#
#
Сенбі 22/02/2020

Қыздархан Құрмашқызы: Отаршылдық мазмұндағы атаулардан арылар кез әлдеқашан жетті

  • 07.11.2017
  • 0
  • 4657

Қыздархан Құрмашқызы: Отаршылдық мазмұндағы атаулардан арылар кез әлдеқашан жетті

Ономастика - кейде келтелеу түсінетініміздей, жер-су атауларын зерттеумен айналысатын, аясы тар ғылым емес. Ол - қазақтың бітім-болмысына тән не болса, соны тұтастай қамтитын астары бар өте күрделі сала. Бүгінде отандық ономастика саясатына салмақпен қарап, жұмыстарын жүйелеу өзекті мәселе болып табылады. Сондықтан еліміздегі елеулі-елеусіз жер-су атаулары мен жарнама жайына қанық филология ғылымдарының докторы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ономастика бөлімінің меңгерушісі Қыздархан Құрмашқызын аз-кем әңгімеге тартқан едік.

- Ономастика саласын жүйелеу керек дегенді жиі естиміз. Сіздіңше, неден бастау керек? Нені біріздендіру маңызды? Жалпы, қазақ ономастикасы қай деңгейде?

- Қазақ ономастикасы қай деңгейде деген сұрақты екіге бөліп қарастыруға болады. Өйткені қазақ ономастикасы - тіл білімінің іргелі ғылыми саласы. Оның зерттелу деңгейі теориялық, қолданбалы мәселелерді қамтумен өлшенеді. Ал ономастика саласын жүйелеу керек дегенде қолданбалы-практикалық мәселелер туралы, яғни нақты іс-шаралар жөнінде сөз қозғап отырғаныңызды түсінуге болады. Республикамыздың ономастикалық кеңістігіндегі атауларға қатысты жұмыстарды реттестіру тұжырымдамасы қажет. 2005 жылы мұндай тұжырымдама болған, не себепті екенін білмеймін, оның күшін жойды. Жер-су, елді мекен атауларын, кісі аттарының, аты-жөндерінің жазылуын бірізге түсіру дегеніміз орфографиялық нормаға сай жазу, унификациялау. Мәселен, Ақ Бұлақ - Ақ-Бұлақ, Ақ бұлақ, Ақ-бұлақ, Ақбұлақ немесе Тәукехан даңғылы, Тәуке хан даңғылы, Тәуке Хан даңғылы және т.б. жазылу ңұсқаларының қайсысы дұрыс? Ономастика саласындағы ортографиялық, яғни орфографиялық, орфоэпиялық мәселелерді практикалық тұрғыдан шешу үшін, алдымен, әр жағдайда қалай таңбаланады дегенді анықтау үшін, ғылыми-теориялық принциптерін, негіздемесін айқындау қажет. Яғни қандай да бір практикалық мәселелерді айқындамас бұрын, ереже әзірлемес бұрын, алдымен, ғылыми зерттеу, сараптама жүргізу қажет.

Жалпы, ұлттық ономастиканың күн тәртібінде тұрған практикалық мәселелер әлі де жетерлік. Ал төл жазуымыз латын әліпбиіне көшкеннен кейін орфография, ортография мәселелері күрделене түспек. Мәселен, қазақ тіліндегі елді мекен, көше, мекеме, т.б. атаулары мен аты-жөнімізді латын графикасымен сауатты таңбалау қажеттігі туындайды, арнайы ереже әзірлеу қажет. Бұл бір делік. Ал, екінші кезекте, дүниежүзілік картадағы атаулар, атап айтсақ, өзге мемлекет атаулары, олардың астаналары, әуежайлары, географиялық атаулары қазақ тілінде қалай жазылмақ: Мажарстан, Алмания, Мысыр, Ханзада Чарльз аралы және т.б. Қандай атаулар транслитерацияланады, күрделі атаулардың қандай бөлігі қазақ тіліне аударылады, калькаланады немесе ағылшынша түпнұсқа күйінде қалай беріледі деген сынды ғылыми мәселелер туындайды. Бұлардың барлығын ономастикада экзонимдер дейді, ал мекеме, компания, фирма, дүкен, жалпы нысан атауларын эргонимдер дейді. Сондай-ақ кісі аттары, аты-жөнімізді реттестіруге қатысты шешімі табылмаған мәселелер де көп. Ономастиканың саласы тек жер-су, көше, кісі аттарымен ғана шектелмейді ғой. Нарықтық экономикаға байланысты көптеген жаңа салалар пайда болуда, мысалы, әлемдік брендтер, ұстайтын телефонымыздан бастап (Samsung), мінетін көлігімізді (Toyota) айтпағанда, қыруар тауарлық атаулар. Дүкен сөрелеріндегі күнделікті тұтынатын шетелдік тауар аттарынан көз талады. Бұған көпшілігіміз мән де бермейміз, етіміз бен құлағымыз үйреніп кеткен. Иә, жаһандануға ілескен абзал, бірақ, ұлт болмысы оның көлеңкесінде қалмауы тиіс. Айта берсек, отандық ономастика саласында жүйелейтін, реттестіретін, зерттейтін мәселелер жетіп артылады.

- Сөзіңіздің жаны бар, бүгінде космополиттік атаулар артып барады. Бұған құзырлы органдардан қадағалау не тыйым жоқ па? Жалпы, жеке кәсіпкер иелігіндегі қандай нысан болмасын, оның атауына мемлекеттік мекемеден рұқсат алмай ма?

- Әлемдік ақпараттық кеңістікте жаһандану үдерісі етек алуы ұлттық топонимикаға, жалпы қаланың тілдік ландшафтына оң және кері әсер ететіндігі ақиқат. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, оның жағымсыз жағы - ол ұлттық тілге, болмысқа төнген қауіп. Сырттан еніп жатқан көптеген шетелдік, брендтік атаулардан өзге өз ішімізден шыққан түрлі мега, сити, плаза, молл-дарымыз күн озған сайын артып келеді, қалаларымызда өз өрнегін құрып, орнын сайлап та үлгерді. Тіптен банктеріміздің аты да алдымен ағылшынша жазылады.

Қазіргі Қазақстанның ономастикалық кеңістігіндегі жаһанданудың белгілері кейбір ономастикалық топтағы атауларымыздың американдану, вестерндену үрдісі арқылы айқын байқалады. Мемлекеттік тілде қойылған атаулар, түрлі мекеме маңдайшаларындағы атаулар, визуалды сырт жарнама құралдары санада мықтап орнығады. Бұл коммерциялық нысандардың иелері мемлекеттік тіркеуден өтеді, сонда атты өз еріктерімен таңдайды, айдар тағады. Қой дейтін қожа жоқ, құқығын ешкім шектей алмайды. Солай екен деп жүре берсек, қаланың тілдік ортасын қалыптастыратын ағылшын тілді дүкен, спа-салондардың саны артпаса кемімейтін көрінеді. Сонда ұлттық құндылықтарымыз, жас ұрпақты тәрбиелеудегі игі мұраттарымыз қайда қалады? Космополиттік мазмұндағы тілдік ортада жүрген жеткіншек нені санасына сіңіріп, бағалайды? Онсыз да ғаламторда отыратын жастардың санасы вестернденіп, батыстық антиқұндылықтармен уланып келеді. Жастардың, жалпы қала тұрғындардың санасында ағылшын тілді атауы бар қонақ үй, отельдер, тұрғын үй кешені немесе сауда орталығы болсын, жоғары еуропалық сапаның, элиталықтың, ауқатты өмірдің көрсеткіші сияқты қабылданады. Бұл ақиқат. Сондықтан ұлттық сананы, ұлттық идеяны қалыптастыру үшін атаулардың дені мемлекеттік тілде, ұлттық үрдісте қалыптастыруды қазірден қолға алу керек. Расында, бұл атаулардың ең болмағанда санын азайтуға болмас па екен? Айтпағымыз, еліміздің екі мегаполисінің ономастикалық кеңістігін, тілдік ортасының мазмұнын, атаулар репертуарын ұлттандыруға ұмтылу керек.

Жарымжан жарнама мен отандық қазақ тіліндегі өнімдердің санаулы екендігі қазақ баспасөзінде жылдар бойы көтеріліп келеді. Алайда тауарлық өнімдерді қазақыландыру ісі жүйелі жолға қойылмай, төл тілімізде әлі күнге сөйлете алмай келеміз. Әрине, коммерциялық нысанға, фирмаға, тауарлық өнімге ат беру әр кәсіпкердің өз құзырында, бірақ патенттік тіркеу барысында атаулар тізімін ұсыну артық болмас еді деп ойлаймын. Ал бұл іс өз кезегінде заң орындары мен Тіл комитетінің белсенді жұмыс жасауын қажет етеді. Бұл мәселе баспасөз беттерінде, ғылыми-практикалық басқосуларда ара-тұра сөз болғанымен, қолға алынбағандығын ашық айту керек.

- Астанаға келгенде байқап жүрген боларсыз, бір көше бір көшемен жалғасып кетеді. Тұрғындардың да, қала қонақтарының да жаңылысып жүргені. Көше атауларының жалғасып кетуі, бір есімнің бірнеше көшеге берілуі қаншалықты дұрыс?

- Қай жағынан алса да, әрине, бұл дұрыс емес. Топонимдік атаудың, көше атауларының бірнеше қызметтері бар, соның ішіндегі ең маңыздысы - мекенжайлық, бағыт-бағдарлық қызметі. Ал бұл қызметі сақталмаған жағдайда, тұрғылықты халықты пошта, жедел жәрдем, төтенше және өзге де әлеуметтік қызметтермен қамту қиындай түседі. Астана мен Алматы аумақтары жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Жаңадан қосылған елді мекендердегі көше атаулары қайталанып жатыр. Ал мұны реттестіру жергілікті Тілдер департаменттерінің құзырында.

- Ономастика саласында рушылдық пен жершілдік қатты байқалады. Бұл біздегі заңның солқылдақтығы мен мемлекеттік тұжырымдаманың жоқтығын көрсететін секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

- Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда науқаншылдық сипатта өткен қисапсыз орынды-орынсыз өзгертулер орын алғандығы белгілі. Ономастикадағы бұл науқан уақыт өте келе саябырсып, сабасына түсті деуге болады. Ол жылдары республикадағы ономастикалық іс-шараларды реттестіретін заңнамалық құжат болмағандықтан жергілікті билік бұл салада өз білгенінше іс-әрекет жасады, сөйтіп халық арасында сыни көзқарастағы «көкемнің атын көшеге, атамның атын ауылға» деген ауызекі тіркес те пайда болды.

Кезінде, Алматы облысы бөлінбей тұрғанда, ономастикалық комиссия қарауына бір ауылды Қожбамбет руының атымен атау туралы ұсыныс түсті. Ол ауылда бір атаның ұрпағы шоғырланған екен. Комиссия мүшелері бұл әрекеттің оғаш екенін түсініп, өзгертуге қарсылық білдіріп, мақұлдамай тастады. Себебі бұл үдеріс бой алса, өзге атаның ұрпақтары да бас көтерер еді. Сондықтан ономастикаға қатысты заңнамаларда ру аттарын қоюға болмайтындығы жөнінде бап енгізілді. Есесіне күні бүгінге дейін жергілікті қалталы азаматтар тарапынан өз әкелерінің, атымен ауыл, көше атау туралы өтініштер қарша борап, бәсекеге түсті деуге болады. «Менің атамның атындағы көшенің ұзындығы пәленшенің әкесінің, атасының атындағы көшеден пәлен метр неге қысқа?»- деген оқиғалар орын ала бастады. Өкінішке орай, бұл жайт әлі күнге жалғасуда. Жалпы қазақ топонимиясында кісі есімімен атау үрдісі жиі орын алады, мұны орыс тілінде «чрезмерная персонификация» дейді. Ұлттық ерекшелігіміз бе, әлде КССРО-дан қалған мұра ма, өйткені бұл ТМД-дағы мемлекеттерге ортақ құбылыс. Мұның тарихи түсіндірмесі ретінде, ертеректе ата-бабаларымыздың жаз жайлауының, ата-бабасының сүйегі жатқан атажұртының аттары ру басы немесе жер иесінің атымен аталып отырғандығын келтіруге болады. Сондықтан, әрине, Қазақстан ономастикалық кеңістігіндегі іс-шараларды реттестіретін жаңа тұжырымдама қажет. Бұрынғы тұжырымдама күшін жойған. Өзге ТМД мемлекттерінде ономастикаға қатысты бірнеше заң түрлері бар. Біз әлі күнге дейін осы ономастикалық кеңістігіміздегі кемшілік пен келеңсіздікті ескеріп, реттестіретін ортақ бір не заң, не тұжырымдама қабылдамай отырмыз. Атқарушы органдардағы тіл төңірегінде қызмет етіп жүрген жауапты мамандар мен ғалымдар бірлесе отырып, жоғары жаққа ұсыныс жасау керек. Ал заңдар мен тұжырымдамалардың жобасын тілші ғалымдар мен заңгерлер бірлесе қолға алу керек.

- Қазіргі уақытта қай аймақта атауларды қазақыландыру жұмыстары қарқынды жүріп отыр?

- Еліміздің оңтүстік, батыс өңірлерінде атауларды қазақыландыру жұмыстары егемендік алған жылдардан бері қарқынды жүріп келді, әлі де жалғасуда. Өкінішке орай өзге этнос өкілдері жиі шоғырланған, әсіресе, солтүстік аймақтарда бұл жұмыстарды жүргізу кедергілерге, түсінбеушіліктерге кезігіп отырады. Петропавлды өзгертуге қатысты әлеуметтік желідегі қарсылық білдіріп жазылған кейбір пікірлерден шошисыз. Сондықтан бұл аймақтардағы ономастикалық іс-шараларға жауапты мамандардың жұмысы ауыр, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін біраз уақыт кетері анық. Бірақ алған беттен қайтпау керек, мемлекетіміздің тілдік, ономастикалық саясатын, түптеп келгенде, ұлттық мүддені қорғау қажет. Алайда еліміздің ішкі тілдік, саяси-әлеуметтік жағдайы ерекше аймақтарда ономастикалық саясатты күштеп жүргізіп, асығыстық жасауға тағы болмайды. Елбасымыз да үнемі осы жағын ескертіп, қырағылық танытып отырады.

- Жиырма бес жылдан бері Павлодар мен Петропавл атауларын алмастыру мәселесі шешілмей келеді. Кедергі көптің пікірі ме, әлде құлық не құзыр жоқ па?

- Тәуелсіздік алған бастапқы «аласапырандау», оң мен солымызды аса түсіне бермейтін кезеңде осы екі атауды ауыстырып жіберу керек еді. Ал ендігі жерде әлемдегі геосаяси жағдай, «орыс әлемі» деген бар, оның үстіне демографиялық мәселе солтүстік аймақта өз теңгеріміне жете қойған жоқ. Елбасы да, билік басындағы ұлтжанды азаматтар да бұл жайтты білмей отырған жоқ. Сыртқы, ішкі жағдаятты ескермесе болмайды. Бұл мәселенің кезегі келер, әзірге белден басып, ушықтырмаған абзал. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлт мүддесін көздеген, рухани жаңғырудың алғышарттарын айқындаған, ең бастысы дер кезінде, өз уақытында жарияланған құнды бейресмиқұжат болды. Сол сияқты Павлодар мен Петропавл атауларын өзгертетін күнге де жетерміз.

- Ономастика саласының ақсап тұрған бір тұсы - маңдайша, аншлагтар жазу мәселесі. Естіген боларсыз, ОҚО Сайрам ауданының 90 пайызын өзбек ұлтының өкілдері құрайды. Сондықтан онда мектептерде маңдайша жазу үлкен мәселе. Тұрғылықты халық маңдайшаны қазақ және өзбек тілінде жазуды қалайды. Ал жергілікті билік заңға қайшы келетіндігін айтып, тартысумен келеді. Бұл мәселені қалай шешкен оңтайлы?

- Тілдік-мәдени, саяси-әлеуметтік кеңістікте орын алып отырған көптеген құбылыстарды салыстыру арқылы түсіндіруге, көз жеткізуге болады. Алдымен қазақ диаспорасы мен ирредентасы қоныстанған өзге мемлекеттердегі қандастарымыздың жағдайы қандай, орталық, жергілікті билік қазақтардың өз тілінде маңдайшаларды жазуға, көше аттарын беруге қалай қарайды екен деген сауал туындайды. Қытайда, Өзбекстанда қазақ қалың қоныстанған аймақтарда маңдайшаларды өз еркімен қазақ тілінде жазуға рұқсат бере мен екен? Мен олай ойламаймын. Қазақстандағы өзбектер төлқұжаттарында ұлты өзбек деп жазылып, аты-жөндері өзбекше кейпін сақтаған: Құттымұрат емес, Кутлумурат деп өзбек тілінің заңдылығына сай рәсімдейді. Осыған қатысты бір жайтты айта кетейін. Өзбекстаннан Атырауға көшіп келген қазақ жігіті жаңа туған ұлының тегін өз әкесі Құттымұраттың атына жаздырайын десе, біздің құжаттаушы орындар рұқсат бермеген. Ол азамат амалы таусылып, сотқа жүгінген, сотта жеңіліп, Тіл білімі институтына, Тіл комитетіне шағымданып, әуре-сарсаңға түскен, әзер дегенде қазақша жаздыруға қол жеткізген.

Біз ұлттар ауызбірлігін сақтайық, кең болайық деп толеранттылықтың үлгісін көрсетеміз. Ау, толеранттылықтың да шегі бар емес пе!? Қойған сұраққа қатысты айтарым, бұл мәселеде босмойындық танытпау керек. Мемлекеттік тіл заңы бар екен, оны бұлжытпай орындау керек. Уәж айтар болса, Өзбекстандағы қазақтардың жағдайын көрсін, білсін, таразыласын.

- Заңға сүйенсек, кісі есімі қайтыс болғанан кейін 5 жылдан соң ғана берілуі тиіс. Біз бұл тармақты әркез-ақ бұзып жүрміз. Және көше атауын бермес бұрын, халықтың пікірін тыңдап, келісімін алу керек де делінген. Ал мұны орындайтын болсақ, өзге ұлт өкілдері жиі шоғырланған өңірлердегі атауларды қарқынды қазақыландыру мүмкін емес. Біздің Тіл туралы заңға өзгерістер мен толықтыру енгізу керек деп ойламайсыз ба?

- Кейбір елдерде бұл мерзім 10 жылға дейін ұзартылған. Заң бола тұрып, саңлау тауып, бұзатын жағдайлар бар. Кісі қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай көшеге атын беру кездесіп қалатыны рас. Алайда еңбегі елге сіңген, жұрт сыйлайтын азаматтың атын қою көпшіліктің қалауымен болып жатады. Ерекше жағдайда бұл заңды өрескел түрде бұзу болмас. Алайда заңның аты заң, заңның алдында барлығы бірдей, өмірде бар, тірі адамның атын беру үрдіске айналмау керек.

Рас, ономастикалық заңнамада ат өзгертуде жергілікті тұрғындардың пікірін ескеру керек деген бап бар. Аздап, әттеген-айы бар. Еліміздің солтүстік аймағында өзге ұлттар қалың қоныстанғанын ескерсек, қарама-қарсы, кереғар пікірлер де көп болатындығы белгілі. Кезінде Ленинград қаласына өзінің бұрынғы Санкт-Петербург атауын қайтаруға ленинградтықтардың 48 пайызы наразылық білдірген екен. Ленинград атауыблокадашылар үшін ащы тарихтың беттерін, көрген қиыншылықтарын, біріне бірі болысқандықтың, бауырмалдықтың символы ретінде ыстық болатын. Алайда сол кездегі қала мэрі А.Собчак өзінің саяси күш-еркімен қаланың тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылдаған. Бұл бапты алып тасталық делік, сонда көпшіліктің пікірі ескерілмеді деп, жергілікті билік дауға қалары хақ. Ал осы бапты ескеріп, таяу күндері еліміздің бір аймағында екі көшенің атын өзгертпек болып, әкімдік жиналыс өткізген. Көше тұрғындары өре түрегеліп, қарсы болған, дені үлкен жастағы кісілер. Сондағы қимай отырған атаулары, нақты есімде жоқ, Буревестник, Водозаборная тектес, мағынаға аса бай емес, арпалысатындай атау да емес. Бұған не деуге болады. Немесе Алматы облысының Ақши ауылын мораторий кезінде ауыстырамыз деп, жергілікті тұрғындар қара терге түскен. Ақши ауылының біраз тұрғыны Дәулетбай бидің атын береміз десе, тұрғындардың екінші жартысы, «жоқ ол Семей өңірінің тумасы, ауыл әкімінің руласы, қарсымыз»,- дейді. Сондықтан, мұндай жағдайларда А.Собчактың әдісін қолдану қажет шығар. Кезінде жаңа Конституцияда Алма-Ата атауын ешбір референдумсыз Елбасы Алматы деп екі тілде бірдей бекітіп берді. Ешбір дау-дамайсыз, заңды түрде, тамаша шешілген мәселе болды.

Ұлттық санамызды модернизациялаймыз, жаңа мазмұндағы, алдыңғы қатарлы егемен мемлекет құрамыз десек, ескі идеологияның сарқыншағына айналған тоталитарлық, отаршылдық мазмұндағы атаулардан арылар кез әлдеқашан жетті.

Президент «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған мақаласында туған жерге, киелі жерлерге қатысты ұлттық рухты аспандатар біраз шаралардың орындалу керектігін айтты. Күшімізді ономастика төңірегіндегі дау-дамайларға жұмсамай, тәуелсіздігіміздің іргетасын нығайтатын, ұлттық рухымызды арттыратын ономастика саласындағы ізденістер мен нақты іске жұмсағанымыз абзал.

-Сұхбатыңызға рахмет.

 

Сұхбаттасқан Жазира ӘШІРБЕК

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар