, автокөлік құжаттарын толық рәсімдемегені үшін қызметші С.Қасықбаевқа ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылған.

Нәтижесінде Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаровтың тарапынан Әдеп кодексі нормаларын бұзу дерегі анықталмаған деген қорытынды шықты.

Еске сала кетейік, осыған дейін Жаңаөзен қаласы әкімінің қызмет көлігі айып тұрағына қойылғанын хабарлаған едік.